Түркістан облысында жыл басынан бері 132 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған
Түркістан облысында 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында негізгі капиталға 132 миллиард 265 миллион теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 31%-ға артық. Өңірдегі инвестиция тартудағы алдыңғы қатардағы көшті өнеркәсіп саласы бастап тұр. Бұл жайында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжанов брифингте мәлімдеді.
«Биыл 1 сәуір күнгі дерекке сәйкес, Түркістан облысының халық саны 2 145 213 адамға жетіп отыр. 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында 13 197 бала туылып, республика көлемінде көш бастады. Сонымен қатар, аталған кезеңде 2 946 неке тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 6,9%-ға арқан. Сондай-ақ, жыл басынан бері облысқа өзге өңірлерден 11 214 адам қоныс аударса, басқа өңірлерге көшкендер саны 17 011 азаматқа жеткен»- деді Нұрқожа Ермекұлы.
Сонымен қатар, спикер Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік статистика туралы» Заңының «Әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау» және «Респонденттерге қатысты мемлекеттік статистика саласындағы мемлекеттік бақылау» баптарына өзгерістер енгізілгенін жеткізді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі