Үздік жаңалықтар

Түркістан облысында елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша өзекті мәселелерді шешуге күш салынады. Тұрғындарды таза ауыз су, жарық, газбен қамту, жол мәселелері – басты назарда. Осы мақсатта бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты басшыларымен кездесті. Басқосуда ауыз сумен қамтамасыз ету үшін салынып не қайта құрылып жатқан нысандар бойынша кемшіліктер ортаға салынды. Құрылысы бітпеген не созылған жобалар талқыланды. Облыс басшысы бұл саладағы проблемаларды түбегейлі шешу бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. – Тұрғындарды ауыз сумен, газбен, инфрақұрылыммен қамту – басты міндет. Облысты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі апта сайын тұрақты түрде қаралып тұратын болады. Түйткілдер болса, бірлесіп шешу жолын табайық. Ауыз су мәселесін терең талдап, аудан, қала әкімдіктері, басқармалар немесе облыс әкімдігі деңгейінде шешілетіндерін нақтылап берген жөн. Арнайы жоспар құрып, жүйелі жұмыс істеуіміз керек, – деді Дархан Сатыбалды. Түркістан облысында 831 елді мекеннің 712-сі (7 қала, 705 ауылдық елді мекен) немесе 85,7 % ауыз сумен қамтамасыз етілген. Жоспарға сәйкес, облыстағы 119 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Қажетті қаржы көлемі – 21,7 млрд. теңге. Осы мақсатта биыл 21 нысанға (23 е.м.) 5,1 млрд. теңге бөлінді. Он нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалғаны келер жылға өтпелі. Нәтижесінде 23 елді мекен ауыз сумен қамтылып, облыста ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 87 %-ға жетеді. Жиында оңтүстік аудандарды (Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал) сапалы ауыз сумен қамту мәселесі көтерілді. Оны шешу үшін «Түркістан облысындағы Өгем өзеніндегі су электр станцияларының каскады мен су құбыры» жобасын инвестиция тарту арқылы іске асыру жоспарлануда. Кентауда жер асты суларын төмендету жүйесін салу жобасының бірінші кезеңі аяқталуға таяды. Бірегей жобаның барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға баяндалды. Кенді шаһарда салынып жатқан жер асты суларын төмендету жүйесі толық жүзеге асқан соң Кентаудағы апаттың алдын алу мәселесі шешіліп, жиналған су тиімді пайдаланылмақ. Тартылған су «Қосқорған» су қоймасына құйылады. Түркістан өңіріне қосымша 70 млн. м3 дейiнгi ағын су жеткізілетін болады. Жоба аясында бұрынғы шахтаға түсетін ғимараттың ішіне 60 м тереңдікте 11 сусорғыш орнатып, «Кеншілер» саябағында орналасқан бетонды арыққа құю арқылы қала ішімен алып өту қарастырылған. Нәтижесінде Кентауда жасанды көл пайда болады. Жоба бойынша 1,5 мың шақырым жол қазылып, 5,5 шақырымға құбыр жүргізілді. Түркістан облысында энергетика саласын дамыту жұмысы жанданады Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірде энергетика саласын дамыту, тарифтерді қадағалау, осы саладағы инфрақұрылымды жақсарту мәселелері талқыланды. Мәжіліске жауапты басқарма басшылары, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры Мурат Ибрагимов, «Энергопоток» ЖШС-нің бас директоры Айгерім Кушкумбаева, «Қазақстанның коммуналдық жүйелері» ЖШС-нің бас директоры Наби Айтжанов және өзге де азаматтар қатысты. Облыс әкімі инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында қуат көздерін арттыру мәселесін көтерді. – Түркістан облысының тұрғындары негізінен ауылды елді мекендерде тұрады. Оларды сапалы инфрақұрылым, электр қуатымен қамту – маңызды міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Сонымен бірге еркін экономикалық және индустриалды аймақтарда қуаты жоғары әрі бағасы қолжетімді электрмен қамтуымыз керек. Тарифтер мәселесі де жауапты мекеме арқылы тұрақты зерделенеді, – деді Дархан Сатыбалды. Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, өңірде энергетика саласында ауқымды жұмыстар атқарылған. Облыстағы 831 елді мекеннің 815-і орталықтандырылған электр желісіне қосылған, қалған 16 елді мекен дербес электр қондырғыдан электр қуатын пайдалануда. Биыл электрмен қамтамасыз ету нысандарының құрылысына 13,1 млрд. теңге қаралып, 40 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 8-інің құрылысы биыл аяқталып пайдалануға беріледі. Ал қалған 32 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. 2024-2025 жылдары Түркістан қаласында «Сауран», «Нұртас» қосалқы станцияларының және «Орталық» қосалқы станциясынан халықаралық әуежайға дейінгі электр желілерінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Мәжілісте Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Оралов электрге жауапты компанияның тарифтері заң аясында қадағалауға алынғанын мәлімдеп, осы бағыттағы жұмыстарды баяндады.

