Төлеби ауданы ауыл шаруашылығы саласында да, құрылыс саласында да облыста алдыңғы қатарлы аймаққа айналып келе жатыр. Ауданға тартылған инвестициялық жобалардың арқасында өткен жылы мұнда өндірілген өнім көлемі 106,4 млрд. теңгеге жетті. Десе де, ауданда түйткілді мәселелер де жоқ емес. Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың төрағалығымен өткен мәжілісте бірқатар мәселелер талқыланды.
Су үнемдеу технологиясын ендіру жұмыстарының барысы және үш жақты келісімнің орындалуы жөнінде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Райымбеков баяндады. Ауыл шаруашылығы саласының бес айдағы өнім көлемі 11 млрд. 773,8 млн. теңгеге, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 406,7 млн. теңгеге жеткен.
Ауданда тамақ өндірісіне тартылған инвестиция көлемі 1,29 млрд. теңгені құрайды. Егістік көлемі 65 636 гектарды құрап, 334 гектар аумаққа су үнемдеу технологиясы енгізілген екен. Егіс алқаптарын минералды тыңайтқышпен (аммиак селитрасы, карбамид) үстеп қоректендіру жұмыстарын жүргізу жоспары 2,2 мың тонна болып орындалған. Айта кетерлік тағы бір жайт, 37 ауыл шаруашылығы техникасы жаңаланып, шаруа қожалықтарында мал басын асылдандыру жұмысы қарқынды жүргізілуде.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – аудандағы қоғамдық-саяси ахуал тақырыбы бойынша аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев баяндама жасады. Осы бағытта Төлеби ауданы аумағында қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы дағдарыстық жағдайлар туындаған кезде мемлекеттік органдарды жедел құлақтандыру және ақпараттық ден қою алгоритмін жыл басында аудан әкімі қайта бекіткен. Сонымен қатар, қоғамдық-саяси ахуал орын ала қалған жағдайда халық алдына шығып сөз сөйлейтін беделді азаматтардан – ауыл биі, ардагерлер, депутаттар, спорт шеберлері, белсенді жастардан, жалпы 125 адамнан тұратын спикерлердің тізімі жасақталған.
Төлеби ауданы аумағында қоғамдық-саяси және этносаралық жағдайлардың алдын алу бойынша атқарылатын жалпы төрт алгоритм мен бір іс-қимыл схемасы бекітілген. Аудан аумағында күнделікті орын алып қалуы мүмкін дау-жанжалдың алдын алу мақсатында қалада, ауылдық округ аумақтарында әлеуметтік желілерде чаттар ашылып, іске қосылған. Аудан аумағында көтерілетін өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыланып, орындалу барысы сөз болды. Жалпы, аудан көлемінде этносаралық құқықбұзушылықтардың алдын алу және салдарын жою жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Аудандағы құрылыс жұмыстарының барысы туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Құттымұрат Тұрғынбаев хабарлама жасады. Қазіргі кезде ауданда 7011 тұрғын жер телімінде кезекте тұр. Аталған мәселені шешу мақсатында 5 елді мекеннің инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылды. Леңгір қаласы, «Алатау» шағынауданындағы инженерлік коммуникациясының құрылыс жұмыстарын жалғастыруға қаржы бөлінді. Сондай-ақ, Қапал батыр көшесі бойынан 5 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысына қаржы қарастырылды. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі Төлеген Тұртай-ұлы күн тәртібіндегі мәселелерді кеңінен талқылап, оларды шешу үшін нақты тапсырмалар берді. Тапсырмалардың орындалуына жауапты мамандардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы индикаторлардың орындалуы, белгіленген межеге қол жеткізу, қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру, құрылыс саласындағы жұмыстарды ширату тапсырылды.