Жылыжай кешендерінің көлемі Түркістан облысында жылдан-жылға артып келеді. Бір артықшылығы, халықты жыл он екі ай балғын көкөніспен қамтудың қамымен жүрген шаруалардың сәйкесінше кәсібі де жыл бойына тоқтаусыз жүреді. Өңірде ірілі-ұсақты жылыжайлар баршылық. Соның арқасында жергілікті тұрғындар көкөніс, бау-бақша өнімдерімен толық қамтылып келеді. Мақтарал ауданында жылыжай салып, кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі - Еркінжан Жаппаров.
Топырағы сортаң, ылғалы аз шөлейтті өңір үшін көкөніс өсірудің ең тиімді жолы – жылыжай шаруашылығын дамыту. Осыны байыптаған жергілікті тұрғын кәсіптің осы түріне ден қойды. Әуелде жылыжай шаруашылығымен айналысқан көрші-қолаңдарға жалданып жұмыс істеген ол қазір өзінің үй іргелік жерінен жылыжай тұрғызып, түрлі өнімдерді сауда шығар отыр. Жұмыссыздықты жою мақсатында қолға алынған «Бизнес бастау» жобасына қатысып, әуелі курстан өтіп, жылыжай шаруашылығына бағытталған бизнес жобасын қорғап шығыпты. Гранттың қаражатын тиынына дейін тиімді жұмсаған диқан жылыжай қондырғыларын орнатып, шаруаға қажетті он сайманын сайлап алған. Жылына үш қайтара өнім алады. 3 жарым гектар егістікке алдымен көшеттер отырғызылады. Көшеттің түр-түрін отырғызады. Болгар бұрышының, баклажаннығ, қызанақ пен қиырдың сұранысқа ие ұрықтары жергілікті диқандардан да артылмады екен. Орташа есеппен 600 мыңдай көшеттің әрбірін 15-20 теңгеге шаруаларға сатып, табысқа кенеледі. Кейін жылыжайға қызанақ, қияр егіледі. Биыл тонналап өнім жинап, өткізді. Диқан биыл өтімді саналатын корей қырықжапырағын егіпті. Қазірдің өзінде жайқалып өсіп тұр. Әу баста шаруашылығының қыр-сырын меңгере қоймаған шаруа қиналғанын жасырмайды. Қазіргі уақытта еңбегі жанып, жұмыс біртіндеп табыс әкелуде. Себебі, табиғи, сапалы көкөніс өнімдеріне сұраныс қашанда жоғары.
Жылыжай шаруашылығы оңай кәсіп емес. Әр өнім мұқият күтімді талап етеді. Кәсіпкердің басты мақсаты тамшылатып суару құрылғысын пайдалану арқылы жылыжайда көкөністер өсіру, баламалы энергия көздерін қолдану арқылы табиғи және технологиялық ресурстарды тиімді пайдалану болып отыр.
«Жылыжайдың іші жыл он екі ай жылы болуы тиіс. Қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмын. Өйткені, әр көкөністің күйі бөлек. Мәселен, қияр ылғалды сүйеді. Оның қасына құрғақ ауада өсетін көкөністі отырғыза алмайсың. Қиярдың бірнеше түрін өсіріп көрдім. Барлығының шығымы жақсы. Қызанақты да өсіремін. Алда жоспарым көп. Жылыжайды кеңейту ойда бар. Жүйесін тапсаң, жұмыс көп қой», – дейді еңбекқор жан.
Қазір шаруашылықты жүргізуге әйелі көмек қолын созуда. Маусым қызған шақта оншақты жергілікті тұрғынды жұмысқа шақырып, күніне 5-6 ың теңге оларға төлейді.
Жылыжай иесінің айтуынша, қазір ауданда жалға берілетін жерлердің ақысы қымбаттаған. Алдағы уақытта кәсібін кеңейткісі келетін ол жалға берілетін бос жартқан жерлерді қарастырып жүр. Қауын, қарбыз өзге де бақша өнімдерін еккісі келеді. Нәпақасын жерден іздеген кейіпкеріміз осылайша мемлекет қолдауының арқасында кәсіпкерлікті бастап жіберген. Айтуынша, биыл грантқа үміткерлер ауданда көп болған. Комиссияға түрлі жобалар келіп түсіпті. Алайда, мемлекет қаражатын үлестіруде ауданың ерекшелігі ескерілген. Ауданда игерілмей бос жатқан жерлер баршылық. Бір жағынан осы проблеманы оңтайлы шешіліп, екінші жағынан жұмыссыз тұрғындарды бизнеске баулу мақсатын көздеген жергілікті билік өкілдері жылыжай өндірісіне қатысты жобаларға қолдау көрсетіпті. Кейіпкеріміздің жобасы көп өтінімдердің ішінен мақұлданып, грант қаражаты кәсіп бастауға демеу болған. Ауылдың қарапайым ғана тұрғыны қазір жергілікті халықты арзан ауылшаруашылық өнімдерімен қамтып қоймай, шаруаларға көшеттерді қолжетімді бағада өткізіп отыр. Осылайша, жаңа агрожоба ауылдың әлеуетін көтеруге де үлесін қосуда.
Грант қаражатының арқасында жылыжай шаруашылығын дөңгелетіп отырған кәсіпкер бүгінде қолынан іс келетін азаматқа қолдау зор дейді. Сондықтан да Үкіметке қол жайып отыратын уақыт өтті. Нарықтың бүгінгі сұранысын дөп тауып, әр азамат қолынан келетін істі кәсіпке айналдырса, бұл шешім тек бір ғана отбасының мұқтаждығын өтемейді. Елдің дамуына, ауыл-аймақтың тұрмысын түзеуге сеп болмақ.