Түркістан облысы, Сауран ауданында автожолдарға ағымдағы және орташа жөндеу, бағдаршам және жол белгілерін орнату, веложолдар, аяқжолдар мен суағарлар салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы биыл 36 шақырымды құрайтын автожолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Негізінен аудан бойынша аудандық маңызы бар 119,3 шақырым автомобиль жолы бар. Оның 68 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Ал ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы 625 шақырымды құрайды. Оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар 403 шақырым. Қазіргі таңда КХ-58 «КХ-84 Нұртас-Шорнақ-Бабайқорған» 27-31,2 км автомобиль жолын орташа жөндеу, жарықтандыру, аяқжол және суағар салу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ аудан аумағында орналасқан мектептердің алдына жасанды жол кедергілері мен жол белгілері орнатылуда. Айта кетейік, 2023 жылы ауданға қарасты аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, сараптамалық қорытындысымен сметалық құжаттама әзірленуде. Сауран ауданында 15 шақырым жол жөндеуден өтті Түркістан облысында жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қадағалуында тұр. Бұл ретте Сауран ауданында да жұмыстар жүріп жатыр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Сауран ауданындағы жалпы ұзындығы 15 шақырымды (Ойық ауылымен Ащысай ауылының арасы) құрайтын облыстық маңызы бар КХ-56 «Жамбыл облысының шекарасы-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай - Р-31» автомобиль жолының 76-91 шақырымы аралығына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық пайдалануға берілді. Құрылысын «Шымкентдорстрой» ПК» ЖШС жүргізді. Жөндеу жұмыстары кезінде ескі асфальт қабаты алынып, үстіне 2 қабат асфальт жабындысымен жаңартылды. Жүргізілген жұмыстардың сапасы тапсырыс беруші, техникалық қадағалаушы «Оңтүстік жолдары» МКК және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК тарапынан тұрақты бақылауда болды. Сауранда келесі жылы бірқатар нысандар пайдалануға беріледі Сауран ауданының орталығы Шорнақ елдімекенінен 38 га жер бөлініп, онда аудандық әкімдік, күштік құрылымдар ғимараттары мен инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков мәлімдеді. Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл нысан келесі жылдың басында қолданысқа беріледі. Әкімшілік іскерлік орталықтағы басқа да ғимараттарды 2023 жылы толық пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Шорнақ елдімекенінде өрт сөндіру депосы мен 200 орындық аудандық орталық аурухананың, 500 орындық мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Аудан әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша ауданда 7 мектептің құрылысына арнайы жер орындары белгіленіп, құжаттары рәсімделген. 2023-2024 жылдар аралығында С.Қожанов елдімекенінде 300 орындық, Еңбекші дихан мен Қарашық елдімекендерінде 600 орындық, Аша, Ынталы және Құмтүйін елдімекендерінде 900 орындық, ал Ескі Иқан елдімекенінде 2 000 орындық мектептің құрылысы басталып, ел игілігіне тапсырылмақ. Қазіргі таңда Ескі Сауран қалашығының аумағында «Сапар орталығының» құрылысы жүргізілуде. Ал Оранғай ауылдық округінде жоба құны 2 млрд 200 млн теңгені құрайтын емдік сауықтыру және ойын-сауық қонақ кешенінің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жеке демеушілер тарапынан іске асырылып жатқан қонақүй келер жылы пайдалануға беріледі.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардара ауданы тұрғындарымен кездесті. Жүздесуде тұрғындар тарапынан инфрақұрылымды жақсарту, мектеп тапшылығы, жол, каналдарды жөндеу, электр мәселелері бағытында сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Әр тұрғынның мәселесі маңызды екенін айтқан өңір басшысы Шардараны дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларды баяндады. – Біздің мақсатымыз – сіздермен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі аймақтың проблемаларын сіздер жақсы білесіздер. Шардара – облыстың оңтүстік бөлігіндегі дамып келе жатқан аудан. Әлеуеті өте жоғары. Мұнда жағажай туризмін, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік мол. Шардара қаласында кәріз жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Ауданды, ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасын табатын болады. Менімен бірге құқық қорғау органдары мен департаменттер, басқармалар басшылары сіздерді тыңдау үшін түгел келіп отыр. Сұрақ, арыз- шағым, өтініштер қабылданады. Біз үшін әр тұрғынның өтініші маңызды, – деді Дархан Сатыбалды. Жеке және