Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігін қалыптастыратын, сондай-ақ ауылдық жерлердің еңбек потенциалын, халық шоғырын арттыратын экономиканың бірден-бір секторы. Бұл тұрғыда Қазақстанның агрокешендік перспективасы өте зор.
Осы орайда "Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу" жобасына сәйкес 2022 жылы Сайрам ауданына 300 гектар жерге өнім егу тапсырмасы берілген. Аудан аумағында орналасқан бір алқаптан 2 өнім алумен айналысатын 203 агроқұрылым 1-ші өнім үшін 306 гектар жерге дақыл егіп одан 6650 тонна өнім алынды. Бірінші өнімнен босаған жерлерге 2-ші өнім алу үшін бүгінгі таңда егіс жұмыстары жүргізілді. Соның бір мысалы Көлкент ауылдық округінде орналасқан "Ёшлик" шаруа қожалығы басшысы Рустемов Каримжан 5 гектар жеріне 1-ші өнім үшін ағымдағы жылдың ақпан айының 24 жұлдызында картопты егіп 145 тонна өнім алды. Екінші өнімге қияр мен қырыққабат еккен. Қиярдың өнімін жинап сатуда ал, қырыққабаттың өнімін қазан айының соңында жинап алу жоспарлануда.
Кәсіпкерлер балық шаруашылығын дамытуды қолға алды
Сайрам ауданындағы жоғары технологияларды қолдану арқылы алма өсіріп, оны сақтаумен және сатумен айналысатын «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС енді жаңа бағыт – балық шаруашылығын дамытуды қолға алды.
Бұл бағытта серіктестікке балық шаруашылығындағы тәжірибесімен бөлісуге Нұр-Сұлтан қаласынан биологиялық ғылымдар кандидаты, балық шаруашылықтары қауымдастығы төрағасының ғылым жөніндегі орынбасары, «Қазақбалықшаруашылығы» балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығының өкілі Серік Темірханов «Аға сеньорлар» жобасы бойынша арнайы шақыртылған болатын.
Сарапшы он күн ішінде балықты сақтау, азықтандыру, балық өнімдерін сату және ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы мәліметтермен бөлісті.
Серіктестік басшысы Жанат Тасанбаеваның айтуынша, отандық сарапшы балық шаруашылықтың түрлі формаларын, артықшылықтары мен кемшіліктері, коммерциялық балық өндірісінің ерекшеліктері туралы, сондай-ақ, басқа елдердің озық тәжірибелерімен таныстырған.
Еске салсақ, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылатын «Аға сеньорлар» жобасы экономиканың басым секторларында қызметін жүзеге асыратын және жұмыс жасап тұрған кәсіпорындарға шетелдік сарапшыларды өз кәсіпорнына шақырып, кәсіби ұсыныстар алуға мүмкіндік беретін бірегей жоба.
Алайда, ағымдағы жылы пандемияға салдарынан жоба өз форматын өзгертті. ҚР Үкіметі «Аға сеньорлар» жобасы аясында шетелдік кеңесшілерді тартуды уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Дегенмен, шетелдік сарашылардың орнына отандық салалық сарапшылар шақырылып, шағын және орта бизнеске нақты міндеттерді шешу бойынша кеңес көрсетуде.
«Расында, еліміздегі қазіргі қиын жағдай бизнестің ілгері жылжуына кедергі болуда. Көпшілік кәсіпкер осындай қиындықтарға байланысты жаңа мүмкіндіктерден бейхабар қалып жатыр. Алайда мұндай қиыншылықтарда біз жаңа мүмкіндіктерді тауып, көрсетіп, кәсіпкерліктің әрмен қарай дамуына ықпал етуіміз керек. Ол үшін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестегілерге осындай мүмкіндікті қарастырып, «Аға сеньорлар» жобасы негізінде бұл бастаманы жүзеге асырып жатыр. Бұл мәселеде бизнесті қалай алып шығу керек, жұмысты қандай мақсатта жүргізу қажет — жалпы басқарудың тиімді жолдары түсіндіріледі»,- дейді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Жанна Тілеубекова.
