Облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Жаңа Жібек жолы» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұртай Шайакыметпен кездесті. Сонымен бірге қабылдауға келген шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізді.
– Түркістан өңіріне қош келіпсіздер! Түркістан – елімізде мақта өсірілетін жалғыз облыс. Сондықтан осы саланы мейлінше дамытып, мақта кластерін қалыптастыруды көздеп отырмыз. Біз мақта сұрыбын жақсартып, мақтаны терең өңдейтін зауыттар ашамыз. Сіздер ұсынған жобаларды қарастырып, қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Амангелдіұлы.
«Жаңа Жібек жолы» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұртай Шайакымет Сауран ауданында мақта шаруашылығын дамыту бағытында жүзеге асырғалы жатқан жобаларын таныстырды. Біріншісі – Сауран ауданы, Үшқайық ауылдық округінде су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, жоғары сортты мақта дақылын өндіру көзделген. Екінші жоба – Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округінде су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру. Сонымен бірге Ескі Иқан ауылдық округінде заманауи технологиялармен жабдықталған мақта өңдеу зауытын салу көзделген. Жоба жүзеге асса, 120 адам жұмыспен қамтылады. Бұл жобалардың бастамашысы – «Жаңа Жібек жолы» ЖШС.
Кездесу барысында өңір басшысы аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына инвесторға сүйемелдеу жұмысын жүргізуді, инфрақұрылым бойынша көмектесуді тапсырды.