Ұлтты ұлттан ерекшелейтін оның тілі, діні және ғасырлардан жеткен салт дәстүрі. Қазақ халқы ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде сан түрлі әдет-ғұрыпты ұстанған. Бүгінде ұлттық құндылыққа бай кейбір дəстүріміз ұмыт қалып барады. Солардың бірі – ұл баланы ашамайға мінгізу. Осы тарапта Шымкент қаласында Әдет ғұрып және салт дәстүр орталығы ұлттық құндылытарымызды дәріптеп келеді. Ұлттық дәстүр яғни, отбасы құндылығының бастауы.
⠀
«Ашамайға мінгізу» – баланың сана-сезімін жетілдіру үшін жасалатын тəрбиелік мәні зор салт. Ата-бабамыз 6-7 жастағы балақайды бәсіреге берілген тайға мінгізген екен. Егер де арнайы аталған тайы болмаса, оны атасы немесе әкесі сатып алып беруі керек. Осылайша балаға «сен азамат болдың» деген сенім ұялатады, үйретілген жуас тайға ашамай ерттеп мінгізіп, жүргізеді.
⠀
Ашамайға мінгізу құрметі кез-келген жанға жүктелмейді. Бұған аттың құлағында ойнайтын, көкпар алған, есімі елге таныс шабандоз жігіттер таңдалады.
Тайға салынатын тоқым көз тартатындай əсемделіп, жиектері шашақтала өрнектеледі. Алайла баланың аяғы қысқа болғандықтан, үзеңгі тағылмайды. Ашамайдың үстіндегі аткөрпе де лайықтап тігіледі. Ашамайға мінген баланың құрметіне үйде ақ дастарқан жайылып, ас беріледі. Салтанатты бұл дәстүрге ауыл-аймақ, туған-туыс, ағайын түгел жиналып, балаға, мінген атына көрімдік береді. Оған әжелер ырымдап үкі мен тұмар тағады. Содан кейін міндетті түрде ерге қажет ат əбзелдері тарту етіліп, қамшы сыйланады.
⠀
«Ашамайға мінгізу» – баланы еңбекке баулудың алғашқы баспалдағы. Өйткені бəсіре тайын ендігі жерде өзі бағып-қағады. Ол жануардың алдында жауапты және соның иесі өзі екенін жастайынан сезініп өседі.
Отбасы құндылығының бастауы
Typography
- Smaller Small Medium Big Bigger
- Default Helvetica Segoe Georgia Times
- Reading Mode