Сайрамның шұжықтары сұранысқа ие
Сайрам ауданындағы Алма өндірістік кооперативі отандық нарықты сапалы шұжық өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Аталмыш ұжымның Ақсукент ауылында орналасқан шағын цехында бүгінде шұжықтың қырықтан астам түрі әзірленеді.
Шағын және орта бизнестің отаны атанып кеткен Сайрам ауданында соңғы жиырма жылда көптеген өндіріс орындары мен кәсіп¬орындар іске қосылды. Соның бірі – Қарасу ауылындағы «Алма» өндірістік кооперативі. Осыдан он бес жыл бұрын іргесі қаланған өндіріс орны бүгінде шұжықтың 47 түрін шығарып отыр.
Жарты гектарға жуық жерге орналасқан цех айына бір тоннаға жуық өнім өндіреді. Кооператив бүгінде 23 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорынның іргесін қалап, жұмысын жүргізіп отырған жеке кәсіпкер Ақылбек Шалқаровтың айтуынша, алдағы уақытта кәсіпорын жұмысы бұдан да ұлғаятын көрінеді. «Қосымша жаңа цех ашу жоспарда бар. Ол үшін жаңа ғимарат дайындадық. Енді оған қажетті техникалық жабдықтар алу үшін тағы 50 миллион теңге қажет» дейді ол.
«Бизнестің жол картасы–2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолдау көрген өндіріс орны бүгінгі таңда өз өнімін тек ішкі нарықта ғана саудалап, жергілікті тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Ал, шикізатты «Шұбар» асыл тұқымды кешені», «Delice», «Сынар Групп» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінен алады екен.
Мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдалана білген ауыл кәсіпкері өз бизнесін ашты
Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы кәсіпкері Тойчиев Савранкул «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауды пайдаланып, «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау» қорынан жүк тасу мақсатында 6 пайызбен жеңілдетілген 5,5 млн теңге көлемінде несиеге қол жеткізген.
Алынған қаражатқа SCANIA жүк тасмалдау көлігін сатып алған.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының Сайрам аудандық филиалының менеджер-кеңесшілері кәсіпкерге жедел түрде кеңес беріп, бизнес жоспар дайындап, несие алуға қажет құжаттар пакетін жинауға атсалысқан.
"Жүк тасымалдау қызметімен айналысып, кәсіп ашу бұл менің бала күнгі арманым, ал, армандар орындалады, – дейді Тойчиев Савранкул. – Кәсіпкерлер палатасының Сайрам ауданы филиалы қызметкерлеріне жұмысқа деген жауапкершіліктері мен құжаттар пакетін жинаудағы жедел көмектері үшін зор алғысымды білдіремін».
Айта кетерлігі, Тойчиев Савранкул секілді мысалдар жетіп артылады. Жыл басынан бері филиал қызметкерлері 13 жоба сүйемелдеген.
Сайрамдық Ольга қарбыздан джем жасайды
Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында ерекше жоба жүзеге асырылды. "Южанка-5" ЖШС-нің жетекшісі Ольга Джексебаева аталған ауылдағы кеңестік дәуірден қалып қойған, жекенің қолындағы ескі қоймалары мен басқа да тозығы жеткен ғимараттары бар аумақты сатып алып, олардың біразын жөндеуден өткізген. Ішіне құрал-жабдықтарын орнатып, түрлі дақылдардан, оның ішінде қауыннан, қарбыздан джем жасап, тосап шығаруды жолға қойған.
