Облыста елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халықты әлеуметтік жұмыспен қамту ісі қарқынды жүріп жатыр. Бұл мәселе өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тұрақты бақылауында.
Өткен аптаның соңында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданда жүргізіліп жатқан маңызды нысандардың құрылыс барысымен танысты. Мердігерлер, бас жобалаушылар, техникалық қадағалаушылар, жауапты басқарма басшыларына кестеден кешікпеуді, жұмысшы күшін екі есе көбейтуді, құрылыс сапасына мән беруді тапсырды. Егер жұмыс мерзімінен кешіксе немесе құрылыс сапасы талапқа жауап бермесе айыппұл салынатыны ескертілді.
Бейсенбай Тәжібаев алдымен аудандық білім бөліміне қарасты «Толағай» лагеріне барды. Жазғы сауықтыру лагері биылғы 3 маусымда жұмысын бастаған. Қазіргі таңда мұнда 200 оқушы демалуда. Жалпы жаз айларында мұнда 1660 бала демалады деп жоспарланған. Оларға бес мезгіл тамақ беріледі. Қолөнер, сурет салу, футбол алаңы, шахмат, дойбы сынды үйірмелер мен бассейн бар. Сонымен қатар салқындатқыш кондиционерлер де, бейнебақылау камералары да орнатылған.
А.Қалыбеков ауылдық округі, Төрткөл елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы да тексерілді. Былтыр қыркүйек айында басталған құрылыстың бас мердігері – «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС. Ал, Бірлік ауылдық округі, Алғабас елді мекеніндегі Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары биыл наурыз айында басталған. Ғимараттың жалпы ауданы – 1835,3 шаршы метр, жер телімінің ауданы 0,45014 гектар. Бас мердігер – «Allians & Arena» ЖШС.
Облыс әкімінің орынбасары Атакент кентіндегі Қ.Сәтбаев атындағы №6 жалпы білім беретін мектебіне барып, онда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Типтік үлгідегі мектеп 1986 жылы пайдалануға берілген. 570 орынға лайықталған білім ошағында мыңға жуық оқушы білім алады. Бас жобалаушы – «Вибo-строй» ЖШС. Биыл маусым айында басталған құрылыс бір жылға жоспарланған. Нысан келер жылы тамыз айында тапсырылмақ.
Іссапар барысында әкім орынбасары «Жастар» ресурстық орталығында Мақтаарал ауданындағы этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдары жетекшілерімен, қоғам белсенділерімен кездесті. Мақтаарал ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бейсенбай Төребеков аудандағы жалпы ахуалды, этнос өкілдерінің жұмыс барысын таныстырды. Сұрақ-жауап форматында еркін әңгіме өрбітіліп, қатысушылар өзара пікір алмасты. Ел бірлігін нығайту, этносаралық келісімді сақтау жөнінде ой қозғалды.
Облыс әкімінің орынбасары жұмыс сапарының соңында А.Пушкин атындағы жалпы білім беретін мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл мектеп 1967 жылы 536 оқушыға арналып салынған. Қазіргі таңда 1-11-сыныптар аралығында екі ауысымда 801 оқушы білім алуда. Мектеп ғимаратына 1967 жылдан бері кешенді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Білім ұясы екі қабатты екі бөліктен тұрады. Биыл 10 мамырда күрделі жөндеу жұмысы басталды. Содан соң М.Тұрсын-заде атындағы жалпы білім беретін мектепке соғып, ондағы жағдаймен танысты.