біріңғай қабылдауда да тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер қозғалды. Өңір басшысы әрбір ұсыныс пен өтініш хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүретінін айтты. Кездесуге құқық қорғау органдары мен басқарма, департамент басшылары да қатысып, елдің арыз-шағымы мен өтініштерін тыңдады. Ашық пікір алмасу өтіп, күрделі түйткілдердің түйіні тарқатылды. Жүзден астам тұрғын басшылармен еркін пікір алмасып, көкейдегі ойларын, ұсыныстарын жеткізе алды. Бүгінде Шардара ауданының инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 13 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Шардара ауданын орталықтандырылған газбен қамту бойынша 6 жоба іске асырылуда. Оған 3,9 млрд. теңге бөлінді, келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Халықтың табысын арттыру үшін «Түркістан облысы бойынша жұмыспен қамту картасы» бекітілген. Биылдың өзінде Шардарада 897 жұмыс орнын ашу жоспарланса, қазіргі таңға 832 орын ашылды. «Еңбек» бағыты бойынша ауданда 9 айдың қорытындысымен 2893 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданның экономикалық белсенді халық санына қарай 423 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 607-і ашылған. Егіншілікте пайдаланатын тыңайтқыштың ерекше түрін шығарумен айналысатын Шардара ауданының жас кәсіпкерлері Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыдан бизнестеріне қолдау білдіруді сұрады. Шылаушын өсіріп, оны егін шаруашылығында пайдаланудың жолын тапқандар мемлекеттік грант алып, бизнес бастаған. Енді оны дамытуды көздейді. Шардара ауданында жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі мемлекет қолдауымен жеңілдіктер арқылы өз кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлердің тауар көрмесінде болды. Жаңа бизнестің көзін тапқан азаматтармен тілдесті. Облыс басшысы кәсіпкерлерге қолдау көрсету жолдарын қарастыруды тиісті сала басшыларына тапсырды. Облыс басшысы «Хамит» АӨК балық өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Бұл зауыттың балық өнімдерінің 90 пайызы шетелге экспортталып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер алған. 250 адам жұмыспен қамтылған. Балық шаруашылығын одан әрі дамыту мәселесіне тоқталған облыс әкімі осы саланы дамыту маңызды екенін айтты. Сондай - ақ ауданға жұмыс сапарында өңір басшысы Шардара қаласындағы жедел жәрдем станциясы бар 150 орынға арналған аудандық емханаға барып, құрылыс барысымен танысты. Нысан биыл ел игілігіне беріледі.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері Жамбыл облысына барды. Мақсат – шаруаларға жеңілдетілген несие беру арқылы жүзеге асқан «ауыл тұрғындарының табысын арттыру» жобасы бойынша тәжірибе алмасу. 2019 жылы Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында үйіргелік аумақтарды игеру арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытып, «ауыл тұрғындарының табысын арттыру» жобасы сәтті жүзеге асқан болатын. Түркістандық делегация бірнеше шаруа қожалығы мен копперативтерін аралап, тәжірибе алмасты. Пилоттық жобаның артықшылықтары мен тиімді тұстарын анықтап, жүзеге асыру жолдары бойынша кеңес алды. Аталған жоба Жамбыл облысында іске асқан уақытта халықтың жұмыспен қамтылуы өсіп, жобаға қатысқан адамдардың табысы 2 есеге артқан, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайып, 11 ауылдағы кәсіпкерлер саны 3 есеге көбейген. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру тәжірибесі өз тиімділігін көрсетіп, Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқан-етін. 2021 жылы Үкімет басшысымен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жобаны басқа өңірлерде кеңінен қолдану үшін жол картасын әзірлеу тапсырылып, жобаны республика көлемінде жүзеге асыру жұмыстары басталуда. Аталған жобаны Түркістан облысында іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен 20,5 млрд. теңге қаржы бағытталуда. Бұл қаржы жоба қатысушыларына жылдық 2,5% мөлшерлемемен қолжетімді несиелендіру шарттары арқылы беріледі деп көзделіп отыр. Кредит пен микрокредит мерзімі: 5 жылға дейін; мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін. Несие сомасы 2,5 мың АЕК. Қазіргі таңда облыста пилоттық жобаға қатысатын әр ауданнан бір ауылдық округ таңдалып, алғашқы 16 ауылдық округ анықталды. Ондағы халық саны 185 436 адамды құрайды. Несиелендіруді ет, сүт, жеміс-көкөніс өңдеу, балық өсіру және тері, жүн өңдеу бағыттары бойынша жүзеге асыру көзделуде. Несиелендіру жұмыстарына сенім білдірілген агент ретінде «Түркістан» ӘКК» АҚ анықталды.

