2024-2030 жылдарға арналған «Су ресурстарын басқару» тұжырымдамасына сәйкес, 2,4 текше шақырым су көлемін қамтамасыз ету үшін 20 су қоймасын салу көзделген. Мемлекеттік меншікте болатын су қоймаларының алғашқысының құрылысы Түркістан облысында басталды. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданындағы «Бәйдібек ата» су қоймасы тау суын жинап, егістік алқаптарды ағын сумен қамтуға, Бөген өзенінен қосымша 153 млн. текше метр су жинауға мүмкіндік береді. 68 млн. текше метр су сыятын жобаның құны – 15,7 млрд. теңге. Дамбаның ұзындығы – 4,2 шақырым.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Бәйдібек ауданында болып, стратегиялық маңызды нысанның құрылысымен танысты. «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы» жобасын іске асыруға 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге қаралған. Жоба жетекшілері маңызды нысанның құрылысына қажет қаражаттың уақытында бөлінуін күтіп отыр.
Қаржы толық түскен жағдайда нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Бүгінгі таңда негізгі бөгеттің жер жұмыстары және 20 шақырымды құрайтын арнаның бетондау жұмыстары жүргізілуде. Құрылысқа 148 адам және 161 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар құрылыс сапасын бақылау үшін арнайы лаборатория, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелер нысан басында жұмыс істеуде.
Түркістан өңіріндегі аймақтарда су тапшылығын шешу үшін бірнеше су нысанының құрылысы басталып, 2 нысан пайдалануға берілді. «Кеңсай–Қосқорған–2» су қоймасы арқылы жылына қосымша 34 млн. текше метр ағын су жеткізуге мүмкіндік бар. Ал, Түркістан магистральды каналының 59 шақырымын бетондау арқылы 60 млн. текше метр су үнемделді. Бұдан бөлек, «Боралдай» су қоймасы салынады. Ауқымды жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі 230 млн. текше метр су тапшылығын жою тиімді шешілуде. Бұл жобалар Түркістан облысының су ресурстарын басқарудың үнемді әрі табиғи моделі саналады.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Шаян ауылындағы 300 орынды мектеп ғимаратының құрылысын аралап көрді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептің тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ы. Құрылысты «Тамыз құрылыс ББК» ЖШС жүргізуде.
Былтыр тамыз айында басталған мектеп ғимаратын биыл толықтай бітіру көзделуде. Учаскенің жалпы ауданы 2,8 гектарды құрайды.
Өңір басшысы мердігер мен осы салаға жауапты азаматтарға жұмысты жеделдету жөнінде тапсырма берді. Туындаған мәселелерді дер кезінде шешуді ескертті. Бұл мектеп өзге білім ұяларына үлгі болып, оқушылар мен ұстаздарға жағдай жасалуы керектігін жеткізді. Мектепті білікті ұстаздармен қамту мәселесі де назарға алынады.
– Бұл жобаның жүзеге асуы – сіз бен бізге сын. Кәсіби мамандар жасақтауды тездетіңіздер. Ең бастысы, құрылысты кешеуілдетуге ешқандай жол беруге болмайды. Осыны ұмытпайық. Сапаның ақсамауын қадағалаңыздар, – деп атап өтті Дархан Амангелдіұлы.
Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орынды 63 мектеп салу жоспарланған. 29 жайлы мектептің құрылысы биыл аяқталады.
Құрылыста отандық өнімге басымдық берілген. Қажетті жиһаз көлемі ауқымды болуына байланысты Түркістан облысында жиһаз шығаратын кәсіпорындар көптеп ашылуда. Жаңадан ашылатын мектептерді немесе облыстағы жалпы мектептерді орындық, парта, тақта және т.б. қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мен мектептің ішкі бөлігін безендіруде Binom School мектептер желісінің тәжірибесі ескеріледі.
Бәйдібек ауданындағы пайдалы қазбаларды зерттеп, анықтап, соған сай жаңа өндіріс орындарын ашу керек. Бұл ретте ауданның әлеуеті жоғары. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамыту маңызды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тұрғындармен кездесуінде осындай ойлар, ұсыныстар айтылды. Жұртшылық тарапынан түрлі мәселелер көтеріліп, тиісті жауаптар берілді.
– Біз мемлекеттік бюджет есебінен инфрақұрылымды жақсартамыз. Бірақ, әр ауданның өзіндік табысы, кірісі болуы керек. Ол үшін өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту аса маңызды. Ауданның әлеуеті өте жоғары. Ізденіс, талпыныс, ниет қажет. Мемлекет басшысы өндірісті дамыту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізуді тапсырды. Осыған орай өңірімізде су үнемдеу технологияларын шығаратын зауыттар ашылып жатыр. Бұл жұмыстар Бәйдібек ауданында да жандануы тиіс. Аудан инфрақұрылымын
жақсарту мақсатында былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы 1,7 млрд. теңге бөлініп, 10 елді мекенде 24 жоба іске асты. Жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар салынды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1,3 млрд. теңгеге 199 жоба қаржыландырылды. Бұл жұмыстар жалғасады, – деген Дархан Амангелдіұлы аудан әкімі мен басқарма басшыларына барлық бағытта индикаторларды орындау бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Кейбір салалардағы кемшіліктерге тоқталып, тиісті шешім қабылдауды міндеттеді.
Жиында аудан әкімі Ерлан Нұрмахановтың есебі тыңдалды. Жалпы өңірлік өнім көлемі соңғы
3 жылда 29 пайызға өсіп, былтыр 61 млрд. теңгені құрады. Биыл
5 айда 15 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,7 пайызға өскен. Биыл 5 айда өзіндік кірістер 1,2 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 49 пайызға артқан.
Кездесуде тұрғындар инфрақұрылым, спорт кешенін салу, электр қуатының сапасы және өзге де мәселелер бойынша өтініштерін айтты. Жеке қабылдауда да түйткілді мәселелер тарқатылып, барлық өтініш пен ұсыныс бақылауға алынды, алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.