RC СОLA сусындары өз өңірімізде шығарылады

News
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Түркістан облысында әр ауданның өз брендін қалыптастыру бағытында жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Түлкібас ауданында қарқынды бау шаруашылығы көлемін ұлғайтуға ерекше мән берілуде. Аудандағы алма баулардың көлемі 3 мың гектарды құраса, соның 700 гектардан астамы – қарқынды бау. Биыл ауданда тағы 55 гектар жерде тамшылатып суару технологиясы енгізілген қарқынды алма бауы пайда болды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына жасаған іссапарында Шақпақ ауылдық округіндегі «Кен-Тау» ЖШС-нің қарқынды алма бауында болып, бағбандармен кездесті. Серіктестіктің директоры Қайрат Садықовтың айтуынша, алма көшеттері арнайы Түркиядан алдырылған. Тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы 30 гектар жерден 7 тоннаға жуық өнім алынды. Өндіріс орнында 150-200 адам жұмыс істейді. Алма бауында су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 6 мың тонна өнім жиналған. Түлкібас алмасы бұл күндері Қазақстанның барлық аумақтарына жеткізіледі. Сондай-ақ, көрші Өзбекстан мен Ресейде де сұраныс артқан. Айта кетейік, «Кен-Тау» ЖШС-нің қарқынды алма бау көлемі 240 гектарға жетіп отыр. Серіктестіктің 2200 тонна алма сақтайтын қоймасы бар. Кәсіпкер қыс мезгілінде алмаға сұраныстың күрт артатынына байланысты алдағы уақытта қосымша 2 тоннадан астам алма сақтайтын салқындатқышы бар қойма салуды жоспарлап отыр. Осылайша ол қыс мезгілінде 4400 тоннаға дейін Түлкібастың экологиялық таза алмасын саудаға шығармақ. Ауданның туристік-рекреациялық ресурстарын дамытып, заманауи демалыс аумақтарын салуға мүмкіндік мол. Облыс басшысына бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Туризм аумағын әрі демалыс, әрі табыс көзіне айналдыру үшін жаңа жобалар қолға алынды. Аумақта 36 туристік нысан жұмыс істейді. Атап айтқанда, 6 балалар сауықтыру лагері, 2 емдік сауықтыру орталығы, 21 туристік аймақ пен туристік базалар, 4 киелі аймақ және 3 қонақүй келушілерге қызмет көрсетеді. Туризм бағыты бойынша алдағы 3 жылда 13,4 млрд. теңгеге 5 жоба сүйемелденбек. Оның ішінде «Ақcу-Жабағылы» оңалту сауықтыру кешенін қайта құрылымдау және «Түлкібас саясы» ЖШС-нің қолданыстағы емдік- сауықтыру орталығын кеңейту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар «Ақcу-Жабағылы» ОСК» ЖШС арқылы 400 орынды оңалту-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынады. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлер есебінен «Патсаев. К» және «Боташов Б» демалыс орындары ашылмақ. Сонымен қатар туризм саласын дамыту мақсатында аудан аумағынан 80 гектар жерге спорт, мәдени, емдік-сауықтыру бағытында Иірсу, Жабағылы рекреациялық аймақтарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аймақта киіз үйлер қалашығын, коттеджді қалашықтар, қонақ- үйлер, ойын-сауық орындары, жабық спорттық залдар, ашық спорт алаңдарын және тағы басқа нысандар салу үшін жер телімдері ұсынылатын болады. Осының бәрі жүзеге асқанда 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Одан бөлек, қосымша төсек-орын саны да көбейіп, салық түсімдері ұлғаяды деп күтілуде. Әлемнің сүйікті алкогольсіз сусыны – RC СОLA сусындары енді өз өңірімізде де шығарылады. Түлкібас ауданындағы RC Сola атауымен алуан түрлі ауыз су және хош иісі бар сусындар шығаратын «Beibarys Bottlers» ЖШС-і биыл іске қосылады деп жоспарлануда. Жаңа кәсіпорын заманауи өндірісте қолданылатын көп сатылы су тазарту жүйесін пайдалану арқылы судың мінсіз сапасына кепілдік береді. Су зауыт аумағында орналасқан тереңдігі 170 метр ұңғымалардан алынып, итальяндық технологиямен тазартылады. Су сапасына АҚШ және Италияның атақты зертханаларының сапа қорытындысы берілген. Жаңа жобаның жалпы құны – 7 млрд. 600 млн. теңге. Зауыт соңғы үлгідегі неміс технологиясымен жабдықталуда. Серіктестікте 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ауданға іссапармен келген облыс әкімі Дархан Сатыбалды зауыт басшылығымен және жауапты сала жетекшілерімен кездесіп, өндірістік-инженерлік инфрақұрылыммен қамту бойынша жұмыс барысын талқылады. Атап айтқанда, электр желісі және газ құбыры 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында жүзеге асуда. Сонымен қатар бүгінде кәріз жүйесі мен оны тазарту қондырғысының жобасы іске асып жатыр.