Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірде өндірісті дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында ауқымды шаралар қолға алынуда. Сонымен бірге шет мемлекеттердің өндірістегі тәжірибелері зерттеліп, келіссөздер жалғасуда.
Өңірде жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында облыс делегациясы кешегі аптада Өзбекстан Республикасының Ташкент, Самарқан, Жызақ облыстарында болып, ондағы мата-тоқыма кәсіпорындарының басшыларымен кездесіп, тәжірибе алмасты. Келіссөздер жүргізіліп, осы салада әріптестік орнатылды. Тоқыма саласындағы танымал «SAFF TEXTILE» ЖШС, «Afrasiab jeans textile» ЖШС, «Aya textile» ЖШС, «VIRTUS Tricot» ЖШС, «Daka Tex» ЖШС және «Samarqand euro asia textile» компанияларымен келісімдер жасалды.
Түркістандық делегация Өзбекстанның бірнеше аймағында кездесулер өткізді. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Әбдіразақова аймақтың инвестициялық әлеуеті, экономикалық дамуы туралы баяндама жасап, жеңіл өнеркәсіп саласында әріптестік орнату бағытындағы жұмыстарды жандандыра түсуді ұсынды. Бірлескен жобаларды іске асыру аясында «Өзтекстильпром» қауымдастығы мен облыс өкілдері ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі мәселелерді талқылады. Ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою мәселесі де сараланды.
Айта кетейік, Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы тоқыма және тігін-тоқыма өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығы» заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігі ресми тіркеуден өтіп жатыр. Мақсат – Қазақстан Республикасының жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын орындау, облыста жұмыссыздар санын азайту, жеңіл өнеркәсіп саласында жаңа инвестициялық жобаларды ашу және салаға инвестиция тарту.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.