Қайтарымсыз гранттың қайырымы көп

News
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсібін бастаған арыстықтардың қатары көбейіп келеді. Олардың қатарында 38 жастағы Берік Орынбасаров та бар. Атаулы әлеуметтік көмек алушы ретінде былтыр мемлекеттен 1 380 000 теңге қайтарымсыз грант ұтып алған азамат осы қаржыға токпен жұмыс істейтін шлакоблок аппаратын сатып алған. Шлакоблоктың құрылысқа және қоршауға арналған 2 түрін шығара бастаған ол бар-жоғы бір жылдың өзінде елеулі нәтижеге қол жеткізген. Былтыр Арыста 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі қайтарымсыз грантты 65 адам ұтып алды. «Бастау бизнес» бағдарламасына өзгелермен қатар жұмыссыз жүрген Берік Серікұлы да қатысты. Комиссия қарауына нақты бизнес-жоспарын ұсынып, шлакоблокқа сұраныстың көптігін дәлелдей алды. Өзі де біраздан бері кәсіпкерліктің қыр-сырына үңіліп, кіріс пен шығысты, одан қалар табысты зерделей бастаған. Грант қаржысына алған жаңа құрылғысы өндіріс алаңының көркін қыздырып, тынымсыз жұмыс істеп тұр. Оның шығаратын құрылыс материалдарына, әсіресе, жаз айларында тапсырыс көбейеді. Өндіріс ошағы Арыстың батыс жақ бетіндегі жаңа құрылыс аумағында орналасыпты. Бұл осындағы қаз-қатар үй құрылысын қыздырғандар үшін де қолайлы. Қора-қопсы, сарай, қоршау тұрғызатындар шлакоблокты алыстан іздемей, үй іргесінен сатып алады. Мұның тиімді тұсы тасымал үшін артық шығынға батпайды. Салмағы да жеңіл емес қой: қоршауға арналған шлакоблоктың бір данасы 22 келі, ал, көлемі 20х40 см. келеді. Жүк көлігіне де, қол күшіне де салмақ салатындай түрі бар. Қарбалас жұмыс қыза түскен. Өзінің де, жұмысшыларының да демалуға уақыты жоқ. Гранттың атауы қайтарымсыз болғанымен, тынбай еңбектенген, тер төккен адамға оның қайтатын есесі, қайыры бар дейді. Екі жақты пайда десе де болатындай. Мемлекеттен алған ақшаңды қайтармайсың әрі пайда табасың. Алдына нақты мақсат қойған, оны жүзеге асыру жолында ерінбеген адам үшін ғана солай. Грант ұтып, кәсібін ашқан кейіпкеріміздің тіршілігімен танысуға арнайы барған бізге оның ретін Берік Орынбасаровтың өзі түсіндіріп берді. Ертеде алып қойған жер учаскесі біраздан бері бос жатқан екен. Берікті не істеуге болады деген сұрақ мазалаған. «Барлық істі бастау қиын. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дегендей, әу баста жүрексіндім. Іске кірісіп кеткеннен кейін барып жұмысты жүргізуге болатынын, қолдан келетініне көз жеткіздік» дейді кәсіпкер. – Ұнтақ араластырғышқа Ақсукенттен әкелінген үгінді тасты (клинец) салып, оған 500 маркалы стандарт цементін қосамыз. Су құйып, араластырамыз. Қалыпқа салынған соң, діріл тақтайшасымен (вибратормен) ұрып шығарамыз, – дейді грант иегері. Шлакоблоктың құрылысқа қажетті түрінің бір данасы 140 теңге, ал, ауланы қоршауға арналған түрі 150 теңгеден сатылуда. Басында бір ғана жұмысшы күшімен басталған шағын кәсібі біртіндеп ұлғайып келеді. Сұраныс та көбейіпті. Тапсырыс көбейгендіктен жұмысшы санын төрт адамға жеткізген. Олар күніне 1200-ге дейін шлакоблок құяды. Бейнеті ауыр іске жұмысшы табу оңай емес. Сондықтан оларға кемі 300 мың теңгеден жалақы төлейді екен. «Еңбек етсең – емерсің, ерінбесең – жеңерсің» деген қағиданы ұстанған арыстық азамат ауыр жұмыстың қайтарымын да көріп келеді. Бейнетіне сай оның пайдасы да бар. Әр айда 300-ден 500 мың теңгеге дейін таза табыс тауып жүр. Ірі тапсырыс түссе, пайдасы да көбеймек. Бұрындары табысы аз отбасы ретінде атаулы әлеуметтік жәрдемақыға мойын созып, алақан тосса, қазір грант қаржысына өз кәсібін жүргізе бастаған. «Еңбегі жанғанның тоқтысы егіз туады» демекші, Берік Орынбасаровтың өндіріс алаңына келушілер шлакоблоктан өзге септикке қажетті дөңгелек бетонға да тапсырыс бере бастаған. Содан кәсіпкер сұранысқа сай әрекет етіп, іздестіріп жүріп арнайы темір қалып тапқан. Арыс қаласының басым бөлігі орталық кәріз жүйесіне қосылмағандықтан, мұндағы жекеменшік сектордағылар септик қазып амалдайды. Айналада құдыққа қажетті бетон шығаратындар да аз. Осыны ұтымды пайдаланған азамат қосымша тапсырысты да қатар алып жүр. Әрине, кәсіп бастау, өндіріс орнын ашу айтуға ғана оңай. Қиындығы да жетерлік. Бірақ, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, осал топ санатындағыларға мемлекет қайтарымсыз грант бере бастағалы кәсібін ашып, пайдасын тауып жүргендер де жоқ емес. Солардың бірі осы азамат. Деректерге көз жүгіртсек, соңғы жылдары бизнес-жобалардың арасында өндіріс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салалары бойынша грант ұтып алғандар саны артқан. Ал, құрылыс материалдарын шығару жобасы аз екен. Берік Орынбасаров жобасын осы аз саладан қорғапты. Грант ұтқандар аз болғанымен, пайдасы көп. Ал, жұмыссыздарға грант бөлудегі түпкі мақсат – кәсібін ашып, табыс тауып, өзін-өзі жұмыспен қамтып, өзгеге алақан жаймау емес пе?!. Міне, өздеріңіз де көріп отырсыздар, қайтарымсыз гранттың қайырымы көп екен.