Түркістан облысында қазіргі таңда 224 тұрғын үй (2 469 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың басым бөлігі – көпқабатты тұрғын үйлер.
Облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров облыстық құрылыс басқармасы мамандарымен Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер құрылысын аралап көріп, аудан әкімдіктерінің жауапты қызметкерлері мен медігер мекемелер басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Құрылыстың сапасына назар аударып, тұрғын үйлердің сейсмоқауіпсіздігінің сақталуына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды. Бастысы – құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында облыс көлемінде 63 мектеп салу жоспарланған. Биыл оның 29-ы, келесі жылы 34-і пайдалануға берілмек. Облыс әкімінің орынбасары Отырар, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында салынып жатқан білім беру нысандарының да құрылыс барысымен танысты. Туындаған өзекті мәселелердің шешімін қарастыру мақсатында «Самұрық–Қазына Констракшн» АҚ-ның, мердігер мекемелердің, техникалық және авторлық қадағалау мекемелерінің өкілдерімен нысандарды аралап көрді. Мердігерлерге жұмыстарына жанашырлықпен қарап, кестеден кешікпеуді тапсырды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында облыс көлемінде 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысандарының құрылысы жоспарланған. Нұралхан Көшеров Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында салынып жатқан денсаулық сақтау нысандарының да құрылыс барысымен танысты. Туындаған өзекті мәселелердің шешімін қарастыру мақсатында мердігер мекемеледің, техникалық және авторлық қадағалау мекемелерінің өкілдерімен бірге құрылыс алаңдарында болып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді. Жаңа медициналық нысандарды желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарлануда.