Баламасы жоқ маңызды жоба

News
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Түркістан облысында қуаты 1000 МВт-қа жететін бу-газ қондырғысының құрылысы жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Самұрық–Қазына» «Самұрық–Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовпен кездесіп, осы маңызды жобаның жүзеге асырылу барысын талқылады. Өңір басшысы бұл жобаға әкімдік тарапынан толық қолдау көрсетілетінін айтып, «Самұрық–Қазына» АҚ-мен бірге басқа да жобаларды талқылауға дайын екенін жеткізді. – Энергетикалық қауіпсіздік – маңызды мәселе. Облысымызда құрылысы басталған бу-газ қондырғысына үлкен үміт артылып отыр. Жобаның уақтылы әрі сапалы жүзеге асуына мүдделіміз және толық қолдау көрсетеміз, – деді Дархан Амангелдіұлы. «Самұрық–Энерго» АҚ басқарма төрағасы бу-газ электр стансасы құрылысының қазіргі жай-күйін баяндады. Бүгінде онда жерді құрылысқа әзірлеу жұмыстары аяқталып келеді. – Құрылыс барысын бақылап, көріп келдім. Жұмыс қарқынды жүруде. Қазір онда 300 адам жұмыс істеп жатса, 2025 жылы құрылысқа 2 мыңнан аса жұмысшы тартылады деп жоспарланып отыр. Бұл жоба арқылы оңтүстік аймақтағы энергия тапшылығы проблемасы шешімін тауып қана қоймай, өңірді индустрияландыруға тың серпін беріледі. Бұл – елімізде баламасы жоқ маңызды жоба. Бірлесе жұмыс атқарып, бу-газ қондырғысын жоспарға сай тапсырамыз деген ойдамын, – деді Қайрат Мақсұтов. Айта кетейік, Мемлекет басшысының 2021 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес Түркістан облысында қуаты 1000 МВт-қа дейін бу-газ қондырғысын салу көзделген. Жоба құны болжаммен 722,7 млрд. теңгені құрайды. Аталған жобаны іске асыру аясында Сайрам ауданынан 60 га жер аумағы белгіленді. 2025 жылы бастапқы 185 МВт электр қуаты, ал, 2026 жылдың соңында толық 1000 МВт электр қуаты өндіріледі деп жоспарлануда. Жаңа жобаның құрылысы биыл басталып, 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында 2 мыңнан астам адам уақытша, жоба толық іске қосылғанда 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.