Түркістан облысы, Бәйдібек ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-1 «Қошқарата-Жарықбас-Бірлік» автомобиль жолынының 16,5-23 шақырым аралығы орташа жөндеуден өтіп жатыр. Аталған жолдың жөндеу жұмыстары Ақтас пен Кеңсай елді мекендері аралығын қамтиды.
Бүгінде мердігер «Real Stroy Invest» ЖШС тарапынан ескірген асфальт жабынын фрезалау жұмыстары жүргізілуде. Сметалық құжаттамаға сәйкес, фрезаланған жол бөлігіне екі қабатты асфальтобетон жабынын салу және ескірген су өткізгіш құбырларды ауыстыру жұмыстары жоспарланған. Сала мамандарының айтуынша, облыстық маңызға ие жол торабын 2025 жылы толығымен аяқтау көзделген.
Айта кетейік, 2024 жылы облыс көлемінде 1 100,3 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді. Ал, жыл қорытындысымен 546,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Қазіргі таңда облыстық маңызы бар 368,1 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүруде. Ал аудандық маңызы бар 97,3 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, елді мекендердегі 630,6 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы - техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығының Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауында. Сондай-ақ, басқарманың шаруашылық жүргізу құқығындағы «Оңтүстік жолдары» мекемесі жыл бойына облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарымен айналысады. Кәсіпорынға 39 бірлік арнайы техника бекітілген және 174 қызметкер жұмыс істейді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі