Түркістан облысы елді мекендерді газдандыру бойынша елімізде көш бастап тұр. Халық санымен есептегенде, 1 млн. 750 мыңға жуық халық немесе облыс тұрғындарының 81,5%-ы табиғи газбен қамтылған. Бұл еліміздегі жалпы көрсеткіштің 28,4 пайызы. Яғни, газбен қамтылған әрбір үшінші ауыл Түркістан өңірінде. Биыл 75 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тиісті сала жетекшілеріне бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Одан бөлек, облыс әкімінің жіті қадағалауымен, соңғы он жылда құрылысы тоқтап тұрған нысандарды іске қосу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бір жарым жылдың ішінде 100 мың тұрғын жылдар бойы күткен газға қол жеткізді.
– Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында табиғи газбен қамту жұмыстары өз нәтижесін беріп отыр. Аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп жұмыс істеңіздер, – деген облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне газ барған ауылдардың үйлерін тез арада газға қосуды міндеттеді.
Биыл Түркістан облысы тұрғындарын газбен қамту көрсеткіші 84,9 % -ға жетеді. Облыс елді мекендерін табиғи газбен 100% қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспарын» бекітті. Жоспарға сәйкес, облыстағы 319 елді мекенді (469,6 мың халық) 2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз етуге қол жеткізіледі. Жалпы, елді мекендерді газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және жүйелі түрде ары қарай жалғаса береді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.