Ордабасы – шағын және орта бизнес саласы да, ауыл шаруашылығы саласы да ерекше қарқынмен дамып жатқан аймақтардың бірі. Өткен аптада өңір журналистері үшін осы ауданға арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды. Онда БАҚ өкілдері ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстармен танысты.
Биыл сәуір айында Бадам елді мекенінде ашылған «JNRAY Group» ЖШС-нің тігін фабрикасы тәулігіне 500 дана әртүрлі киім тігіп шығара алады. Жалпы құны 1 миллиард 300 миллион теңгені құрайтын фабрика аз уақыт ішінде өз тұтынушыларын тауып үлгерген. Онда тігілетін арнайы, медициналық, спорттық, әскери киімдер еліміздің ішкі нарығына жіберілуде. Серіктестік алдағы уақытта 500-ге жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтимыз деп отыр. Ауданда жыл соңына дейін 6 жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Солардың бірі – «Central Asia Aluminium» алюминий бұйымдарын өндіру компаниясы.
Одан соң БАҚ өкілдері «Бөрте милка» ЖШС-нің жаңадан іске қосылған тауарлы-сүт фермасында болды. Аталған шаруашылық биылғы мамыр айынан бері жұмыс істеп келеді. Онда жылына 3500 тонна сүт өндіру жоспарланып отыр.
Бадамда бүгінде спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Мерді-
гер – «Қаратау ЛТД» ЖШС. Іргетасы өткен жылы қаланған спорт кешені биыл пайдалануға берілуі тиіс. Қазіргі таңда ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауданда сондай-ақ, 2023 жылдан өтпелі
3 спорттық нысанның құрылысы аяқталуға жақын.
Одан соң журналистер Б.Исаханов ауылындағы «Шаңырақ» қақпасының құрылыс жұмыстарымен танысты. Қараспан ауылдық округіне қарасты нысанның құрылысын «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС жүргізуде. Қақпа жақын күндері пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, онда балаларға арналған ойын алаңшасы, орындықтар мен жарықшамдар орнатылады деп жоспарлануда.
Ордабасы ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай Темірлан ауылында Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне Шәмші аллеясының құрылысы басталған. Нысан құрылысын «Armada Stroy 2020» ЖШС-і жүргізіп жатыр. Аллея биыл шілде-тамыз айларында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
«Құртай» каналы бойындағы демалыс аймағы да алдағы тамыз айында ел игілігіне берілмек. Бүгінде құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан нысанның мердігері – «DosGrupp» ЖШС-і. Онда балаларға арналған ойын алаңшасы, орындықтар, жарықшамдар орнатылып, спортпен айналысуға барлық жағдай жасалмақ.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері Темірлан елді мекеніндегі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан 250 орынды спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұл кешен жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Тур аясында тілшілер Темірлан ауылындағы коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысымен танысты және желтоқсаншыларға арналған ескерткішке, «Ана мен бала» аллеясына барды.
Бұл күні ауданда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында грант алған азаматтардың шығарған өнімдерінің көрмесі өтті. Онда жоғары сортты шикізаттардан жартылай фабрикаттар шығаратын цех ашқан Гүлшария Манғұтованың жұмыстары көрсетілді. Одан бөлек, жылқышы Есен Үткелбаев пен жылыжай шаруашылығын ашқан Орынбасар Шұлымбаевтың жұмыстары жұрт назарына ұсынылды.
Шара соңында аудан әкімі Азат Оралбаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы айтып, әр сала бойынша жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Сөз реті келгенде айта кетейік, Ордабасы ауданында кәдімгідей оң өзгерістер байқалады. Аудан орталығы – Темірлан жасарып кеткендей әсерде қалдырады. Тоғыз жолдың торабындағы Бадам да жұтынып тұр. Елде еге бары білінеді. Басшы да, қосшы да ортақ іске жұмыла кіріскен. Бұл сапардан «береке осындай елге келмегенде, қандай елге келеді?!» деп аттандық.
А.ПАЙЫСХАН.