Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы бірнеше нысанды аралап, кәсіпкерлермен кездесті. Сауран ауданында жиһаз өндірісі жақсы дамып келеді. Өңір басшысы ауданға қарасты Оранғай ауылдық округінде «RICH HOME FURNITURE» жиһаз цехының жұмысымен танысты. Жаңа өндірістік цех заманауи технологиялармен жабдықталған, жылына 500-ден астам үй жиһаздарын шығаруға қауқарлы. Экспорттың негізгі көлемі Орал, Ақтөбе, сондай-ақ Қызылорда, Түркістан қалаларына жіберіледі.
Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды шетелден алдыртады. Жиһаздардың бірегей үлгісі Ресей, Түркия, Беларусь, Қытай және Италияның сапасы мен дизайны бойынша жасалынуда. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие, өнім көлемін айтарлықтай арттырып отыр.
– Облыста шағын кәсіпкерлікті, өндірісті дамыту бағытында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдаулар көрсетілуде. Бүгінде өңірде жиһаз кластерін дамыту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ол үшін арнайы жер бөлініп, жеңілдіктер қарастырылған, – деген облыс әкімі аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына кәсіпкерлікті дамыту жұмыстарын ширату жөнінде тапсырма берді.
Аудан бойынша 2025 жылға дейін 61,4 млрд. теңгенің 102 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба жүзеге аспақ. Сауранда 12 жиһаз цехын іске қосу жоспарда бар. Оның 9-ы жұмысын бастады.
Жиһаз саласында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Осыған орай жиһаз кластерін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Онда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарына қажетті жиһаздар отандық өндірушілерден сатып алынады.
Сауран ауданына жұмыс сапары барысында өңір басшысы ауыл шаруашылығы кооперативінде болып, шаруалармен жүздесті. Оранғай ауылдық округіндегі «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Мұнда жылына 4000 тонна ет дайындау жоспарланған. Жалпы, мал бордақылау алаңы 2,5 гектарды құрайды. Мұнда ауылдық округтегі жергілікті 20-ға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны – 1,5 млрд. теңге.
Кооператив асыл тұқымды мал санын арттырып, олардың өнімділігін көбейту мақсатында жұмыс істеп келеді. Кәсіпкер өңір басшысына етті бағыттағы өнімді өндіріп, ішкі нарықты қамтамасыз етуді көздеп отырғанын жеткізді.
Облыс басшысы Дархан Сатыбалды мемлекеттік қолдауларға тоқталып, шаруаның жұмысына табыс тіледі. Одан кейін өңір басшысы Оранғайдағы «Яссы құс» шаруа қожалығына барды. Құс фермасының жалпы жер көлемі – 2 гектар. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Итальяндық қондырғымен жабдықталған құс фермасында германиялық «Ломан ЛСЛ» тұқымды тауық өсіріліп, тәулігіне 80 мың дана жұмыртқа өндірілуде. Қоспалы жемді өздері әзірлейді.
Жұмыс сапарымен Сауран ауданына барған өңір басшысы тұрғындармен кездесіп, бұған дейінгі атқарылған жұмыстарды баяндады. Алдағы жоспарларды пысықтап, ауданның даму перспективасына тоқталды.
– Халықпен кездесудің басты мақсаты – өңірдегі проблемалық мәселелерді шешу. Бүгін өздеріңізбен маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Оның бастысы – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіп- орындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы 45 маманға 15 млн. теңгеге бір реттік көтерме жәрдемақы, 5 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 26 млн. теңге көлемінде бюджеттік несиелер берілді. Сондай-ақ, елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатқанын білесіздер. Сіздерді күнделікті үйіміздің айналасын, көшелерімізді таза ұстауға және көгалдандыруға өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. Әркім ортақ іске өз үлестерін қосатын болса, өңіріміз көркейе түседі. Барлығымыз бірлесе отырып, қоғамда экология мәдениетін қалыптастыруымыз қажет, – деген облыс әкімі аудан басшысына «Таза ауыл», «Үздік көше» секілді экологиялық байқауларды өткізуді тапсырды.
Жиын барысында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров сөз алып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 2023-2024 жылдары атқарылып отырған жұмыстар туралы баяндады. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында ауданда 2023 жылы 5 елді мекенде 16 жобаны іске асыруға 3,2 млрд.теңге бөлінді. Ал, биыл 5 елді мекенде 12 жобаны іске асыру үшін 2,1 млрд. теңге қаралды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 33 пайызға өсіп, 2023 жылы 120 млрд. теңгеге жеткен. Ал, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 2 есеге өсіп, өткен жылы 7 мыңға жуықтаған.
Облыста жалпы саны 330 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде ол 329 мектепте орнатылды. Оның ішінде Сауран ауданында 13 мектепте толық іске қосылды. Бұған дейін интернеттің жылдамдығы секундына 20 мегабитке жетпейтін болған, қазіргі кезде 200 мегабитке жетіп, сапалы қызмет көрсетіліп жатыр.
Кездесуден соң облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың көтерген мәселелерін тыңдады. Ашық форматтағы қабылдауға құқық қорғау органдары мен жауапты басқарма басшылары да қатысып, мәселелердің оңтайлы шешу жолдарын қарастырды.