Жақсылығы көп жарты жыл

News
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Түркістан облысының қолайлы ауа райы ауыл шаруашылығы өнімдерін жыл бойы өсіруге мүмкіндік береді. Өңір халқы да ауыл шаруашылығына машықтанған. Биылғы жарты жылдың көрсеткіші бойынша ауыл шаруашылығы саласында оң өзгерістер байқалады. Түркістан облысында жыл басынан бері өнім көлемі 216,9 млрд. теңгені құрап, өсім 107,1%-ға жетті. Бұл – республикадағы жоғарғы көрсеткіш болып есептеледі. Осы 6 айда 578,5 мың тонна ет және сүт өнімдері өндірілді. Нәтижесінде мал шаруашылығының өнім көлемі 171,2 млрд. теңгені құрап, өсім 106,9%-ды көрсетті. Бұл көрсеткіштің 139%-ы Сайрам ауданының, 132%-ы Қазығұрт ауданының, 125%-ы Кентау қаласының үлесінде. Облысқа қарасты елді мекендерде егін алқаптарының аумағы ұлғайып келеді. Өнім көлемі де артқан. Биыл 23,6 мың тонна бидай, арпа және бақша өнімдері жиналды (105,5%). Егін шаруашылығының табысы 41,4 млрд. теңгеге жетіп, өсім қарқыны 109%-ға артты. Оның ішінде Бәйдібек ауданында өсім қарқыны 11,6 есе артса, Қазығұртта – 117%-ға, Шардарада 112,2%-ға жетті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды кезекті мәжілісте жауапты сала басшысы мен аудан, қала әкімдеріне өнімділікті арттыруды тапсырды. Кемшіліктерге жол бермеуді, жаңа технологияларды ендіру бойынша жұмысты күшейтуді жүктеді. Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде ауыл шаруашылығында су үнемдеу әдістері мен технологияларына кешенді көшу шаралары қабылдануда. Өңірде егін алқаптарына су үнемдеу технологиясын ендіру жұмыстарынан бөлек, осы технологияларды шығару қолға алынған. Атап айтқанда, Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындар ашылуда. Жыл басында «BNK Group LTD» ЖШС-нің «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды. Бұдан бөлек, тамшылатып суару жүйесін шығаратын 2 кәсіпорынды іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.