Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдерінің даму тұжырымдамаларын тыңдауды бастады. 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштері және резервтер туралы Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай баяндады.
Аймақтың дамуының негізгі мақсаттары, таяу болашақтағы көрсеткіштер, басты бағыттар мен экономикалық бастамалар осы құжатқа енгізіледі. Ауданды дамыту үшін негізінен ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларына басымдық берілмек. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету мәселелері қолға алынады. Даму жоспарында аймақтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік сынды салалар қамтылған. Стратегиялық құжат аясында барлық салаларды дамытуға бағытталған шаралар ұсынылған.
Мәжілісте экономика және бюджеттік жоспарлау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салаларын дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары тыңдалды.
– Әр ауданның өз бағыты, бренді қалыптасып, сол бағыт бойынша дамығаны дұрыс. Әкімдердің жұмысы халықтың әл-ауқатына байланысты бағаланады. Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған міндеті – өмір сүру сапасын жақсарту. Осы бағытта жан-жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысты жандандыру керек. Индикаторлар орындалуы тиіс. Отырар ауданының потенциалы жоғары. Ауыл шаруашылығын дамыту, егістікті тиімді игеру, су үнемдейтін жаңа технологияларды пайдалану керек. Туризмді, оның ішінде сауықтыру туризмін дамыту керек. Ауданда мал бордақылау алаңы аз. Австралиялық әдісті пайдаланып, мал шаруашылығының өркениетті саудасына көшу керек. Бесінші континенттің ірі қара және қазіргі заманғы мал биржалары алақандай жерде-ақ 20 мыңға дейін мал басын ұстайды. Тек берілген тапсырманы ғана орындап отыра берсеңіздер, дамымаймыз. Бюджетке қарап, соны игеру – қате. Ондай заман өтті. Әр аудан әкімінің жүйелі жұмысы, бағыты болу керек. Іздену керек. Халықты жұмыспен қамту үшін, өндіріс орындарын көбейту үшін, қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту үшін сырттан қаржы тарту керек. Жаңа зауыттар, фабрикалар ашылуы керек. Бір алқапта бір ғана дақыл болу керек. Соны дамытып, қайта өңдеу, экспортқа шығаруды жолға қою керек. Жалпы айтқанда, жүйелі жұмыс, өз ісіне деген жауапкершілік керек, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Отырар ауданында биыл 400 сүтті сиыр фермасы және жем шығаратын цех ашылады. 1000 гектарға жуық жерге су үнемдеу технологиясы енгізіліп, ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңалау жоспарланған.
– Инвестиция көлемін арттыру үшін 2030 жылға дейінгі іске асырылатын жобалардың тізбесі жасалып, жоспарға оның 145-ін енгіздік. Оның ішінде 2025-2026 жылдары іске асырылатын жалпы құны 45,1 млрд. теңгені құрайтын 4 ірі жобаға басымдық берілуде. Төрт мақта зауыты, шағын мақта қабылдау зауыты, 1000 ірі қараға арналған мал борақылау алаңы жобасы, құрама жем шығару цехы жобалары есебінен 2030 жылға дейін жалпы ауданға тартылған инвестиция көлемі 68,6 млрд. теңгеге артады.
Биылға өнеркәсіп өнімі көлемінің жоспары 22,4 млрд. теңге болып белгіленген. Ағымдағы жылдың 7 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 15 млрд. теңгені құрап отыр. Жыл соңына дейін бекітілген жоспар толық орындалатын болады, – деді аудан әкімі.
Отырар ауданы бойынша 33 500 гектарға жуық алқапқа егін егілген. Атап айтқанда,
10 855 гектар жерге жүгері, бидай, тары және көп жылдық мал азықтық дақылдары егілді. 500 гектар күздік бидай орылған. Биыл жыл аяғына дейін 9,9 тонна ет, 27,2 мың тонна сүт өндіріледі. 2025-2026 жылдары іске асырылуы жоспарланып отырған екі ірі жоба есебінен 2030 жылға дейінгі егіс алқаптарының көлемі 67 мың гектарға, мал басы санын арттыру есебінен өнім көлемін 93,8 млрд. теңгеге, яғни екі есеге дейін арттыру көзделуде. Құрылыс, инфрақұрылым дамиды. Биыл оннан астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек. 2025-2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде 3 қонақүй құрылысы басталады. «Арыстанбаб» кесенесі мен «Отырар төбе» қалашығы аралығындағы 1,7 шақырым жол абаттандырылып, көркем сурет көрмесі мен өлкетану музейі салынады.
Аудан әкімінің баяндауынша, өңірлік өнім 2023 жылы 80,1 млрд. теңге болса, 2030 жылы ол 159,5 млрд. теңгеге жетеді немесе 2 есеге артады. 2030 жылға дейін 145 инвестициялық жобалар негізінде 3 000 жұмыс орыны ашылады. Шетелдік қонақтарды қызықтыра отырып, ауданнан шығатын өнімдерді және заманауи талаптарға сәйкес сервистік қызмет ұсынатын кәсіпкерлерді қолдауға күш салынбақ.