Түркістан облысында 807 елді мекеннің 737-сі ауыз сумен қамтамасыз етілген. Республикалық көрсеткішке сәйкес, өңірдің қалалары 100 пайыз, елді мекендер 97,3 пайызға ауыз сумен қамтылған. Биыл ауыз сумен қамту бойынша 63 жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 15,7 млрд. теңге бөлінген. Атап айтқанда, 34 нысан биыл пайдалануға берілсе, қалған 29 нысан 2025 жылға өтпелі. Жыл аяғына дейін 29 елді мекендегі 15 мыңға жуық тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Өңірімізде елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде кезекті рет талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды ауыз сумен қамтудың маңыздылығына тоқталып, құрылысы созбалаңға салынған нысандар бойынша аудан, қала әкімдерімен жауапты басқарма басшысына нақты тапсырма берді. Жұмыстарын дұрыс атқармаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарауды тапсырды.
– Мемлекет басшысы біздің алдымызға келесі жылға дейін өңіріміздегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Ауыз су – ең маңызды және бірінші кезектегі мәселе. Сондықтан бұл жұмысқа барынша жауапкершілікпен қарау керек. Сондай-ақ, нысандардың құрылысына жауапты тапсырыс берушілер мен мердігерлердің жұмысын қадағалау керек. Әрбір су нысаны сапалы әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Ауыз сумен қамту бойынша жаңа тәсілдер, гидрогеологиялық ізденістер, жан-жақты зерттеулер жүргізу қажет. Тапсырысты уақтылы орындамай, ауыз суды кешіктірген мердігерлермен заң аясында жұмыс жүргізіңіздер. Бұл мәселе қатаң бақылауда тұр, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің айтуынша, 41 елді мекенді ауыз сумен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бұл елді мекендерді 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.
Жоспарға сәйкес, биыл 50 елді мекен 24 сағат бойы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Қалған 133 елді мекенді алдағы жылдары тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарланып отыр.