Венгриялықтар да Түркістанға өз қолтаңбаларын қалдырғысы келеді

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Түркістан облысына жұмыс сапарымен Венгрияның Алматы қаласындағы Бас консулы Cаболч Карой Сёке мен Сыртқы сауда бойынша дипломатиялық өкілі Иштван Тибор Ковач келді. Венгриялық делегацияны облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров қабылдады. Тараптар екі ел арасында, оның ішінде Түркістанмен экономикалық қарым-қатынасты күшейту, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім, мәдениет және туризм, спорт салалары бойынша ынтымақтастықты нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысының әлеуетіне кеңінен тоқталып, инвесторларға қарастырылған мүмкіндіктер туралы айтты. – Облыс орталығы – Түркістан қаласы 6 жыл ішінде көркейіп, әсіресе, туризм және кәсіпкерлік салалары қарқынды даму үстінде. Халықаралық рейстер саны артып келеді. Түркістан өңіріне инвестиция салуға ниетті шетелдік инвесторлар да көбейді. Біз әрқашан өнеркәсіп орындарын ашамын деген азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Ол үшін мемлекет тарапынан жеңілдіктер де қарастырылған. Өңірде барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оңтүстік халқы – еңбекқор. Кез келген жұмысты игеруге қабілетті. Тіпті, басқа өңірлер біздің жұмыс күшімізді пайдаланады. Басты мақсатымыз – жергілікті тұрғындарды тәп-тәуір жалақысы бар тұрақты жұмыспен қамту, – деді Нұралхан Көшеров. Бас консул алдағы уақытта маңызды жобаларды бірлесе атқаруға келісті. – Түркістанда осыдан 7 жыл бұрын болғанмын. Қазір қала танымастай өзгерген. Түркістан қаласының Қазақстан үшін, түркі әлемі үшін қаншалықты маңызды екенін білемін. Сондықтан дәл осы өлкеде түрлі жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстандық жастар үшін Венгриядағы ЖОО-да бакалавр және магистратура деңгейлері бойынша тегін білім алуға мүмкіндік бар. Шәкірт-ақы да қарастырылған. Біздің әйгілі «Jazz Band» өнер ұжымы Түркістан қаласында өнер көрсетсе деген ұсынысымыз да бар. Спорттық іс-шараларға да белсене атсалысуға, екі елдің ұлттық ойындарын Түркістан қаласында ұйымдастыруға әзірміз, – деді Cаболч Сёке. Өз кезегінде Венгрияның сыртқы сауда бойынша өкілі Қазақстандағы венгриялық компаниялардың санын арттыруды көздеп отырғанын, ноу-хау технологияларын ендіруге қолдау көрсететінін жеткізді. Кездесу соңында келесі айда екі ел кәсіпкерлерімен онлайн кездесу ұйымдастыру, қандай бағытта кәсіп ашу мүмкіндіктері көп екеніне талдау жүргізуге келісім жасалды. Осы күні венгриялық делегация Түркістандағы экономикалық және индустриалды аймақтарды, өндірістік паркті аралап, ондағы жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.