Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласын дамыту үшін инвестиция тартуды көздеген кәсіпкерлермен кездесіп, олардың инвест жобаларымен танысты.
Аудандағы Зертас ауылдық округінде жеке кәсіпкер «AZIA MILK» маркасымен тауарлы-сүт фермасын ашпақ. Кәсіп иесі 10 гектар жерге Израиль технологиясы негізінде ферма ашуды көздеп отыр. Тауарлы-сүт фермасы аумағында 1 200 ірі қара малға арналған орын жем-шөп базасы, сүт өнімдерін дайындайтын арнайы ғимарат болады. Ферма барлық қажетті заманауи технологиямен жабдықталмақ. 2024-2027 жылдар аралығында жүзеге асырылатын бұл жоба жеке инвестор есебінен жүргізіледі. Жоба құны – 1,3 млрд. теңге.
Ауданда балық шаруашылығы да дамып келеді. Жуырда аудан әкімі Киелітас ауылдық округіндегі жеке кәсіпкердің балық шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен 0,5 гектар аумаққа 10 тоннадан астам сазан балығын өсіріп жатыр. Оған шамамен 350 млн. теңге жұмсалыпты. Одан бөлек, 1,6 гектар жерге демалыс аймағы салынған. Ол тамыз айында жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр.