«Басты бағыт – өндірісті дамыту»

ШЫМКЕНТ: МҰРАТ ӘЙТЕНОВ ҚАЛАДА САЛЫНЫП ЖАТҚАН КӨПІРЛЕРДІҢ САПАСЫН ТЕКСЕРДІ
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Созақ ауданына барып, осындағы бірқатар құрылыс алаңдарын аралады. Жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Өңір басшысы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орынды мектептің құрылыс алаңында болып, мердігерлермен әңгімелесті. Қазір мұнда ішкі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыста 140 адам еңбек етуде. Білім ошағы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен қолға алынып, биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Облыс әкімі сондай-ақ жеке инвестор тарапынан салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен де танысты. Жаңа қалашықта 2 пәтерлі 36 тұрғын үй салынып жатыр. Әр пәтердің аумағы 70 шаршы метрден асады. Жалпы жобаның құны – 561 млн. 600 мың теңге. Жаңа баспаналар үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға беріледі. Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Шолаққорған ауылындағы «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылыс алаңында болды. Жоба құны – 1 млрд. 845 млн. теңге. Спорт кешенінің оқу-жаттығу базасы талапқа сай жабдықталмақ. Облыс әкімі «Қазатом-өнеркәсіп-Сауран» өнім шығаратын зауытында да болды. Кәсіпорын табиғи уран өндіріп, уранның шала тотығы және табиғи уранның химиялық концентратына дейінгі өңдеуді жүзеге асырады. 2006 жылы құрылған кәсіпорында мыңнан астам адам қызмет етеді. Олардың 95%-ы – Созақ ауданының тұрғындары. Облыс әкімі кәсіп- орын басшылығымен бірқатар маңызды мәселелерді талқылады. – Жергілікті халықты қолдауды, ортақ әлеуметтік шаралар ұйымдастыруды күшейтуді ұсынамыз. Оқу орындарын ашуға болады. Онда өздеріңізге қажетті мамандар даярланса жақсы. Әлемнің ең ірі деген кәсіпорындары қайырымдылық жасау жағына да ерекше көңіл бөледі. Ендеше, сіздерге де осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді ұсынамыз. Келісіп жұмыс істейік, – деді өңір басшысы. Сонымен қатар облыс әкімі Таукент кентіндегі «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорнын аралады. Төртқұдық жаңа зауытының құрылысы мен өндіріс нысандарында болып, жұмысымен танысты. «КАТКО» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны 1996 жылы Созақ ауданының аумағындағы Мойынқұм және Төртқұдық кен орындарын игеру мақсатында ашылған. Сол жылдардан бастап өндіріс орны мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, еліміздің экономикалық дамуына лайықты үлес қосып келеді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізуде. «КАТКО» 2009 жылдан бері жергілікті экономикаға 4,8 миллиард теңгеден астам инвестиция құйған. Өңір басшысы бұл күні жұмыс кестесіне сәйкес, Созақ ауданы тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Сонымен бірге өңірдің, сондай-ақ Созақ ауданының дамуы жөнінде ой қозғады. – Біздің бағытымыз – өндірісті дамыту. Өзімізге қажетті заттарды өз өңірімізде өндіруіміз керек. Әрбір аудан, қала әкіміне инвестиция тартып, өндіріс орындарын ашу туралы тапсырма берілді. Бұл жұмыстар қадағаланады. Ауыл инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылуда. Былтыр осы жоба арқылы Созақтағы 7 елді мекенде 14 жоба жүзеге асты. Спорт кешені салынып, 20-ға жуық көше орташа жөндеуден өткізілді. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 210 жоба қаржыландырылды. Оған 1,2 млрд. теңге қаралды. Созақ ауданында өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 46 пайызға өсіп, былтыр 665 млрд. 342 млн. теңгеге жетті. Жұмыс қарқыны бәсеңдемейді, – деді Дархан Амангелдіұлы. Кездесуде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауданда атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Есепті кезеңде аудан экономикасына 118 млрд. 495 млн. теңге инвестиция тартылды. Шолаққорған, Созақ, Құмкент, Жартытөбе ауылдық округтері «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда белсенділік танытуда. Аталған ауылдық округтерден ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жеңілдетілген несиемен қамтылып, олар 88 млн. 850 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. Шолаққорған ауылының «Ақшам» және «Наурыз» шағынаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қаржы бөлініп, нысан 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. Ауданда газбен, электр қуатымен қамту, әлеуметтік нысандар салу жұмыстары жалғасуда. Жиында облыс әкімі аудан әкімі мен басқарма басшыларына бірқатар міндеттер жүктеп, ауданды дамыту жұмысын ширата түсуді тапсырды. Ал, тұрғындар облыс әкіміне өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді қозғады. Одан кейін Дархан Амангелдіұлы тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Кездесу мен жеке қабылдауда көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.