Түркістан облысы әкімдігінде өңірді ауыз сумен қамту жұмыстары, осы саладағы өзекті түйткілдер талқыланды. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте осы сала бойынша әр аудан, қала әкімдіктеріндегі кемшіліктер айтылып, барлық жоба мен жоспар кеңінен талданды. – Біз үшін өңірді дамытудағы ең бірінші басымдық – елді сапалы ауыз сумен қамту. Таза ауыз су – ұлт денсаулығын сақтаудың кепілі. Сондықтан осы саладағы мәселелер терең талданып, тиісті ұсыныстар айтылсын. Мемлекет тарапынан қаржыландырылып жатқан әрбір жоба қатаң бақыланып, қадағалау жүргізілуі керек, – деді Дархан Сатыбалды. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай аймақты ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды баяндады. Оның мәлімдеуінше, Түркістан облысында 2022 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 831 елді мекеннің 712-сі (7 қала, 705 ауылдық елді мекен) немесе 85,7 % ауыз сумен қамтамасыз етілген. Облыс көлемінде ауыз су беру қызметімен айналысатын 32 кәсіпорын бар. 2022 жылы 55 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 18,3 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде 13 нысанды биыл тапсырып, пайдалануға беру жоспарлануда. Қалған 42 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен су құбыры мүлдем жоқ 11 елді мекен (Сарыағаш-3, Қазығұрт-2, Ордабасы-6) ауыз сумен қамтамасыз етіледі, 4 елді мекеннің (Жетісай-2, Ордабасы-1, Түлкібас-1) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. Биыл Жетісай, Сарыағаш, Мақтарал, Қазығұрт, Келес ауданындағы құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың барысына басқарма мамандарымен арнайы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Анықталған кемшіліктер бақылауға алынған. Аталған мәселені шешу мақсатында, «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарда көрсетілген мерзімдерге сәйкес, тозығы жеткен су құбырлары кезең-кезеңімен қайта жаңартылады. Жиынды түйіндеген облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне ауыз су мәселесін назарда ұстау, ауыз судың жер асты қорларын барлау, жобалық-сметалық құжаттар мен су нысандарының құрылысын сапалы атқару жөнінде тапсырма берді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті. Елдің көкейкесті сұрақтарына жауап беріп, өңірді, ауданды дамыту бағытындағы жоспарларын айтты. — Тарихы тереңде жатқан Арыс шаһарының өндірістік және транзиттік мүмкіндігі жоғары. Біз қаланың осы артықшылығын тиімді пайдалануымыз керек. Өздеріңіз білесіздер, апаттан кейін Арысты қалпына келтіруге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табатын болады. Арысқа газ келді. Бұл арыстықтар үшін көптен күткен сәт. Жуырда елімізде сайлау болып, халық өз Президентін сайлады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан облысына жасаған сапарында облысты әрі қарай дамытуды тапсырды. Осы бағытта жұмыс жүреді, — деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Тұрғындар тарапынан жылуды газ жүйесіне ауыстыру, жолдарды жөндеу, кәсіпкерлікке қолдау және өзге де мәселелерді көтерді. Өңір басшысы сұрақтарға жауап беріп, әрбір өтініш назарға алынатынын жеткізді. Осы сапарында облыс әкімі қаладағы әскери бөлімге барды. Стратегиялық нысанда еңбек ететін әскерилердің тұрмыс-тіршілігімен танысты. Оқ-дәрілерді залалсыздандыруға қатысты қоғам тарапынан туындайтын өзекті мәселелерді оңтайлы шешудің жолдарын қарастырды. Әскери бөлім аумағында орналасқан 13 500 шаршы метрді құрайтын ғимараттың жағдайын көрді. Жуырда ғана қала әкімдігінің меншігіне қабылданған бұл ғимаратта 250 оқушының білім алуына арналған 12 оқу кабинеті мен арнайы кітапханасы және 500 орындық акт залы бар. Нысан күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген жағдайда Арыс қаласы тұрғындары үшін тиімділігі зор мәдениет сарайына айналады. Арысқа газ келді. Бүгінгі таңда Арыс қаласын табиғи газға қосу үшін Ордабасы ауданындағы №19 «Темірлан» АГТС-нан Арыс қаласына дейін 41,2 шақырым газ құбыры тартылған. Сондай-ақ қаланы табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 15,6 шақырым жеткізгіш газ құбыры жүргізіліп, 6 дана газды реттеу пункті (ГРП) орнатылды және қысымдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде тоғыз шағынаудан табиғи газға қосылды. Облыс әкімі Орта Азияда баламасы жоқ поливинилхлорид түйіршіктері мен арнайы қоспасын шығаратын зауыт жобасымен танысты. 