Алтын тінді үзіп алмай жалғастырып келеді

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times

Алтын тінді үзіп алмай жалғастырып келеді

Қазақ қара санамайды. Ырымға жаман дейді. Атам замандарда деп алысқа бармай-ақ қоялық, осыдан ширек ғасыр бұрын отбасында он бала болмаса «Е, кедей екен ғой...» дейтін. Малға кедейлігін емес, жанға кенде екендігін тұспалдайтын. Сондықтан болар, «Бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады» дегенді өмірлік қағида еткен бұрынғының адамдары бала санын шектеуді емес, Құдайдың бергеніне қиянат қылмауға көбірек мән беретін. Бүгінде заман өзгерді. Адам да...Соған орай пейіл де. Төрт баласы барларға тағы аң көргендей таңырқай қарайтын болдық. Шындығы осы. Амалдың жоқтығы ғой, төрт баласы барларды көпбалалылар қатарына қосатынды шығардық. Тағы да сол бұрынырақта «Батыр Аналарымыз» көп болатын. Кеудесіне алтын медалін жарқырата таққан сол алтын құрсақты аналар ерекше көзге түсетін-ді. Әрі оларға деген көпшіліктің ілтипаты да ерек болушы еді. Бүгінде олар да таздың шашындай тым азайып барады. Қазақтың қарасын көбейтуге өлшеусіз үлесін қосқан алтын аналардың ұлы көші солармен бірге ұзап бара жатқандай көрінеді кейде...

Еліміздегі әрбір төртінші баланың Шымкентте дүниеге келетінін ескерсек, «Батыр аналардың» бүгінгі ұрпақтары алтын тінді үзіп алмай жалғастырып жатқанына шүкіршілік айтасың. Күнгейдей бай аймақ батыр аналарымен де мақтана алады. Бүгінде Шымкентте  9 пайызын көп балалы аналар құрайды. Олардың ішінде 70 267 әйел 4 және одан да көп кәмелетке толмаған бала тәрбиелеуде. 1 635 ана «Ана Даңқы» медалімен және «Күміс Алқамен» , 9561 әйел «Батыр Аналар» және «Алтын Алқамен» наградталғандар. Бала санын арттыру бүгінде басты назарда тұр. Ол үшін оң бағыттар да қолға алынуда. «Алайда өзі үшін емес, өкімет үшін туатындай тым асқақтай берген де дұрыс емес қой. Әр бала өз несібесімен туылады. Бүгінгінің ерке келіндері осыны еске ұстаса игі»» деп санайды он баланың анасы Мырзакүл Қадырғалиева.

Нұрбақыт Аймағамбет