Кәсіпкерлердің жұмысымен танысты

News
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Түлкібас ауданына ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Қадырбек арнайы келіп, аймақтағы ауыл шаруашылығы және туризм саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сенатор алдымен Амангелді ауылындағы форель балығын өсірумен айналысатын «Амангелді» шаруа қожалығында болды. Былтыр 13 бассейнге 45 мың форель шабағын жіберген кәсіпкер, бүгінгі таңда алғашқы өнімін Шымкент қаласына және аудан тұрғындарына келісін 3 мың мен 3 мың 500 теңгеден өткізіп отыр. Алдағы уақытта қожалық сазан, ақ амур және дөнмаңдай балықтарын да көбейтуді жоспарлауда. Сазан шабақтарын да жасанды көлге жіберіп үлгерген. Келесі кезекте сенатор Майтөбе ауылындағы «Мөлдір» шаруа қожалығына тоқтады. 1999 жылы құрылған қожалықтың 616 гектар жері бар. Шаруа қожалығы жүзім, алма, шие (черешня), еккен. 2015 жылы серіктестік 110 гектар жерге қарқынды алма бауын отырғызған, бүгінде оның өнімін жинауда. Сондай-ақ, 2021 жылы Түркия мемлекетінен шиенің (черешня) мол өнім беретін көшеттерін алып келіп отырғызған. Қазір олар сыйымдылығы 3 мың тоннаны құрайтын жеміс-жидек сақтайтын қойма салу жоспарлап отыр. Іссапар «Түлкібас жеміс-жидектер» кооперативінде жалғасты. Жалпы аумағы 2200 шаршы метрді құрайтын нысанды кәсіпкер өз қаржысымен және мемлекеттік қайтарымсыз грант есебінен салған, қалғаны жеңілдетілген несие арқылы қаржыландырылуда. Мұнда алмадан ыдыстағы дайын шырын, кептірілген жеміс, кептірілген алма ұнтағын және балалар тағамын (пюре) шығару жоспарлануда. Кәсіпкер шикізатты да өзі өндірмек. Яғни өзінің 360 гектар алма бауынан шыққан өнімінің сақтауға жарамай қалған бөлігін осы өндіріске жіберсе, қалғанын аудандағы басқа да бағбандардан жинамақ. Қазіргі таңда негізгі нысанның құрылысы толығымен аяқталған. Алдағы күндері шатырын жабу және іші, сыртын әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Өндіріс орны толық іске қосылған кезде 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Мұрат Болатұлы Түлкібас ауданына іссапарын «Ақсу-Жабағылы» шипажайында тәмәмдады. Бүгінгі таңда модернизациядан өтіп жатқан елімізге танымал емдеу-сауықтыру шипажайы жобасының жалпы құны 2 млрд. теңгені құрамақ. Ол жерде заманауи емдеу-сауықтыру орындарымен қатар 250 төсек-орынға шақталған 4 жұлдызды қонақүй бой көтеруде. Сөйтіп, шипажайдың адам қабылдау қабілеттілігі екі есе артып, бір мезгілде 500 адамға дейін қабылдауға қауқарлы болмақ. Сонымен қатар жаңартылған шипажай заманауи құрылғылармен жабдықталып, физиотерапиямен, саумалмен емдеу тәсілі қосылмақ. Нысандарды аралау барысында Мұрат Қадырбек кәсіпкерлер тарапынан айтылған ұсыныстарды назарға алып, қолдау көрсетілетіндігін жеткізіп, жүргізіп жатқан істеріне сәттілік тіледі. Облыс әкімінің баспасөз қызметі.