Қылмыс санының азаюына септігін тигізеді
5 айдың қорытынды есебін берген Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов мәлімдеді. Қаланың бас полицейі карантин режимі кезінде шаһардағы қылмыстың 51 пайызға азайғанын айтады. Департаменттің жыл басынан бергі атқарған жұмысын саралаған басшының сөзіне сүйенсек, қаңтардан бері шымкенттік тәртіп сақшылары 112 алғыс хат алған. Ал, «тұрғындардың айтқан рақметі одан да көп» дейді Ералы Жұмаханбетов. Қызметкерлер жұмысынан мін таппаған Жұмаханбетов ашылмаған қылмыстың да қалмағанын айтады. 8 жыл бұрын жасалған заңсыз әрекетті де әшкереледік деген ол қалада бұзақылық кемігенін айтады. Мәселен, көшедегі қылмыс 12 пайызға, қоғамдық қылмыс 11 пайызға, жол апаты 8 пайызға азайыпты. Бірақ, мас күйінде рөлге отыратындар және жол апатынан көз жұматындар көрсеткіші сол күйінде қалған. Бас полицей шенділердің карантин режиміндегі атқарған жұмысын да ұмытқан жоқ. Төтенше жағдай кезінде 1800 қызметкер кезекшілікте тұрып, 350 індет ошағын күзеткен. Осы уақытта қаладағы қылмыс 51 пайызға азайыпты. Жылдың жартысын жоғары сапада аяқтадық деген Е. Жұмаханбетов енді Шымкенттегі бейнекамераларды 2500-ге жеткізуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта қалада 479 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Жуық арада олардың қатарына тағы 200 қосылмақ. Бұл өз кезегінде өзге қылмыстардан да бөлек, жастар арасындағы қылмыстың алдын алуға септігін тигізеді дейді бас полицей.
Қылмыс санының азаюына септігін тигізеді
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode