Түркістан: Сауран ауданында жол құрылысы жұмыстары қарқынды

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Түркістан облысы, Сауран ауданында автожолдарға ағымдағы және орташа жөндеу, бағдаршам және жол белгілерін орнату, веложолдар, аяқжолдар мен суағарлар салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы биыл 36 шақырымды құрайтын автожолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Негізінен аудан бойынша аудандық маңызы бар 119,3 шақырым автомобиль жолы бар. Оның 68 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы 625 шақырымды құрайды. Оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар 403 шақырым. Қазіргі таңда КХ-58 «КХ-84 Нұртас-Шорнақ-Бабайқорған» 27-31,2 км автомобиль жолын орташа жөндеу, жарықтандыру, аяқжол және суағар салу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудан аумағында орналасқан мектептердің алдына жасанды жол кедергілері мен жол белгілері орнатылуда. Айта кетейік, 2023 жылы ауданға қарасты аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, сараптамалық қорытындысымен сметалық құжаттама әзірленуде. Сауран ауданында 15 шақырым жол жөндеуден өтті Түркістан облысында жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қадағалуында тұр. Бұл ретте Сауран ауданында да жұмыстар жүріп жатыр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Сауран ауданындағы жалпы ұзындығы 15 шақырымды (Ойық ауылымен Ащысай ауылының арасы) құрайтын облыстық маңызы бар КХ-56 «Жамбыл облысының шекарасы-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай - Р-31» автомобиль жолының 76-91 шақырымы аралығына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық пайдалануға берілді. Құрылысын «Шымкентдорстрой» ПК» ЖШС жүргізді. Жөндеу жұмыстары кезінде ескі асфальт қабаты алынып, үстіне 2 қабат асфальт жабындысымен жаңартылды. Жүргізілген жұмыстардың сапасы тапсырыс беруші, техникалық қадағалаушы «Оңтүстік жолдары» МКК және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК тарапынан тұрақты бақылауда болды. Сауранда келесі жылы бірқатар нысандар пайдалануға беріледі Сауран ауданының орталығы Шорнақ елдімекенінен 38 га жер бөлініп, онда аудандық әкімдік, күштік құрылымдар ғимараттары мен инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков мәлімдеді. Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл нысан келесі жылдың басында қолданысқа беріледі. Әкімшілік іскерлік орталықтағы басқа да ғимараттарды 2023 жылы толық пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Шорнақ елдімекенінде өрт сөндіру депосы мен 200 орындық аудандық орталық аурухананың, 500 орындық мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Аудан әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша ауданда 7 мектептің құрылысына арнайы жер орындары белгіленіп, құжаттары рәсімделген. 2023-2024 жылдар аралығында С.Қожанов елдімекенінде 300 орындық, Еңбекші дихан мен Қарашық елдімекендерінде 600 орындық, Аша, Ынталы және Құмтүйін елдімекендерінде 900 орындық, ал Ескі Иқан елдімекенінде 2 000 орындық мектептің құрылысы басталып, ел игілігіне тапсырылмақ. Қазіргі таңда Ескі Сауран қалашығының аумағында «Сапар орталығының» құрылысы жүргізілуде. Ал Оранғай ауылдық округінде жоба құны 2 млрд 200 млн теңгені құрайтын емдік сауықтыру және ойын-сауық қонақ кешенінің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жеке демеушілер тарапынан іске асырылып жатқан қонақүй келер жылы пайдалануға беріледі.