Түркістан облысын газдандыру бойынша 70 нысанның құрылысы жүріп жатыр

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Түркістан облысын газдандыру бағытындағы жұмыс жүйелі әрі сапалы атқарылуы тиіс. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте Созақ, Сауран, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Кентау және Түркістан қалаларын газбен қамту жұмыстары мен өзекті мәселелері талқыланды. Өңір басшысы аудан, қала әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырып, бірқатар жауапты тұлғаға ауызша ескерту берді. – Аудандар мен қалаларды аралау барысында тұрғындар коммуналдық-шаруашылық, әсіресе, газ мәселесін көтереді. Тұрғындарды газбен қамту – біздің міндетіміз. Жұмысын дұрыс атқармаған мердігерлермен заң аясында сөйлесіңіздер. Газбен қамту бойынша аудандар Жол карталарын ұсынсын. Осы бір жоспар негізінде жүйелі жұмыс атқарайық. Екіншіден, аудан, қала әкімдіктері мен басқармалар арасында байланыс болуы керек. Хабарласып, ел мүддесіне қатысты әрбір мәселені жедел шешуді қолға алған жөн. Газды күтіп отырған ауылдар бар. Кезең-кезеңімен бюджетке енгізіп, тиісті жұмыстарды атқару қажет, – деді Дархан Сатыбалды. Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариеваның айтуынша, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 831 елді мекеннің 457-сі табиғи газбен қамтылған. Елді мекендегі халық санымен есептесе, 1 млн. 529 мың тұрғын немесе тұрғындардың 73,7 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізген. 2022 жылы 70 нысанның құрылысына 15,9 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 9 нысанның (10 елді мекен, 1 АГТС, 32198 тұрғын) құрылысы 2022 жылы аяқталады. Қалған 61 нысан 2023 жылға өтпелі. Биылғы жыл қорытындысымен, 467 елді мекен (56,2%) немесе 1 млн. 561 мың халық (75,2%) табиғи газды қосуға мүмкіндік алады. Алдағы 3 жылда қосымша 255 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейі 722 елді мекенге (86,8%) немесе 2 млн. халыққа жеткізілмек. Биыл басқарманың мамандары аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, құрылысы жүргізіліп жатқан нысанның 70-іне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, оннан астамынан кемшіліктер анықталған. Тиісті ұсыныстар беріліп, кемшіліктерді жою жұмыстары қолға алынған. Жиында Созақ, Сауран, Бәйдібек, Ордабасы аудандары мен Кентау және Түркістан қалалары басшыларының газға қатысты ұсыныстары мен есептері тыңдалып, облыс әкімі тарапынан тиісті тапсырмалар берілді. Кентаудағы бірнеше көпқабатты үйге газ берілді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанды аралады. Қаланы жылумен қамту барысымен танысты. Қала әкімі мен жауапты басшыларға жылу және өзге де шұғыл шешуді талап ететін мәселелер бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды. – Тұрғындарды инфрақұрылыммен қамтып, қолайлы жағдай жасау – міндетіміз. Кентау Түркістанмен бірге дамитын әрі әлеуеті зор шаһар. Жылуға, су жүйесіне қатысты түйткілдер қатаң бақылауда болады, – деді Дархан Сатыбалды. Бүгінде Кентаудағы Ш.Уәлиханов көшесіндегі жаңадан соғылған көпқабатты 10 тұрғын үй газ жүйесіне қосылуда. Бұл үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында сыртқы газ жүйлеріне жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстары былтыр аяқталды. Қазіргі таңда Ш.