7,5 гектар аумаққа орналасқан кәсіпорын айына 600 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Қажетті шикізат қазіргі кезде Қытай мен Түркия және Ресейден тасымалданады. Жобаның жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайды. Зауыт іске қосылғанда кемінде 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Кәсіпорын толық қуатына енгенде өз өнімдерін республика аумағынан бөлек, Түркия, Болгария, Тәжікстан, Өзбекстан елдеріне экспорттауды көздеп отыр. Айта кетейік, поливинилхлорид жоғары экономикалық тиімділігі мен өндірістің түрлі салаларында қолданылуы арқасында әлемдік сұранысқа ие бірден-бір материал саналады. Сондай-ақ серіктестік аумағында орналасқан құрылысқа қажетті төбе жабыны мен қабырға панельдерін, резеңкелі жол кедергілері мен кәріз құбырларын шығаратын өндірістік цех жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда аталған цехта 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған бұл жобаға инвестор 600 млн. теңгесін жұмсаған. Серіктестік өз өнімдерін республика аумағынан бөлек, алыс-жақын шетелге экспорттауды қолға алған. Теміржолдың кіреберіс жолымен жабдықталған орталықта жүк көліктерінің тасымалдау қызметі мен кедендік қызмет түрлері де өзара үйлестірілген. Оған қоса, кәсіпорынның көлік-логистикалық орталығы бір мезетте 1000—1200 тонна жүк сақтауға қауқарлы. Жалпы құны 80 млн. теңгені құрайтын орталық 15 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтиды. Арыста тағы бір жаңа білім ордасы ашылды Арыста 70 балаға арналған жекеменшік мектеп ашылды. Қала орталығында орналасқан жаңа оқу ордасында 1-4 сынып оқушыларына ағылшын тілі мен орыс тілі және информатика пәндері тереңдетіліп оқытылады. Бастауыш сынып оқушыларына арналған «Болашақ» мектебінің салтанатты ашылуына қала басшысы Гүлжан Құрманбекова мен қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің жауапты мамандары, ата-аналар мен ұстаздар қатысты. – Қаламызда ашылып отырған жаңа мектебіміз – баланың жан-жақты дамып, ой-өрісінің кеңеюіне жол ашады. Ұл-қыздарымыз сапалы білім алуы үшін оларға мейлінше қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстарымыз әлі де жалғасын табатын болады. Білім беру ісіне белсенді атсалысып жатқан кәсіпкерлеріміз бен саланың жауапты мамандарына алғысымды білдіремін, – деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген мектепте бастауыш сынып оқушыларына арналған 5 кабинет пен акт залы және асхана бар. Жаңа оқу ордасының ерекшелігі сол – мұнда балалар бір ғана ауысыммен оқиды, ал бір сыныпта білім алушылар саны 15-тен аспайды. Шара аясында білім ордасының негізін қалаған Дариға Қажымұқанқызы көпшілікке және ата-аналарға білікті де білімді мамандардан құралған ұжымды таныстырып, мұнда балалардың жан-жақт білім алуына барлық жағдайдың жасалғанын айтты. 4230

Үздік жаңалықтар

Grid List

Португалияның Мадейра аралында туристер отырған автобус апатқа ұшырап, 29 адам қаза тапты деп хабарлайды РИА Новости

Оқиға 17 сәуір кұні кешкі сағат 18:30 шамасында болған. Автобус жүргізушісі бақылаудан айырылды деп болжануда. Көлік жолдан шығып кетіп, үйдің төбесіне құлаған.

 

Жергілікті БАҚ автобуста 55-ке жуық адам болған деп хабарлауда.

Қаза тапқандар германиялық туристер. Автобус жүргізушісі мен гид Португалия азаматтары екен. Олар жарақаттанған, алайда жағдайларына қатысты нақты ақпарат жоқ.

Португалия премьері Антониу Кошта Twitter арқылы қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтқан. Ол Германия канцлері Ангела Меркельге де көңіл айтқан.

Германияның СІМ де марқұмдардың жақындарына көңіл айтты.

Прокуратура тергеуді бастап кетті. Мадейра үкіметі үш күндік аза тұту жариялады.