Биыл өңіріміздегі автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 37,6 млрд. теңге қаржы бөлініп, жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелерді жөндеу жоспарланып отыр. Жыл аяғына дейін 546,6 шақырым болатын 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат жиынында өңір бойынша 2024 жылға жоспарланған автомобиль жолдары саласын дамытудың орындалу барысы туралы баяндалды. Облыс басшысы сапаны назарда ұстамаған, жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді қалпына келтірмеген аудан, қала басшылары мен жауапты тұлғаларды сынға алып, тиісті тапсырмалар берді.
– Жол жөндеу жұмыстары уақтылы әрі талапқа сай жүргізілуі тиіс. Аудан, қала әкімдері мен «Қазавтожол» мекемесі және жауапты басқарма өзара тығыз байланыста жұмыс істеңіздер. Мердігерлердің жұмысын, асфальт сапасын бақылауда ұстаңыздар. Бірлесе атқаратын жұмыс көп. Жол жөндеуге қажетті бюджетті дұрыс үйлестірмеген, жұмысты кешіктірген басшылар мен олардың жауапты орынбасарларына тағы да ескертемін. Жағдайды өзгертеміз, егер жағдай өзгеріп, мәселе шешілмесе, соған жауапты адамдарды өзгертуге тура келеді, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың мәлімдеуінше, 368,1 шақырымды құрайтын 34 облыстық маңызы бар жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға берілмек. Бүгінгі таңда 3 нысан: 10,6 шақырым жол, 1 көпір, 1 жарықтандыру құрылысы пайдалануға берілді.
Аудандық маңызы бар жолдарды ретке келтіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Осы жылы 19 нысанды немесе 97,3 шақырым жолды күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтуға қаржы қаралған. Оның 31 шақырымдық 8 нысаны және 4 көпір жыл соңына дейін аяқталады.
Елді мекен көшелерінің сапасы да назардан тыс қалмайды. Биыл елді мекендерде 191 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 630,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, жыл соңына дейін 331,3 шақырымдық 122 нысан пайдалануға беріледі. Осы жылдың аяғына дейін жалпы 194,6 шақырым жолды пайдалануға тапсырып, олардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-ға жеткізу көзделуде.
Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығының Түркістан облысы бойынша филиалының тұрақты бақылауында. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 343 кемшілік анықталды. Жауапты мекемелерге ескерту хаттар беріліп, 5,7 млн. теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, 55 000 текше метр жол негізі мен асфальт жабындысы бұзылып, қайта салынды.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 702 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым (нормативтік жағдайы – 95%), облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 5717 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%), елді мекендердің көшелері – 11 268,2 шақырым (нормативтік жағдайы – 70%). Елді мекендердегі жөндеуді қажет ететін көшелердің жалпы ұзындығы 3380,5 шақырымды құрайды.