Ольга Джексебаева Сайрам ауданының тұрғыны. Кәсібін дамытуды ойлаған кәсіпкер
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Сайрам ауданық филиалының маманы Қайрат Асылболатовқа келіп, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бойынша бағдарламалар туралы кеңес алған. Нәтижесінде, "Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік гранттар беру үшін конкурстық іріктеуге қатысуға өтінім берген. Кәсіпкер аталған конкурсқа қатысып, жобасын қорғап, 3 млн. теңге грант ұтып алған. Алдағы уақытта 40 млн. теңгеге өз бизнесін кеңейту үшін құрал-жабдық, шикізат сатып алуға мемлекеттік бағдарлама аясында екінші деңгейлі банктен "Бизнес жоспар" дайындап кепілзаттың құқық белгілейтін құжаттарын дайындауға көмек көрсетітуде. Жалпы, кәсіпкер аудан басшылығына, аудандық кәсіпкерлік бөлімі мен "Атамекен" ҰКП Сайрам аудандық филиалына айтар алғысы шексіз.
Сайрамда әлеуметтік такси қызметі жұмыс істейді
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұған себепті алыстан іздеудің еш реті жоқ. Сайрам аудандық мүмкіндігі шектеулі жан Әлімжан Құраловтың жасап жатқан тынымды тірлігі бұл пікірімізге нақты дәлел бола алады.
Кәсіпкердің бүгінгі атқарып отырған тірлігі – мүгедек жандарға арналған әлеуметтік такси қызметі.
Таксидің бұл түрі ең алдымен, өз бетінше жүріп-тұра алмайтын жандарға, атап айтқанда, егде жастағы қарттар, ардагерлер, мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Көлік арнайы қол арбаларды тасымалдауға тиісті құралдармен жабдықталған.
Кәсіпкер 2019 жылы ауданда «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқыған. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы Сайрам аудандық филиалы мамандарының сүйемелдеуімен "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында инновациялық бизнес-идеяларды іске асыруға грант конкурсына қатысып, 4 млн тг қаражатқа қол жеткізген.
Бүгінде әлеуметтік такси қызметін іске қосып, аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкердің ендігі жоспары әлеуметтік такси қызметін жолға қойып, көлік санын көбейтіп, 24 сағат бойы жұмыс жасауды көздеп отыр.
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қызмет етіп жүрген кәсіпкерге мақсаттарыңыз орындала берсін демекпіз!
Сайрамда «Capable Group» зауыты тәулігіне 180 мың дана жөргек шығарады
Түркістан облысы Сайрам ауданының орталығында «CaPable Group» компаниясы балаларға арналған жөргектер шығарады.
Жергілікті кәсіпкер Сүйін Бейімбет Түркия елінің кәсіпкерлерімен бірлесіп, былтыр ауданда осы инновациялық жобаны алғаш рет іске қосқан болатын. Жобаның жалпы құны - 3 млрд теңге. Кәсіпорында 2-ден 6-ға дейінгі өлшемдегі жөргектердің тәулігіне 180 мың данасы өндіріледі. «Симбо бейби» және «Алтын бала» атты жөргектер шикізаттың оннан астам түрінен дайындалады. Құрал-жабдықтар Түркия мен АҚШ-тан сатып алынған. Отандық өнімдер тұтынушылар үшін тиімді бағада ұсынылғандықтан сұраныс көп.
Кәсіпкер жергілікті 40-тан астам азаматты жұмыспен қамтып отыр. Олардың арасында бірнеше мүгедек жандар бар. Негізгі жұмыс тәртібі - 8 сағат, ал мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығына байланысты жұмыс сағаты да ыңғайлап есептелген. Кәсіпкер алдағы уақытта ересектерге де арналған жөргек шығаруды қолға алуды жоспарлап отыр.
Ошақтыда игілікті істер көп
Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Ошақты ауылының тұрғындарымен кездесу жиыны өтті. Қайнарбұлақ ауылдық округінің әкімі Е.Дүйсебаев алдымен ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын ауыл тұрғындарына қысқаша түсіндіріп өтуі үшін алғашқы сөз кезегін ауылдық округі әкімінің орынбасары М.Аязовқа берді.
