Кентауда мүмкіндік те көп, әлеует те жоғары

ШЫМКЕНТ: МҰРАТ ӘЙТЕНОВ ҚАЛАДА САЛЫНЫП ЖАТҚАН КӨПІРЛЕРДІҢ САПАСЫН ТЕКСЕРДІ
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Жұмыс сапарымен Кентау қаласына барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды ондағы индустриалды аймақта болып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Кәсіпкерлермен кездесіп, жаңа жобаларды пысықтады. Отандық өнім көлемін арттыруға басымдық беріледі Өңір басшысына бірнеше инновациялық жобалар таныстырылды. Олардың қатарында ғимарат сыртын қаптайтын құрылыс материалын шығару, металл қалдықтарын қайта өңдеу, керамзит жасау, резеңке бұйымдарын өндіру, қоқысты қайта өңдеу сынды жобалар бар. Дархан Амангелдіұлы осы бағыттағы өндіріс орындарын көбейтудің маңыздылығына, отандық өнім көлемін арттырудың қажеттігіне тоқталды. Жаңа жобаларды жан-жақты зерделеп, әрі қарай дамыту үшін қолдау көрсету жолдарын қарастыруды тапсырды. Қала әкімі мен жауапты басқарма басшыларына инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді. Кентау индустриалды аймағының жалпы ауданы – 43 гектар. Онда құрылыс материалдарын шығаратын 8 зауыт орналасқан. Құрылысқа қажетті материалдар өндіретін тағы 2 зауыт биыл іске қосылмақ. Дархан Амангелдіұлы іссапар барысында полиэтиленді құбыр шығару цехының жұмысымен танысты. 2019 жылы іске қосылған «АБН Альянс» ЖШС жылына 4000 тонна өнім шығарады. Өнімдері Қазақстанның барлық аймақтарына тасымалданатын цехта 80 адам жұмыс істейді. Қаланың әлеуеті бұдан да жоғары Бұдан кейін Кентау тұрғындарымен кездескен өңір басшысы қалада өндіріс орындарын көптеп ашып, инвестициялық әлеуеті көтеру керектігіне тоқталды. Атқарылған жұмыстарды баяндап, кемшіліктерді де айтты. – «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы Кентау қаласында 2 елді мекенде 7 жобаны іске асыруға облыстық бюджеттен 242 млн. теңге бөлінді. Атап айтқанда, Хантағы және Ащысай елді мекендеріндегі 18 көшеге 242 млн. теңге бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 3 елді мекенде 6 жобаны іске асыру үшін 477 млн. теңге қаралды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 492 млн. теңгеге 92 жоба қаржыландырылды. АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктің «Starlink» спутниктік интернет құрылғысы Кентау қаласында 2 мектепте іске қосылды. Кентаудың жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 26 пайызға өсіп, өткен жылы 76 млрд. теңгеге жетті. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 23 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға өскен. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 46,7 млрд. теңгені құрап, жоспар 784 млн. теңгеге артығымен орындалды. Дегенмен, Кентаудың әлеуеті бұдан да жоғары. Біз елдің табысын көтеру үшін жұмыс орындарын көптеп ашу, инвестиция тарту мәселесін күн тәртібінен түсірмейміз. Басым бағытымыз – зауыттар мен кәсіпорындар ашу. Инвестор тарту, жобаларды жүзеге асыру өте қиын. Бірақ, жұмыс жүріп жатыр. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Амангелдіұлы. Кездесуде Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың есебі тыңдалды. Сұрақ-жауап кезінде тұрғындар жер дауы, баспанамен қамту, Мәдениет үйін салу, жұмыссыздық мәселесі жайлы сөз етті. Кентаудағы жылу орталығын жөндеу барысы да айтылды. Одан кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдады. Түрлі өтініштер мен ұсыныстар айтылып, мәселелер бақылауға алынды.