Адамды қоршаған табиғи ортаның жағдайы – қазіргі әлемнің өзекті мәселелерінің бірі. Біз айналамыздағы барлық нәрсеге жауаптымыз. Әсіресе, төңіректі таза ұстау, қоқыстан тазарту, қағаз немесе пластикалық ыдыстарды қоқыс
жәшігінің сыртына тастамауды үйрену өзіміз үшін пайдалы.
Ай сайын Кентауда шамамен 20 тонна пластикалық бөтелке қоқысқа шығарылады екен. Егер пластикалық бөтелкенің ыдырауы 200 жылға созылатынын ескерсек, шаһар айналасы демде алып полигонға айналып шыға келетінін көз алдыңызға елестете беріңіз. Мұның алдын алу үшін қандай да бір амал-әрекеттер жасалуы тиіс еді. Осыған орай 2014 жылы Кентау қаласындағы индустриалды аймақта өндірістік кәсіпорынның құрылысы басталды. Сөйтіп, 2016 жылы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай пластикалық қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа кәсіпорын іске қосылды. Кәсіпкер Санжар Сүлейманов басқаратын «Статус Эверест» ЖШС-нің сметалық жобасы 100 млн. теңгені құрады. Санжар Тельманұлы Кентау қаласының тумасы.
Аталған зауыт пластикалық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату үшін екінші реттік шикізаттық өнім дайындайды. Сағатына 300-500 келі көлемінде пластикалық қатты қалдықтарды өңдеуге қауқарлы зауытта 1 айда 80-100 тонна қалдықтарды өңдеу жоспарланды. Дайын шикізатты Қазақстан мен Ресей Федерациясының Челябі, Екатеринбор, Мәскеу, Самара қалаларына экспорттау көзделді.
«Біз ПЭТ бөтелкелеріне арналған контейнерлерді қоқыс тастайтын орындарға, кәдімгі қоқыс жәшіктерінің жанына, саябақтарға, алаңдарға, аллеяларға және қаланың басқа да адам көп жиналатын жерлеріне орналастырдық. Сондай- ақ, оларды қабылдау пункттерінің желісін аштық, онда қалдықтар топтар бойынша сұрыпталады. Одан кейін шикізат айналмалы машинаға, яғни ұсатқышқа жіберіледі. Сүзу әдісімен бу қазандығындағы бөгде қоқыстар шығарылады. Пластмасса жуылып, кептіріледі» дейді кәсіп-орын директорының міндетін уақытша атқарушы Ұлықжан Сатымбеков.
Қазіргі таңда аталған кәсіпорында 22 адам жұмыс істейді.
Айта кету керек, жыл сайын 15 қарашада бірқатар елдерде Дүниежүзілік қайта өңдеу күні атап өтіледі екен. Әлемдегі қайта өңделген пластикалық ыдыстардың едәуір бөлігі тоқыма өнеркәсібінде қолданылатын болып шықты. Мәселен, бір жейдеге шамамен
14 жарты литрлік, ал, жылы тоқыма жемпірге 63, ұйықтайтын қап үшін 85, орташа кілем жасау үшін 1200 пластикалық ыдыс жұмсалады.
Б.ДӘРІҚОЖА.