Жаңа бастамалар үміт ұялатады

News
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Түркістан облысында өндіріс орындарының саны көбейіп келеді. Өңірдің еңбекқор халқы кіші, орта, отбасылық кәсіпті жандандыруға бет бұрған. Жергілікті кәсіпкерлер шет мемлекеттерден тәжірибе жинап, өндірісте үздік технологияларды пайдалануда. Инвесторлар тарту жұмыстары да қарқын алды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысанды аралады. Аудан әкімі Арман Сәбитов жүзеге асып жатқан жобаларды таныстырды. Облыс әкімі Ақсукент ауылдық округі, Манкент ауылында салынып жатқан «Nurym Group» түйіршіктелген құрама жем зауытының құрылыс алаңында болып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Өңірде «Іс бастаймын, кәсібімді кеңейтемін» деген азаматтарға мүмкіндік көп. Ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу қажет. Әкімдік тарапынан арнайы жер бөлу, инфрақұрылыммен қамту жұмыстарына қолдау болады. Мемлекет тарапынан жеңілдетілген бағдарламалар да бар. Зауыт, фабрикалар ашпасақ, халыққа жақсы жұмыс орындарын ұсынбасақ, өңір экономикасы көтерілмейді, – деген Дархан Амангелдіұлы жоба құрылтайшысы Сырым Ертаевпен ауыл шаруашылығын дамыту бағытында пікір алмасты. Жаңа бастамаларды жүзеге асыру маңызды екенін айтты. «NURYM GROUP» ЖШС құрама жем шығарумен айналысуды көздеп отыр. Зауыттың құрылыс жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталған. Кәсіп иесі биыл қазан айында нысан құрылысын аяқтап, өндіріс орнын жыл соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Бүгінде құрылыс жұмыстары 60%-ға орындалған. Сайрам ауданындағы зауыт жылына 20 мың тонна құбыр шығарады. Зауыт жергілікті 33 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Өңір басшысы аудандағы полиэтилен құбырларын шығаратын зауыттың жұмысымен де танысты. Жоба құны 2000,0 млн. теңгені құрайтын «ЮКЗПТ» зауыты 2015 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында іске қосылған. Бүгінде кәсіпорын өнімдері елімізде тәп-тәуір сұранысқа ие. «ЮКЗПТ» зауыты Қазақстандағы сумен және газбен жабдықтауға арналған полиэтилен құбырларының, сондай-ақ, технологиялық ұңғымаларға арналған қаптама құбырларының ірі өндірушісі болып саналады. Өндірісте ғылыми-зерттеу нәтижелерінің ең маңызды жетістіктері қолданылуда. Мұнда диаметрі 50 миллиметрден 600 миллиметрге дейінгі ПЭ-100 маркалы полиэтилен су құбырлары, диаметрі 50-630 мм аралығындағы ПЭ-100 маркалы полиэтилен газ құбырлары шығарылады. Бұдан кейін облыс әкімі Әйтеке би ауылындағы «KASPY GROUP» ЖШС-нің машина жасау және металл құрастыру зауытын аралап көрді. Зауытта өндірілген өнімнің қуаттылығы жылына 2000,0 тоннаны құрайды. 2018 жылы іске қосылған кәсіпорында ауыл шаруашылығы техникалары және ірі кәсіпорындардың құрылыс жабдықтары шығарылады. Мұнда 60-тан астам адам жұмыс істейді. Сондай-ақ, зауыт машина жасау саласына қажет арпа, бидай, мақсары өнімдерін тазалайтын құрылғылар, жаңбырлатып суаратын қондырғылар да шығаруда. Өндіріске Жапония мен Германияның технологиясы қолданылады. Еуропа елдері мен Қытайдан токарьлық станоктар, фрезерлік станоктар алынған. Қос кәсіпорын басшысымен кездескен облыс әкімі кәсіпті кеңейту, экспортқа шығару бастамасын көтерді. Жауапты тұлғаларға кәсіпорындарды дамыту бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеп, қолдау көрсетуді тапсырды.