Уәлиханов көшесіндегі №160, 162, 164-ші үйлердегі 180 пәтер табиғи газбен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге №178, №188 және өзге де үйлерді жылумен қамту жұмыстары аяқтаулға жақын. Тұрғын үйлерді аралаған өңір басшысы «Кентау Сервис» МКК №5 жылу электр орталығында да болды. Қазіргі таңда орталықтандырылған жылуға 14 мыңға жуық абонент қосылған. Оның ішінде 108 бюджеттік мекеме, 2295 жеке секторлы тұрғын үй, 346 көпқабатты тұрғын үй, 441 коммерциялық нысанға жылу берілуде. Жылу орталығы қажетті мазутпен, көмірмен және сұйық отынмен қамтылуда. Орталықты жөндеуден өткізу мәселесі де назарда тұр. Дархан Сатыбалдыға «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобасының ІІ кезеңіндегі жоспары таныстырылды. Осы арқылы су қоймасының сыйымдылығы реттеліп, қауіпсіздігі нығая түспек. Аталған жобаның І кезеңі бойынша жұмыс қолға алынған. Ол бойынша Кентау қаласындағы «Мірғалымсай» кен орнында шахталық сутөкпе салу және тік дренаж ұңғымаларын орнату көзделген. Қазіргі уақытта 11 ұңғыманың 10-ында бұрғылау жұмысы аяқталған. Одан кейін облыс әкімі қаланың кәріз тазарту станциясының жай-күйімен танысты. «Кентау қаласындағы кәріз су тазарту станциясы мен су тазарту құрылымдарының құрылысы» жобасын іске асыру бойынша жобаның техникалық экономикалық негіздемесін келісу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу 2023-2024 жылдарға жоспарланған. Жоба бойынша 40 га жер теліміне жаңа кәріз су тазарту станциясы салынып, су тазарту құрылымдарымен қамтылады. Бұл станция қаланың кәріз су жүйесін толық тазалауға қауһарлы болмақ. Кентаудағы маңызды жобалар мен нысандардың жағдайымен танысқан өңір басшысы инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстарға қолдау жалғасатынын жеткізді. Басшыларға су нысандарына қатысты жобаларды әбден зерттеп барып, сапалы атқаруды тапсырды. Отырар ауданында 10 мыңға жуық адамды газбен 92 қамтитын газ жүйесі іске қосылды Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына жұмыс сапарымен барды. Тұрғындармен еркін пікір алмасып, сұрақтарына жауап берді. — Бүгін Отырар ауданына өңірдегі құқық қорғау органдарының, департамент пен басқарма басшылары түгел келіп отыр. Қабылдауға кіріп, пікірлеріңізді ашық айта аласыздар. Өтініштерді тыңдаймыз. Алдағы жоспарларға да арнайы тоқталамыз. Отырардың халқымыз үшін орны айрықша. Түркістанға жақын орналасуы – ауданның дамуына серпін береді. Ауданды, ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасын табады, — деген Дархан Сатыбалды әрбір өтінішті назарға алып, тиісті жауабын берді. Елдің ұсынысын, пікірін тыңдады. Тұрғындар тарапынан жол, мектеп мәселесі, тарихи Отырар кітапханасын жаңғырту, дәрігерлік амбулатория ашу, инфрақұрылым және өзге де ұсыныстарын жеткізді. Дархан Сатыбалды Отырар ауданына сапарында Отырар ауылдық округі аумағынан салынып жатқан қуаттылығы 50 МВТ күн электр станциясының құрылыс жұмыстарымен танысты. «Arm Wind» ЖШС тапсырысымен салынып жатқан нысанның жоба құны – 14,7 млрд. теңге. Жоба толықтай іске қосылғанда 50 адам тұрақты, 310 адам маусымдық жұмыспен қамтылады. Келер жылдың басында пайдалануға беру жоспарланып отырған станция энергия тапшылығын азайтып, өңір экономикасына үлес қоспақ. Осы станция маңында кәсіпкерлермен жүздескен облыс әкімі олардың жобаларымен танысты. Кәсіпкерлікке әрдайым қолдау көрсетілетінін айтты. Одан кейін өңір басшысы Шәуілдір ауылына табиғи газ қосу шарасына қатысты. Шәуілдір ауылын табиғи газбен қамтитын газ құбыры жүйесі құрылысы 4 жыл жүргізіліп, биыл пайдалануға беріліп отыр. Оның құрылысы облыстық бюджет қаражаты есебінен жүргізілді. Жалпы ұзындығы 78,414 шақырымды құрайды. Жоба аясында 1615 тұрғын үй (10 мыңға жуық адам) табиғи газбен қамтылады. Енді тұрғындар келіп тұрған газды үйлеріне кіргізуі тиіс. Басшыларға ризашылығын білдірген тұрғындар аудандағы игі істер жалғаса берсін деген тілектерін жеткізді. Өңір басшысы Отырар аудандық «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде де болды. Белсенді және салауатты өмір салтын ұстану, зейнет жасындағы қариялардың белсенділігін арттыру, зияткерлік, қоғамдық, шығармашылық өмірге тарту мақсатында ашылған орталықта 14 адам тұрақты түрде қызмет көрсетеді. 2022 жылдың 18 қаңтарынан бастап іске қосылған орталық қарттарға әлеуметтік-медициналық, психологиялық және өзге де қызметтерді ұсынады. Аға буынның алаңсыз тынығуына барлық жағдай жасалған. 6547