Қытай кәсіпкерлері өз тәжірибелерін бөлісуге дайын

News
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегацияның Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапары аясында 20-дан астам меморандумға қол қойылып, маңызды келіссөздер жүргізілді. Облыс әкімі Бейжің қаласының іскер топтар өкілдерімен G2B форматта маңызды кездесулер өткізді. Онда құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс, жиһаз өнеркәсібі және басқа да салалар бойынша екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесудің негізгі мақсаты – Түркістан өңірінде өндірісті дамытуға жеке инвестициялар тартуға, отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласын сапалы және заманауи техникамен қамтамасыз етуге, отандық өндірісті дамыту саласында сындарлы өзара іс-әрекетті жолға қоюға ықпал ету. Бүгінгі күндегі отбасылық бизнес – бүкіл әлемге кеңінен таралған кәсіпкерліктің түрі. Отбасылық бизнес құруға қазіргі таңда Түркістан өңірі де ден қойды. Отбасылық (туыстық) бизнес үлесі құлашын кеңге жайып келеді. Әлемнің дамыған елдерінде атадан балаға мұра болып қалатын кәсіп экономиканың негізгі қозғаушы күші болып есептеледі. Облыс әкімі жүздескен компаниялардың басым бөлігі осы отбасылық бизнес өкілдері. Атап айтқанда, олар ауыл шаруашылығы өнімдерін егуден бастап, терең өңдеп, әлемдік нарыққа дейін шығарады. Жоғары технология, компьютерлік жүйе, экологиялық таза өнім сатуды мықтап қолға алған кәсіпкерлер Түркістан облысына инвестиция құюға, жергілікті шаруалармен тәжірибелерін бөлісуге дайын. Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Сондай-ақ, 2024 жыл «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» екеніне тоқталып, бұл отандық туристік компанияларға, сондай-ақ, туризм нысандарын кеңірек насихаттауға мүмкіндік беретінін жеткізді. Облыс әкімі атап өткендей, туристік әлеуетті жоғарылату арқылы экономиканың да әлеуетін көтеруге мүмкіндік бар. Визасыз режим екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға және ҚР мен ҚХР арасындағы туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал етеді. Бұл әсіресе, алдағы «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» аясында өте өзекті. Ең үлкен аймақ саналатын Түркістан өңірінде өндірісті дамытуға күш салынған. Облыс орталығында жиһаз өндірісі бүгінде заман талабына сай дамып келеді. Бұл салада көш бастаған Қытай кәсіпкерлері өз тәжірибесімен бөлісіп, қолдау білдіруге ниетті. Қазіргі уақытта Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өңірдің негізгі инвестициялық алаңдары – жалпы аумағы 540 гектар 10 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Онда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі және дайын өндіріс алаңдары ұсынылады. Арнайы экономикалық аймақ өз қатысушыларына салықтардан, кедендік баждардан және инфрақұрылымы бар жер учаскелерінен өтеусіз негізде босатуды қамтитын ерекше құқықтық режимді ұсынады. Сонымен қатар жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «шағын өнеркәсіптік парктер» салынуда. Аталған өндірістік ғимараттар бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен жалдау және сатып алу құқығымен беріледі.