Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өңірді инфрақұрылыммен, ауыз сумен, газбен қамту мәселелерін қарайтын штабтың кезекті мәжілісін өткізді. Мәжілісте осы саладағы өзекті мәселелер талқыланды.
– Ауыз су мен газға қатысты жобаларды уақтылы әрі сапалы аяқтау керек. Әр апта сайын әр нысан мен жобаны талқылап қана қоймай, ауылдар мен елді мекендерге арнайы барып, мердігерлердің жұмысын қадағалау маңызды. Мониторинг жұмысы тұрақты жүргізілсін. Ауыз су мен газға қатысты мәселеде қателесуге болмайды, – деген Зұлпыхар Жолдасов жауапты басқарма басшысы мен өзге де жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.
Штаб отырысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтің, әр салаға жауапты бөлім басшыларының есептері, ұсыныстары тыңдалды. Жұмысты ширату жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде ауыз су, газ, сапалы электр қуатымен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Былтыр өңірдегі «сақалды құрылыстардың» мәселесі шешілді. 2024 жылы 86 газ нысанының құрылысына қаржы бөлініп, оның ішінде 48 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 38 нысан 2025 жылға өтпелі. Өңірде жерасты су көздерін іздеу, барлау жұмыстары жүруде.
Жалпы, елді мекендерді ауыз сумен қамту, газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және жүйелі түрде жалғасын табады.