Баспана кілті тапсырылды

News
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Кеше Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы 88 азаматқа пәтер кілті табысталды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы келіп, пәтер иелеріне ізгі ниетін білдірді. – Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 6 жыл толды. Бүгінгі іс-шараны осы айтулы мереке аясында жоспарлаған болатынбыз. Бұл үйлерді кәсіпкерлер нарыққа шығарамыз деп салған. Біз кәсіпкерлермен келісіп, үйлерді төмен бағамен сатып алып, шаһардағы мұқтаж азаматтарға беру туралы шешім қабылдадық. Мұндай үйлер қаламызда осыған дейін берілмеген. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел-ұлының тұрғындарды баспанамен қамту тапсырмасы аясында атқарылып отыр. Өңірімізде баспаналы болғандар саны артуда. Баспаналарыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңыз берекелі әрі бақытқа, шаттыққа толы болсын! – деді облыс әкімі. Үш қабатты элиталы «Ясауи» тұрғын үй кешенінің аумағында балалардың ойын алаңшасы, көлік тұрағы бар және инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Айта кетейік, облыста тұрғындарды баспанамен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығында тағы 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол үйлерге 2 мыңнан астам отбасы қоныстанады. Одан бөлек, биыл бюджет есебінен 41, жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Сонымен қатар, осы жылы жалпы 191 үй салу жоспары бекітілді. Бүгінде 159 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оларды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Жалпы, Түркістан қаласы баспанамен қамту бойынша елімізде алғашқы орындарда келеді. Облыс орталығында соңғы 5 жылда тұрғын үй кезегінде тұрған 2558 азамат баспаналы болды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.