Түркістан облысында өткен жылдан бастап ауыл халқының тұрмысын түзеуге мол мүмкіндік сыйлаған «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Өз кәсібін бастауға ниеттенген азаматтарға қолдау болған бастаманың нәтижесі де жаман емес. Бұл жайында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Қалданов пен «Ырыс» микроқаржы ұйымының басқарма төрағасының орынбасары Берік Бекбенбетов баспасөз жиынында кеңінен баяндап берді.
Бүгінде өңірде 92,8 мың агроқұрылым жұмыс істеп тұр. Бұл – республика көлеміндегі агроқұрылымдардың 31 пайызы. Олардың басым бөлігі ұсақ шаруашылық негізінде құрылғандықтан «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының табысы мен әлеуметтік жағдайларының жақсаруына оң әсерін тигізген. Атап айтқанда, былтыр бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге бөлініп, басымдық берілген негізгі 6 бағыт бойынша 3 256 жоба қаржыландырылған. Яғни 16 ауданға қарасты 64 ауылдық округтің тұрғындары 2,5 пайыздық үстемемен жеңілдетілген несие алған. Нәтижесінде 3413 жаңа жұмыс орны пайда болып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайып, табыс көзі ұлғайған. Шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар саны 2 544-ке көбейіп, 64,2 мың мал сатылып алынған. 19 қайта өңдеу кәсіпорыны ашылып, 75 өндірістік кооператив құрылған, 16,4 гектар алқапқа 328 жылыжай салынған. Бүгінгі күнге дейін осы жобалар аясында 30 млрд. теңгенің өнімі өндіріліпті.
– «Ауыл аманаты» жобасы облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің макро-экономикалық көрсеткіштерінің тұрақты дамуына оңды әсерін тигізді. 2023 жылы жалпы өнім көлемі 1 трлн. 1 158,7 млрд. теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 102 пайыз. Өңір агросалада республикада алғашқы орынға шығып, үлесі 13,3 пайызды құрады. Еңбек өнімділігі 107,2%-ға, орташа жалақы 114,3%-ға және қайта өңдеу көлемі 106,9 пайызға көтерілді. Жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық берілді. Кооперативтерге 992 млн. теңгеге 40 ауыл шаруашылығы техникасы мен түрлі жабдықтар сатып алынды. Үлгілі кооперативтер өнім өндіруден оны өңдеп өткізуге дейін табысты жұмыс жүргізуде, – дейді Бауыржан Қалданов.
Ресми дерекке сүйенсек, өңірде өндірілетін өнім көлемі 1 трлн. теңгені құрайтын болса, оның 15,5 млрд. теңгесі кооперативтердің үлесінде. Облыста 794 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеп тұр. Олардың 156-сы егін шаруашылығы, 82-сі мал шаруашылығы, қалғандары қызмет көрсету бағыты бойынша жұмыс істейді.
Спикерлердің айтуынша, биыл өңірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 10,6 млрд. теңге бағытталып отыр. Жобаға
62 ауылдық округтің тұрғындары мен алпыстан астам кооператив қатысады. Нәтижесінде шамамен егін шаруашылығы бойынша – 300, мал шаруашылығы бойынша – 272, құс шаруашылығы бойынша – 170, балық шаруашылығы бойынша – 111, кооперативтерді жабдықтау бойынша 62 және өз кәсібін ашу бойынша 300 жоба қаржыландырылады. Жалпы, биыл бағдарлама арқылы 1 215 жобаға қолдау көрсетіліп, 1 701 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Соның нәтижесінде АӘК алушылар саны 360 адамға қысқармақ. Несие беру жұмыстары қаржыландыру жоспарына сәйкес осы тамыз айынан басталады. Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қаржы министрлігі және Түркістан облысы әкімдігінің арасында үшжақты келісімшарт түзіліп жатыр.
«Ырыс» микроқаржы ұйымы басқарма төрағасының орынбасары Берік Бекбенбетовтің сөзіне сүйенсек, биыл бағдарлама электронды платформа арқылы жүзеге асырылатын болады.
– Жүйені әзірлеуші – Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Агро-өнеркәсіптік кешеніндегі экономикалық саясатты талдау орталығы» ЖШС. «Ауыл аманаты» электронды жүйесі Қазақстан Республикасындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін шағын бюджеттік кредиттер беру процестерін жаңғырту және оңтайландыру мақсатында құрылған. Оның негізгі қызметтері – несиелік өтінімдерді беру, қарау және басқару үшін тиімді, ашық, сондай-ақ, және автоматтандырылған платформаны қамтамасыз ету болып табылады, – деді ол.