Вьетнамдық компаниялардың бастамалары қолдау табады

News
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бастаған делегация Вьетнамға іссапармен барды. Делегация басшысы «VinGroup» компаниясының төрағасы Фам Ньят Выонгпен кездесіп, туристік, экономикалық байланыстар бойынша талқылау өткізді. Жалпы, іссапардың мақсаты – Түркістанға халықаралық туристер ағынын тарту, Түркістан әуежайының әлеуетін арттырып, Түркістан–Вьетнам әуе рейсінің ашылуына, ішкі және сыртқы туризмді дамыта отырып, өңір экономикасын көтеруге бағытталған. Іссапар барысында облыс делегациясы «SOVICO Group» басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен энергетика және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын, «Petrovietnam» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хоанг Куок Выонгпен энергетика және мұнай-газ химиясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Тоқсаныншы жылдары негізі қаланған «SOVICO Group» – Вьетнамдағы энергетика, құрылыс, банк және қаржы салаларына, сондай-ақ, авиация саласына маманданған ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. 2022 жылы компанияның табысы 20,6 млрд. долларды құраған. Аталған компания Вьетнамда және одан өзге аймақтарда әуе тасымалын жүргізетін танымал «VietJetAir» әуе компаниясының негізін қалаған. 100 Airbus ұшағынан тұратын заманауи паркі бар Vietjet жыл сайын 180 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді, ішкі және халықаралық бағыттар бойынша күнделікті 500-ден астам рейс жасайды. «Интеграция мен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету аясында вьетнамдық компаниялардың біздің өңірге келуін жоспарлап отырмыз. Біздің тарапымыздан вьетнамдық компаниялардың бастамалары жан-жақты қолдау табатынын айтқым келеді. Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы. Әуежайдың географиялық орналасуы тартымды және басқа елдерге ұшуға ыңғайлы. Өңір – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Аймақ туризмінің дамуы жолаушылар ағынына тікелей әсер етеді. Осы арқылы ішкі және сыртқы туризм ұлғайып, өңір экономикасы дамиды» деді Зұлпыхар Жолдасов. Сапар барысында түркістандық делегация Вьетнамдағы бірнеше қонақүйді басқаратын ірі вьетнамдық холдинг «Crystal Bay Group» (CBG) басшылығымен де келіссөз жүргізді. Атап өтейік, Түркістан облысында туризмді дамыту өңір экономикасының басым бағыты болып отыр. Мәселен, соңғы 3 жылда облыс туризміне 600 млн. АҚШ доллары тартылған және жыл сайын шетелден келетін туристер ағынының ұлғайғаны байқалады.