ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тимур Қырықбаев Мақтаарал ауданына іссапармен келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен танысты.
Ең алдымен депутат аудандық партия филиалының ғимаратында азаматтардың арыз-өтініштері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға келген аудан тұрғындары тарапынан Атакент кентіндегі стадион мен саябақты реконструкциялау, рұқсатсыз сатылып жатқан психотроптық дәрілерге тоқтам қою, жұмысқа орналасу, аудан аумағынан әуежай салу, ПУИД-2 бағдарламасы аясында салынған каналдардың сапасыз жұмыстары, дренаждарды іске қосу, Мырзакент мақта өңдеу зауытынан шығатын шаң, «Ауыл аманаты» жобасы аясында беріліп жатқан
2,5%-дық несие, учаскелік жер телімдерін беру, медициналық нысандар салу, әлеуметтік сала, ауыз су, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту, техникалық қызметкерлердің еңбек ақысын көтеру және «Асыл» бағдарламасын Мақтаарал ауданына енгізіп беру бойынша мәселелер көтеріліп, сұрақтар қойылды. Депутат әрбір сұрақ пен мәселені мұқият тыңдап, қанағаттанарлық жауаптар берді.
Айта кетейік, депутат аудандағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылысын да арнайы барып көрді. Аудан әкімі Бақыт Асанов аудандағы өзекті мәселелер туралы сөз қозғап, кейбір шешімін таппаған мәселелерді үкіметтік деңгейде көтеруін сұрады.
* * *
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Созақ ауданына іссапармен келді. Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарын таныстырды. Алдымен «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан Ы.Алтынсарин атындағы 900 орынға арналған мектепте болып, жұмыс барысын бақылады. Кейіннен жеке инвесторлар арқылы іске асып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады.
Депутат Созақ ауылына арнайы барып тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдауға келген тұрғындар Шу өзені суы арнасының тартылу салдары шаруаларға қолайсыздық туғызғанын, ескірген каналдардың жөндеуді қажет ететіндігін айтып, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, қабылдауда Созақ ауылындағы №1 колледжге жатақхана салу мәселесі көтерілді. Ұласбек Сәдібеков көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтты.
* * *
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев жұмыс сапарымен Арыс қаласына келді.
Шаhар басшысы Гүлжан Құрманбековамен бірге әкімдік ғимаратында Арыс қаласы аумағындағы өзекті мәселелер бойынша жергілікті атқарушы орган және тиісті сала басшыларымен, ауылдық округ әкімдерімен кездесті. Кездесуде мәжіліс қабырғасында биыл атқарған жұмыстарды баяндап, жоғарғы заң шығарушы органның жұмыс қорытындыларын атап өтті. Депутат Арыс қаласында «Таза Қазақстан» акциясының аясында атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, өзекті мәселелерді талқылады.
Қала әкімі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енбей қалған ауылдар мен қала орталығын енгізу, ағын су каналдарын күрделі жөндеуге, электр желілерін жаңғыртуға қаржы бөлу секілді мәселелерге ықпал етуді сұрады. Өз кезегінде мәжілісмен әр мәселені назарда ұстап, тиісті органдарға депуттатық сауал жолдайтынын жеткізді.