Бүгінде құрылыс саласына қатысты қым-қиғаш әңгіме көп. Сол әңгімелерде негізінен саладағы сапасыз істер сынға алынып жатады. Жұмыс болған соң кемшілік те қатар жүретініне түсіністікпен қарағың келсе де кейінгі кезде бітпей жатып тоқтап қалатын құрылыс нысандарының саны адам жаңылысатындай жағдайға жетті. Және бір байқағанымыз, тұрғын үй кешені құлап қалған кезде ғана дабыл қағылады, ал, мектеп, балабақша, аурухана сияқты әлеуметтік нысандардағы келеңсіздіктер көп айтыла
бермейді.
Жасыратыны жоқ, мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыстарда сапасыздық жиі көрініс береді. Сапасы сын көтермейтін жаңа нысандарды еліміздің кез келген аймағынан кездестіруге болады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде бір жылдың өзінде 371 мердігер компания құрылыс нормативтерін бұзғаны үшін жауапқа тартылған екен. Оларға қатысты 256 әкімшілік іс қозғалып, 361 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салынған. Негізі, құрылыс компаниясы ережені екінші рет бұзса, сот шешімі бойынша лицензиясынан айырылуы керек. Бірақ, бір қызық жері, нормативті бұзғандардың саны жарты миллионға жетеғабыл болғанымен, лицензиясынан айырылғандары саусақпен санарлықтай – бар болғаны бесеу-ақ. Бұл, сайып келгенде, бізде құрылыс саласындағы олқылықтар үшін жауапты тұлғаларды жауапқа тартатын заң болғанымен, оның қауқарының тым әлсіз екенін білдіреді. Орын алған заң бұзушылықтарды бақылаушы органдардың жұмысында да салғырттық байқалады.
Сапасыз істердің салдарын қоя тұрып, себебіне үңіліп көрейік. Негізінен құрылыс саласындағы сапасыздықтың орын алуына бірден-бір себеп тендердегі жемқорлық болып отырғаны биік мінберден талай рет айтылған. Бір өкініштісі, жасаған қылмысы үшін жаза арқалайтындардан гөрі тамыр-танысы, ақшасы арқылы мәселені өз пайдасына шешетіндердің салмағы басым болып тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, тендердегі жемқорлықтың шет-шегі көрінбейді. Тапсырыс беруші билік өкілдері көбіне өздері танитын, ақшасы көп мердігердің тендерді ұтып алуы үшін жағдай жасайды. Яғни тендерді «бөтендердің» жеңіп алуы мүмкін емес. Осылай құрылыс жұмыстары басталмай жатып-ақ жемқорлық басталады. Заңсыз әрекетке өздері қатысқан соң тапсырыс берушілер жұмыстың сапасыздығына қарамастан қабылдау актісіне қол қойып жібере салады. Комиссия да көбіне «бармақ басты, көз қысты» әрекеттің жетегінде кетеді. Жергілікті атқамінерлермен келісіп тендерді ұтып алған мердігер шығарған шығынын өтеп қана қоймай, табыс табуды да көздейтіні заңдылық. Сол себепті ақша үнемдеу үшін құрылысқа арзан әрі сапасыз материалдар пайдаланылады. Бөлінген қаржыны талан-таражға салған компания басшылары шетелден арзан құрылыс материалдарын жеткізеді. Бетін жылтыратып қойғанымен, сапасы нашар материалдармен тұрғызылған ғимараттың көп ұзамай-ақ апатты жағдайға ұшырайтыны содан. Құрылыс саласында нысанның негізгі тұғыры – арматура екенін ескерсек, оның қай жерден, қалай тасымалданып жатқаны да белгілі. Темір-терсек өзімізде өндіріледі дегеніміз болмаса, олар да шетелдік компаниялардың қолында. Яғни Қытайдың технологиясы бойынша шығарылады. Оның өзі қымбат. Ал, сырттан тасымалданатын арматураның сапасы көбіне сын көтермейді. Алайда, бұған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Компаниялар бағасы арзан арматураларды пайдаланып, құрылыс жұмыстарын аяқтаса болғаны. Осылайша елімізде тірегі әлсіз жүздеген ғимарат салынып жатыр. Содан қолданысқа берілген жаңа нысанның көп уақыт өтпей жатып-ақ қабырғасы қақырап, төбесі опырылып жатады.
Пайдалануға берілгеніне жыл толмай жатып жер жастанған жаңа нысандардың бұл жағдайы еліміздегі шенді-шекпенді шенеуніктерді де алаңдата бастады. Сапасыз құрылыстардың себебін тереңірек зерттей бастаған мамандар бұл олқылықтың бір ұшын елімізде бәсекелес компаниялардың аздығына апарып тірейді. Белгілі бір деңгейде бұл пікірмен келісуге де болады. Шынында да біздегі үлкен объектілерді көбіне шетелдік компаниялар салады. Олармен бәсекелес болуға тиіс біздегі компаниялар бір-екі жылдан кейін жемқорлыққа шырмалып, басынан дау кетпей жатады. Осылайша бәсекеге қабілетті компания өспей жатып, көктей солады. Бұл үшін бақылауды күшейту керек.
Бүгінде еліміздегі құрылыс қарқыны сырт көзге жақсы жүріп жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде олай емес. Рас, жылына қанша мың шаршы метр тұрғын үй салынып жатқанын жоққа шығаруға болмас, дегенмен, Кеңес Одағы кезіндегі құрылысы қарқын алған өткен ғасырдың 80-жылдарымен салыстырғанда едәуір төмен. Ол кезде елімізде ондаған ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейтін. Аталған ғылыми-зерттеу институттары құрылысқа қажетті материалдарды анықтап, оларды әзірлеу технологияларын қалыптастырған. Ал, қазір мұндай институттардың бірі де жоқ. Сонымен қатар, өткен ғасырдың 80-жылдары қазақ жерінде 4 ірі цемент зауыты болған. Бүгінгі таңда отандық цемент зауыттары сол
4 зауыт шығарған өнімнің жартысын да шығара алмайды екен. Ол кезде жұмыс жасындағылардың 30 пайызы құрылысқа тартылған болса, бүгінде бұл көрсеткіш бар-жоғы 10-ақ пайызды құрайды.
Тағы бір мәселе, бүгінгі құрылыс басындағы қол күшін көбіне шеттен келген арзанқол жұмысшылар атқаратыны жасырын емес. Ал, арзанның сорпасы татымайтынын ата-бабамыз әлдеқашан ескертіп кеткен. Мұндай арзан жұмыс қолын құрылысқа тарту компаниялар үшін тиімді болғанымен, мәңгілік ел болуды көздеген мемлекетіміз үшін тиімсіз болып тұр.