М.Аязов ауыл тұрғындарына ҚР-ның Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын жиналысқа қатысушы ауыл тұрғындарына кеңінен түсіндіріп өтті. Жолдауды талқылау барысында Ошақты ауылының биі Н.Әбілұлы, Б.Нұсқабаев, О.Сарсенбаев, Ө.Сарбасовтар ҚР-ның Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қолдап қуаттайтындықтарын білдірді. Мұнан кейін ауылдық округінің әкімі Е.Дүйсебаев Қазақстан Республикасы Президентінің 03.03.2022-жылғы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826-Жарлығына сәйкес, Сайрам ауданы әкімі бекіткен кестесіне сай, 2022-жылдың әр тоқсанында ауылдық округіне қарасты барлық 8 (сегіз) елді мекендерінде ауылдық округі әкімінің тұрғын халықпен кездесулері өткізілуде екендігін айта келіп, ауыл тұрғындарынан өз ойларын, ұсыныс пікірлері мен сұрақтары болса ашық айтуға шақырды.
Кездесу жиналысында ауыл тұрғындары тарапынан Ошақты ауылындағы Жаңақұрылыс көшелерін орта жөндеу жұмыстарынан өткізу, Ошақты ауылы, Т.Рысқұлов көшесі бойындағы тұрғын үйлер үстінен жүргізілген жоғары кернеулі электр желілерін алып, көше бойымен қайта жүргізу, ескі мектеп орнына балалар спорт алаңшасы салу мәселелері көтерілсе, ауыл тұрғыны Болат Байтөлешов өзінің кейінгі уақытта жаңадан салынған үйіне табиғи газ, электр энергиясы мен ауыз су құбырларын жүргізуге аудандық тиісті мекемелер тарапынан көмек берілсе деген өз ұсынысын айтты.
Кездесу жиналысы барысында ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген сұрақтар мен ұсыныстарға ауылдық округінің әкімі Е.Ж.Дүйсебаев және ауылдық округі әкімінің орынбасары М.Ү.Аязов тарапынан оларға толыққанды жауаптары берілді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына бірқатар мәселелердің шешілу жолдары қарастырылатындығы, олар бойынша аудан әкімдігінің тиісті бөлімдеріне ұсыныс берілгендігі де айтылды.
Гүл өсіру ісін жолға қойды
«Ханжук» шаруа қожалығының төрағасы Рүстем Абдурасуловтың аула гүлдерін өсіруді отбасылық кәсіпке айналдырғанына бірнеше жыл. Сайрам ауданы Көлкент ауылдық округі Ақсуабад елді мекенінің тұрғыны 2013 жылдан бері 3,30 гектар жерге гүл өсіреді.
Жылыжайдағы әр гүлді жеке стаканда өндіріп, сәуір, мамыр айларында сатылымға шығаратын кәсіпкер шаруашылығы кәсібін дамытып отыр. Бір ғажабы егілген гүлдердің көбі қара күзде күні кешеге дейін жайнап тұрды. Қазір бір жылдық гүлдер алынып тасталып, орнына суыққа төзімді көктемде гүлдейтін қызғалдақ гүлдерінің көшеттері қондырылуда.Қыс бойы сәнін жоғалпайтын раушан гүлдері күтіп-бапталуда.Мұндай сәнді тірлік ауылда да бар.Елде гүл егуді кәсіп еткендердің қатары көбейіп келеді.Солардың бірі Сайрам ауданындағы «Ханжук» шаруа қожалығы түрлі гүл егіп табыс табуда.
«Ханжук» шаруа қожалығы өндірген гүлдер еліміздің астанасы Астана қаласынан бастап, Өскемен және Шымкент қалаларының көшелеріне де сән берген. Сондай-ақ, Сайрам ауданындағы білім ошақтарының ауласын көркейту үшін де аталған шаруа қожалығының сан алуан гүлдері сатып алынған.
Жеке кәсіпкер Р.Абдурасулов жайқалған гүлдерді елордаға жүк көлігімен ақысыз жеткізіп берген қайырымды ісімен белгілі.
