Созақ ауданында шағын және орта бизнесті дамытуға тұрақты қолдау көрсетіліп, соның нәтижесінде кәсіпкерлік нысандардың саны күн санап көбейе түсуде. Жыл басынан бері жаңа 75 кәсіпкерлік субъектісі ашылып, олардың жалпы саны 4 593-ке жетті. Ауданда 6853 адам шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп жүр.
Өткен аптада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылындағы жұмысын жаңадан бастаған жиһаз шығаратын цехтың тыныс-тіршілігімен танысты.
Бұл жобаны жеке кәсіпкер Жәдігер Әлібеков аудан басшысымен бірге Қытай Халық Республикасына барған сапарында үйреніп қайтқан болатын. Нәтижесінде аспан асты елінен жұмысқа қажетті станоктардың бірнеше түрін алдырып, өз кәсібін бастады. Цехта жергілікті 5 азамат жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта кәсіпкер жұмысшылар санын көбейтпек ойда.
Сонымен қатар аудан басшысы «Елжан» тігін цехына да ат басын бұрды. Созақ ауылының тұрғыны Жәмила Айдарбекқызы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5%-дық несиемен 5 млн. 200 мың теңге несие алған. Нәтижесінде заманауи үлгідегі тігін құралдарын алып, бүгінде 2 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер қазіргідей той-томалақтың науқанында көрпе-жастыққа деген сұраныс артқандықтан, қосымша жұмысшылар санын 10-ға дейін жеткізуді көздеп отыр.
Мұхит Сексенбайұлы кәсіпкерлермен ашық әңгімелесіп, бизнеске кедергі келтіретін факторларды талқылады. Басқосу барысында көтерілген кейбір мәселелер бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.