Өңірімізде жүзім шаруашылығын дамытуда жаңа технологияларды қолдану көзделіп отыр. Бұл мәселе Сайрам ауданында өткен дала семинарында кеңінен талқыланды. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, ғалымдармен, шаруалармен пікір алмасты.
«Ауыл шаруашылығын дамыту: «ЭКО-бақ» жүзімдік алқаптарында экспортқа бағытталған, нарықта жоғары сұранысқа ие жүзім сұрыптарын өсіруде озық инновациялық технологиялар және заманауи машиналар кешенін тиімді пайдалану» тақырыбында өткен «Егінжай күні» семинарына білікті ғалымдар, шаруалар, кәсіпкерлер қатысты. Өзбекстаннан келген сарапшы, «Eco Fruit Conseil» компаниясының басшысы Шухрат Аброров көрші елдегі жүзім өсіру тәжірибесін ортаға салды.
Семинарда облыс әкімі Дархан Сатыбалды жүзім шаруашылығының маңызына тоқталды.
– Таптаурын тәсілдерден қашып, жаңа технологияларды батыл енгізу керек. Ғылым, ауыл шаруашылығы саласы дамып бара жатыр. Биыл Қытайға барған сапарымызда жүзім алқаптарын көрдік. Өнімділік өте жоғары әрі жүзімдері ерекше дәмді. Олар біздің шаруаларға жүзімді қалай өсіруді үйретуге дайын. Облысымызда жүзім шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Әр ауыл белгілі бір кәсіп түрі мен шаруашылыққа бейімделіп, жүйелі түрде өнім шығарса ғана экспорттық әлеует көтеріледі. Бірігу, ірілену, жаңа технологияларды енгізу өте маңызды. Бұл ретте ғалымдарымыз да көмектесіп, жүзімнің төзімді, өнім мол беретін түрлерін әзірлеуге қолдау көрсетеді деп сенемін, – деді ол.
Семинарда «ДАНА» модельді шаруашылығының құрылтайшысы, ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының академигі Бердияр Қалымбетов Сайрам ауданына зерттеуден өткізілген жүзім сұрыптары егілгенін, олар жайқалып өсіп жатқанын мәлімдеді. Арнайы технология мен машиналар кешенімен таныстырды. 3 гектар жерге жүзім егілген. Жүзім сорттары экспортқа бағытталған, нарықта жоғары сұранысқа ие. Озық инновациялық технология және машиналар кешенін тиімді пайдалану арқасында гектарынан 15 тонна өнім алу жоспарланып отыр.
Семинарда жүзім шаруашылығынан бөлек, ағаштар мен өсімдіктерді түрлі аурулардан, зиянкестерден қорғау, өнімділікті арттыру, ғылыми жетістіктерді өндіріске жедел енгізу жолдары талқыланды. Ұсынылған идеялар бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды.
Облыс әкімі Сайрам ауданындағы жұмыс сапарында «Манкент» шипажайы аумағында болып, су үнемдеу технологиясын ендіру аясында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталған шипажай Алматы қаласынан ЖК «Agro Line KZ» сатушы мекемесінен 3 дана JP90-450 барабан типті жаңбырлатып суару машиналарын сатып алып, жоңышқа алқабына орнатқан. Бүгінгі таңда онда жаңбырлатып суару жұмыстары атқарылуда. Жобаның құны 37,2 млн. теңгені құрайды, жұмыс толығымен шипажай басшылығының өз қаржысымен жүзеге асты. Жобаның ерекшелігі – қарапайым тәсілмен суарылатын жоңышқалық алқапқа қарағанда ағын су көлемін 50%-ға үнемдейді. Гектар өнімділігін 200 центнерге дейін жеткізеді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығында тамшылатып суару, жаңбырлатып суару технологияларын енгізу негізгі міндеттердің бірі екенін айтты. Осы бағытта қазіргі таңда өңірімізде су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындар ашылып жатыр.