2024 жылғы 26 маусымда сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті оныншы сессиясы өтті. Сессия жұмысының алдында мәслихат төрағасы облыстағы жаңа кадрлық тағайындауды таныстырды.
Сессияның жұмысына облыс әкімі Д.Сатыбалды, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, облыстық қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов жүргізді. Күн тәртібінде 10 мәселе қаралды. Сессияда бірқатар басқармалардың 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалды.
Депутаттар бұл мәселелер бойынша пікірлерін білдіріп, әр мәселеге қатысты ұсыныстарын енгізді.
Одан бөлек, депутаттар кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізді.
Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады.
Өз кезегінде сессияны қорытындылаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірде бірлесе атқаратын жұмыстар көп екенін жеткізді.
– Облыс әкімдігі мәслихатпен бірігіп, өңірді дамыту жолында жұмыс атқаруда. Сіздерге осы еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бірақ, әлі де жұмыс көп. Біз өңірге инвесторлар тарту бағытында жұмыс атқарып жатырмыз. Сонымен бірге Түркістанда Оңтүстік Кореяның оқу орнының филиалын ашу туралы келісімге қол жеткіздік. Біз жаңа оқу орнын ашып, сапалы білім беріп, жастарды даярлауымыз керек. Жұмыс орындарын көбейткен жөн. Жуырда Татарстанға барып ІТ, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін көріп келдік. Облысқа жаңа жобалар, жүйелі жұмыстар, ізденістер қажет. Алдағы уақытта да баршамыз бірігіп, өңірді дамыту жолындағы жұмысты жалғастырамыз, – деді облыс әкімі.