Еліміздегі су үнемдеу технологиясын шығаратын ең алғашқы зауыт жуырда Түркістан облысында ашылды. Өңірде биыл екінші зауыт та іске қосылады. Сонымен, «BNK Group LTD» компаниясы америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, айналмалы және фронтальды әрекет ететін жаңбырлатқыш машиналар шығаратын зауытты іске қосты. Кәсіпорын 3 мың шаршы метр аумаққа орналасқан.
«BNK Group LTD» ЖШС-нің құны
4,1 млрд. теңгені құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суару машиналарын шығару» зауыты Түркістан қаласында орналасқан. Осы кәсіпорынның 50 мың гектарды, «Тұран су» мекемесінің жылына 9 мың гектарды тамшылатып суару жүйесін өндіретін кәсіпорындары жақын күндері іске қосылады. «Инвестициялық субсидия» бағдарламасы аясында су үнемдеу технологиясын енгізу шығынын жергілікті бюджет есебінен өтеу үлесін қосымша 30%-ға ұлғайту қарастырылған.
Облыста су жинауға мүмкіндік беретін бірқатар су нысандары пайдалануға берілді. Атап айтқанда, «Түркістан» магистральды каналының 59 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде 60 млн. текше метр су үнемделді. «Кеңсай–Қосқорған-2» су қоймасы салынып, 31 млн. текше метр су Түркістан қаласы аумағына жеткізілді. Бұдан бөлек «Бәйдібек ата» су қоймасы салынып жатыр. 68 млн. шаршы метр су сыятын жобаның құны – 15,9 млрд. теңге. Келесі жылы «Боралдай» су қоймасы құрылысын бастау көзделген.
50 млн. шаршы метр су сыятын қоймаға 13,8 млрд. теңге қажет. Аталған жобалар қосымша 113 млн. текше метр суды жинауға мүмкіндік береді.
Түркістан өңірінде су шығынын азайту технологиясы 32 298 гектарға енгізілді. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 873 мың гектарға егілді. Сұранысқа байланысты түсімі жоғары дақылдарға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, масақты, малазықтық дақылдар, көк-
өніс, картоп, бақша дақылдары 3 мың гектарға артты. Мақта дақылы 11 мың гектарға, майлы дақылдар 6 мың гектарға азайды.
Тәжірибе ретінде 3000 гектардан астам алқапқа мақта жаңа әдіспен егілді. Бұл технология су, энергия, еңбек ресурсын, минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан кемінде 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Түсім облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. Алдағы 5 жылда мақталық алқаптар 41,4 мың гектарға, күріш 1,2 мың гектарға азайып, басымдық жүгері, бұршақты, малазықтық дақылдарға беріледі.
Су үнемдеу технологиясы өсімдікке қоректі тікелей беріп, су мен тыңайтқыш шығынын айтарлықтай азайтады. Шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті 2-3 есе арттырады.