Жұмыссыз жүрген ауыл тұрғыны өз кәсібін ашты

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
Қазір көлікке қатысты кәсіп түрлері сұраныста. Сан түрлі көліктің модельдерін жөндейтін шеберлер де қолдан-қолға тимейді. Себебі, елімізде көлік тізгіндейтіндер күннен-күнге артып келеді. Осыны ескерген түркістандық тұрғындар бизнеске бет бұруда осы бағытты таңдап отыр. Бірі көліктің жабындыларын тігіп, замана талабына сай етіп әспеттесе, енді бірі түрлі техникалық қызметтер ұсынады. Қайсысын болса да тұтынушылар көп. Темір тұлпар иелеріне қызмет көрсетіп, шаруасын дөңгелетіп отырғандардың бірі қала тұрғыны Әбдусамат Қалжанов. Жасынан техникаға, темір-терсекке жақын өскен ол өсе келе ақыры көлік жөндеп, нәпақасын тауып жүрді. Ал қазір мемлекет бағдарламасы аясында грант қаражатына ие болып, өз ісін ашқан. Көлік дөңгелектерін жөндеу, теңестіру сияқты бірқатар қызметтерді көрсетіп, көпбалалы отбасын асырап жүр. Грант қаражатының бір тиынына дейін тиімді жұмсаған кейіпкеріміз шаруашылығын жүргізуге арналған түрлі құрылғы, саймандарын сатып алған. Пайдасы орасан болса да бұл құралдарға қолы жетпей жүрген шеберге қазір тапсырыстар да көбейген. Себебі, ауылда мұндай көліктерге қызмет көрсететін арнайы техникалық орталықтар тым аз. Сондықтан да көп клиент күні бұрын хабарласып, жазылып келеді. Осылайша мемлекет қолдауының арқасында қолынан келетін ісін кәсіпке айналдырып отырған Әбдусаматтың еңбекқорлығына, ізденісіне ауыл-аймақ тұрғындары сүйсініп отырады. Ауылдардағы әсіресе, шалғай елдімекендердегі жұмыссыздық проблемасын шешуде шағын кәсіпкерлікке бағытталып отырған 1 миллион 200 мың теңгенің қаражаты көп септігін тигізуде. Грантты естіген ауыл тұрғындары дереу үш айлық курстарға қатысып, түрлі мамандықтарға машықтанды. Жұмыссыз үй шаруасында отырған әйелдер тігіншілікке, кондитерлікке оқыса, ерлер тарапы жылыжай өндірісін, шаштараз, техникалық орталықтардың қызметтеріне машықтанды. Нәтижесінде әрқайсысы өз бағытында түрлі кәсіптерін ашып, ауылдың тұрмысын түзеуге атсалысып отырған жайы бар. Барлық түйткілді тарқататын еңбек деп білетін біздің кейіпкердің арманы асқақ, мақсаты айқын. Ол бизнес түрлерін көбейтіп, ауылға ең қажетті деген кәсіптерді түлетіп, жұмыссыздық мәселесін шешуге атсалысқысы келеді. Себебі, ауылдың тұрмысын түзейтін – отбасылық шағын кәсіпкерлік деп біледі. Бұл бағдарламаны әсіресе ауыл жастарын, екі қолға бір күрек таппай қиналып жүрген тұрғындарды, кәсіпке бет бұрғысы келетіндерді қолдауда шарапаты мол. Ауыл тұрғыны алдағы уақытта өз меншігіндегі жер телімін пайдаға асырып, егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысқысы келеді. Түрлі көкөніс, жеміс-жидектермен, етпен, сүт өнімдерімен ауыл тұрғындарын қамтамасыз етуді жоспарлайды. Айтуынша, жылдан-жылға халық саны артып отырған ауылда сұраныс зор. Бұл бастамаға да мемлекеттен түрлі қолдаулар жеткілікті. Осыны ескерген ауыл тұрғыны техникалық орталықтағы шаруаларын бір ізге түсіріп болған соң мемлекеттік бағдарламамен берілетін жеңілдетілген несие алып, ойында жүрген кәсіптерін де қолға алмақ ниетте. Осылайша сан түрлі кәсіпті түлетіп, ауыл-аймақтың өркендеуіне, болашағының жарқын болуына атсалысуды жоспарлайды.