Мемлекет басшысының инвестициялық жобаларды сүйемелдеу туралы тапсырмасын орындау мақсатында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Қытай Халық Республикасынан келген инвестициялық жоба жетекшілерімен кездесті.
Кездесу барысында қытайлық инвесторлар аудан аумағынан зауыт ашуға ниетті екендіктерін жеткізді. Аудан басшысы инвесторларға көкөніс сақтау қоймасын салу, жүн-тері өңдейтін, қатты тұрмыстық заттарды қайта өңдеу зауытын салу бойынша ұсыныстар жасады. Сондай-ақ, біздің аймақ Түркіменстан, Тәжік-стан, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, тіпті, Африка елдерімен байланыстыратын үлкен дәліз екенін тілге тиек етті.
– Аудан экономикасын дамыту үшін инвестиция тартудың маңызы зор. Себебі, инвестиция – ел экономикасының темірқазығы, еліміздің жаhандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттырудың кілті. Бұл кездесудің басты мақсаты инвестициялық жобаларды іске асыру, жұмыс барысында туындайтын проблемаларды, сондай-ақ, ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту үшін қажетті шараларды талқылау, – деді аудан әкімі.
Расында, инвесторлар тартылып, жаңа нысандар көптеп ашылса аудан бюджетіне қомақты қаржы түседі. Сонымен қатар, жаңа ашылған нысандарда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, аймақта жұмыссыздар саны азаяды.
Келес ауданы.