Қарқынға қарқын қосуда

News
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Түркістан облысында көпқабатты тұрғын үйлер салу қарқынды жүріп жатыр. Соның бірі – «Отырар» шағынауданында орналасқан 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысы. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды таяуда осы нысандарды аралап, құрылысқа жауапты мердігер компаниялардың басшыларымен кездесті. Оларға бірқатар міндеттер жүктеді. – Бұл үйлердің тиісті қаражаты бөлінген. Мемлекет пен халық алдында жауапкершілік алған соң жұмысты сапалы атқарған жөн. Үйлер талапқа сай әрі уақтылы тапсырылуы тиіс, – деген Дархан Амангелдіұлы мердігерлердің ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Үйлерге кіріп, пәтерлерді аралап көрді. Сапасын тексерді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын «Отау строй», «Дос и К сервис», «Ақ-Жол», «Ынтымақ Бес-Арыс», «CK NEW CITY», «РСУ-1», «TOLAGAI-2050» ЖШС-тері жүргізіп жатыр. Бас жобалаушы – «Project Building» ЖШС. Құрылысшы мердігерлер облыс әкіміне жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді. 11,4 гектарға орналасқан кешендегі жалпы пәтер саны – 800. Пәтерлердің ауданы 50 414 шаршы метрді құрайды. Өткен жылдың тамыз айында басталған тұрғын үйдің құрылысы алдағы тамыз айында аяқталып, ел игілігіне берілмек. Айта кетейік, облыс құрылғаннан бері құрылыс қарқыны 2,9 есеге өсті. 176 көпқабатты үй салынды, 40 мыңдай отбасы жаңа пәтерге ие болды. 232 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Түркістан қаласында шамамен 80 мың тұрғынға инфрақұрылым жасақталып, тұрғын үй салынды. Жаңа шағынаудандар бой көтеріп, талай отбасының баспана мәселесі шешілді.