Созақ ауылындағы «Болыс ата» шаруа қожалығының төрағасы Шәріпжан Рысметов – табысты кәсіпкерлердің бірі. Таяуда осы шаруашылықта болудың сәті түсті.
– Менің бір көзім зағип, асқазаным ауырады, үшінші топтағы мүгедекпін. Бірақ, мүгедекпін деп қарап отырғаным жоқ. Осы шаруашылықты дамыту мақсатында отбасымызбен қолға кетпен алып атыздап, арықтап, жүйектеп, жұмыс істеудеміз, – дейді Шәріпжан диқан.
Ол 1982 жылы В.И.Ленин атындағы орта мектепті бітірген соң, Созақ селосындағы кәсіптік-техникалық училищені үздік бітіріп, ауылда төрт жыл құрылыс саласында жұмыс істейді. Сол уақытта елімізде «Тұрғын үй» бағдарламасы бойынша құрылыс жұмыстары қарқын алып жатыр еді. Шәріпжан ауылда көптеген тұрғын үй тұрғызуға атсалысады. Кейін ата кәсібі диқаншылықты қолына алады.
Шәріпжан Рысметов басқаратын «Болыс ата» шаруа қожалығы 2019 жылдың басында 10 гектар жерге түрен салды. Оның 4 гектарына қауын, 6 гектарына қарбыз екті. Ауыл жастарын жұмысқа тартып, 10 адамды келісімді айлығымен тұрақты жұмысқа алды. Сол маусымда 200 тонна қауын, 400 тонна қарбыз жиналды. Жиналған өнімдерін Ресейдің Новосібір өңіріне жіберді.
Осы жерде бір мәселені айта кетейік, Шәріпжан Ресейге қарбыздың әр келісін 45 теңгеден жөнелтсе, жерлестеріне 25 теңгеден сатты.
– Біздегі өнімдерде қауын-дарбыздарымыз «дәрі жемеген». Таза қол еңбегі, маңдай тердің күшімен келген несібе, ризық. Мұнда қауынның әміре, әбінауат, торлама, басыбалды, бөрікәллә, көктырна деген түрлері бар. Қауындардың ұрығын Өзбекстанның Әндіжан облысындағы питомниктерден алдырдық. Арнайы лабораториялық тексеруден өткен ұрық болған соң ол қауіпсіз, әрі таза, әрі дәмді. Теңгесін төлеп алған тұтынушы да сенімді
болады.
Қыркүйек айында қауын-қарбыздардың кеш пісетін түрлерін үземіз. Жиі-жиі хабарласып жатқан тұтынушыларда есеп жоқ. Жиын-терім аяқталған соң қолдағы малды осы 10 гектар жерге жайылымға жібереміз. Содан кейін бордақылауға қоямыз. Күз айында жерді келесі жылға дайындаймыз. Егістік дақылдардың орнын ауыстырып, кезек-кезегімен егеміз, – дейді шаруашылық басшысы.
«Болыс ата» шаруа қожалығы егістік көлемін жыл сайын ұлғайтып келеді. Былтыр 21 гектар жерге егін екті. Соның 8 гектарына жоңышқа, 4 гектарына жүгері, 6 гектарына қауын-қарбыз, 1 гектарына картоп екті. Ауыл жастарын жұмысқа тартып, 8 адамды келісімді айлығымен тұрақты жұмысқа алды. Ресейдің Екатеринбург, Уфа, Октябрьск, Самара, Челябинск қалаларына өнімдерін жөнелтті.
Аудан тұрғындары да қожалық еккен қауын-қарбыздан дәм татты. Қарақұр, Қаратау, Шолаққорған, Жуантөбе, Тасты ауылдары мен Қыземшек, Таукент кенттерінен 10-15 жеңіл көлікпен келіп, қауын-қарбызды 6-7 тоннадан артып әкетіп жатты.
Айта кетейік, «Болыс ата» шаруа қожалығы қайырымдылық шаралардан да тыс қалған емес. Жыл сайын Түркістан қаласындағы жетім балалар мен мүгедектер үйіне, ардагерлер үйіне, Шымкент қаласындағы №4-ші қалалық балалар үйіне, қалалық мүгедек балалар үйіне екі тонна көлемінде қарбыз жеткізіп береді.
Бүгінде «Болыс ата» шаруа қожалығы жаңбырлатып суару әдісін қолданады. Қожалық аумағына 15 электр бағанасы тартылды. Трансформатор орнатылды. Қожалық жаңбырлатқыш құрылғыны 9 миллион теңгеге сатып алыпты.
Бүгінгі таңда қожалықтың егіс алқабында 8 жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Олар айына 125 мың теңге жалақы алады. Түскі тамақтары тегін. Қауын-қарбыздан да алып тұрады.
Шәріпжан Рысметов бау-бақша өсіруді өзбекстандық диқандардан үйренген екен. Одан кейін Ташкент қаласындағы ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен интернет арқылы байланыса отырып, тәжірибесін жетілдіріпті.
Шәріпжан аға жұбайы Гүлжамал Мадиярқызы екеуі екі ұлдан сегіз немере сүйіп отыр. Бір немересі каратэ-додан республиканың екі дүркін чемпионы.
– Менің ендігі ойым жастарды ауылға тұрақтандыруға үлес қосу. Бұл – өте өзекті мәселе. Жастар ауылдан қалаға неге кетеді? Өйткені, ауылда жастар демалатын орындар жоқ. Айлық аз. Жастардың айлығын көтеріп, тұрғын үймен қамтамасыз етіп, ойын-сауық орталықтарын ашуымыз керек, – дейді тәжірибелі диқан.
Жалғыз шаруамен емес, оймен де алысып жүрген ауыл азаматының әрбір тірлігіне разы болып аттандық.