— Көшелерді абаттандыру жұмыстары басталғаннан жылыжайдағы гүлдерімізге көптеген тапсырыстар түсетін. Қазір де сол маусым басталды. Шымкент, Түркістан қалаларына жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар. Биылғы гүл көшеттері жерге отырғызуға дайын тұр, тек есіл еңбек карантин кезінде шығын болмаса екен, — деген уайымын жеткізді Р.Абдурасулов.
Аудан әкімі төтенше жағдай салдарынан шаруалар шығынға ұшырамауы тиіс екенін айтты.
— Дайын тұрған өнімді өңірлерге ұсыну қажет. Қазір абаттандыру жұмыстары қайнаған шақ. Іргеміздегі Шымкент қаласы мен Түркістан қаласы бар, көрші аудан орталықтарына, өзіміздің Сайрам ауданындағы көгалдандыру жұмыстарына да дайын өнімді неге пайдаланбасқа? Айналаға нағыз көрік беретін дүние — осы гүлдер, — деді аудан басшысы.
«Ханжук» шаруа қожалығы гүлден бөлек, жылыжайда бұрыш өсіреді және 1,3 гектар жерден бір жылда екі рет картоп өнімін алады.
Кәсіпкер жылыжайда бір жылдық гүлдің 70- тен астам түрін егіп отыр. Гүл өнімін өндіруде Қытай, Голландия технологяларын қолданылады.Қол жеткізген табыстары да қомақты. Өндірілген өнім Астана,Алматы, Ақтау, Ақтөбе қалаларына жөнелтуде. Екі жылдан бері Қырғызстанға экспортталуда. Отандық өнімді Ресейге шығару жоспарда бар.
Үйіргелік тамшылатып суғару әдісі арқылы ең әуелі азаматтар өзін-өзі жұмыспен қамтиды
Түркістан облысының Сайрам ауданында егінге израильдік технологияны үйіргелік қолданысқа енгізуді қолға алынған болатын. Бұл Сайрам ауданының жергілікті тұрғындары үшін ұтымды тәсіл.
Тамшылатып суғару әдісін бұған дейін тек ірі шаруа қожалықтары пайдаланып келсе, енді атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатындар да гектар-гектар жерінің жоқтығынан қолдаусыз қалмайды.
Үйінің ауласындағы 10 соттық жерден нәпақасын табу үшін "Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» және "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында АӘК алатын азаматтар үйіргелік жеріне тамшылатып суғару құрылғыларын орнатып, егін егіп, бір реттік грант ұтып алуға мүмкіндігі бар.
Атқарылған жұмыстарды аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков қадағалап назарға алып отырады. Үйіргелік тамшылтып суғару әдісі арқылы ең әуелі азаматтар өзін-өзі жұмыспен қамтиды. Су үнемделеді. Ауыл шаруашылығының дамуына жол ашылмақ. Ал жерден алатын өнім көлемі бір маусымда 3-4 есеге артады. Сонымен қатар, жылына 3-4 маусым егіншіліктің жемісін алу мүмкіндігі бар.
Әзірге аудан көлемінде бұл бағдарламаны тиімді пайдалану жағынан Көлкент ауылдық округінің тұрғындары алдыңғы қатарда. Жыл соңына дейін көптеген азаматты жұмыспен қамту мақсатында мемлекеттік грант негізінде қаржыландыру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Сайрамдағы Ханқорған ауылында 40 гектар жерге егілген көкөністерді сатып алушылар дайын. Олар егін алқабының басынан артып, еліміздің солтүстік аймағына және Ресейге алып кетеді. Өнімнің сатылуы 100%-ды қамтымақ.
Шаруалардың сарымсақ, пияз, сәбіз, картоп, болгар бұрышы, қызанақ, қырыққабат, баклажан сынды көкөністері мамыр айының соңында тұтынушыға жол тартады.
Жақын күндері өнімін алғалы отырған кооперативте 18 шаруа қожалығы бар. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бұл аумақтағы 70% жерден жылына екі рет өнім алынады.