Нағыз әйел бесікті де, әлемді де тербетеді

Қазақстанда
Typography
  • Smaller Small Medium Big Bigger
  • Default Helvetica Segoe Georgia Times
«Әйел – қырық шырақты» дейді дана халқымыз. Отбасының берекесін ұйытып, бала өсіріп, жар күтетін әйел – ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда да өте белсенді. Бір қолымен бесікті, ал екінші қолымен әлемді тербетіп жүрген нәзік жандылар жеке кәсібін дөңгелетіп, іскерлігін шыңдап жүр. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, бүгінде Қазақстанда 9,84 млн әйел бар. Олардың 40%-ы кәсіпкерлік жолды таңдаған. Солардың бірі-Қазақстан ауыл әйелдерінің бірінші форумының делегаты, Отырар ауданы, Талапты ауылдық округінің әкімі - Жіпсібаева Динара. Киелі оңтүстіктің тумасы жас күнінен алғырлық танытып, талай белесті бағындырғанын айтады. -Түркістан облысы, Талапты ауылдық округінің әкімі болып қызмет етіп келе жатқаныма бес жылға жуықтады. Кентау қаласында дүние есігін ашып, осында білім алдым. Еңбек жолын Шымкент қаласындағы Халықаралық Қазақ-Араб университетінің «Құқықтану» кафедрасында оқытушы болып бастадым. Келіндік қызметім мен күнделікті тіршіліктің түтінін түзу түзетіп, ауылдық өмірге үйренісіп кеттім. Бағыма орай атам мен енем өте керемет жандар, білмегенімді үйретті, үлгі-өнеге көрсетті. Атам – Отан соғысының ардагері, елге сыйлы адам. Қызметтік жолыма ойыссам, 2005 жылы Отырар аудандық әділет басқармасында тіркеуші маман, 2013 жылы Отырар ауданы әкімі аппаратында бас маман, бас инспектор болып, мемлекеттік қызмет саласына келдім. 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап Отырар ауданы Талапты ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келемін. Осыдан бірнеше жыл бұрын тағдырдың жазуымен өмірлік жарым Мұхтар қызмет бабымен жүріп дүниеден өтті. Мен тіршілік сонымен аяқталғандай, өмір тоқтағандай күй кештім. Осынау қиын кезде маған демеу болған атама, әке-шешеме, бауырларыма шынайы ризашылығымды білдіремін. «Тірі адам тіршілігін жасайды» демекші, қазір ауылдық округтің қат-қабат жұмысымен қатар, балаларыма тәлім- тәрбие беріп отырмын. Солардың қуанышынан, мектептегі жетістіктерінен күш-қуат аламын. «Отырар – қазақ өркениетінің алтын діңгегі», – деп Елбасымыз атап өткендей, бұл – тарихымен, даңқты тұлғаларымен баршаңызға әйгілі өңір. Ұлт ұстазы атанған, қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібеков, мемлекеттік Гимн авторларының бірі, күллі қазақ даласына ән салдырған, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқов, ұлтымыздың асыл перзенті, ақиық ақын Мұхтар Шаханов, тіл жанашыры, академик Өмірзақ Айтбаев, айтыс ақтаңгерлері Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова, Қаныбек Сарыбаев, Бекарыс Шойбековтер – тек отырарлықтардың ғана емес, барша қазақтың мақтанышы. Осындай ұлы тұлғалар дүниеге келген киелі өлкенің перзенті болу да – бір бақыт. Ауылдық округ 4 елді мекеннен тұрады, халықтың саны – 5456 адам. Елдің ынтымағы мен бірлігінің арқасында тіршілігіміз берекелі. Ауданымыз – ауыл шаруашылығына бейімделген аграрлық аудан. Біз де, негізінен, егін және мал шаруашылығымен айналысамыз, ал халқымыз өте еңбекқор. 2017-2018 жылдары, екі жыл қатарынан ауыл шаруашылығы саласындағы табыстарымыз бойынша ауданда бірінші орынға шықтық. 2018 жылы кәсіпкер Айтқұлбек Сұлтанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау мақсатында, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Ынталы ауылында өз қаражатына 75 миллион теңгеге Ардагерлер саябағын салып, ел игілігіне тарту етті. Ауылдағы мерекелік іс-шаралар қазір осы саябақта ұйымдастырылады. Көкмардан ауылындағы «Отырар ЕтСүт» АӨК-нің шұбаты республикалық нарықта үлкен сұранысқа ие. Бұл – Отырар ауданының брендіне айналған өнім. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын ауыл халқы ықыласпен қабылдады. «Бізге кішігірім елді мекендерді қаржыландыру мәселесін шешу керек. Өңірлік стандарттар жасалды, енді оларды үш мың ауылдық елді мекенге енгізу қажет. Биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл қаражат көлік, ауыз су және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады», –деді Мемлекет басшысы. Ауыл – қазақтың алтын бесігі, салт-дәстүр, өлең-жыр, өнер, мәдениет пен адамгершілік әлемі. Әр саналы азаматқа туған ауылдың ұлтарақтай жерінің өзі – қымбат қазына. Бүгінгі таңда Отырар ауданының халқы табиғи газдың келуін тағатсыздана күтіп отыр. Табиғи газдың келуімен біздің қыз-келіншектердің жұмысы жеңілдеп, тұрмыс жағдайы қалалықтармен теңеседі. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп, бабаларымыз да бірлікте болуды өсиет етіп қалдырған. Бабалар өсиетіне адал болу – парыз,-дейді Динара Жіпсібаева. Иә, қазіргі қоғамда «Ер – түздікі, әйел – үйдікі» деп бір жақты пікір айтып отыра алмаймыз. Себебі, бүгінгі әйел бейнесі – іскер, басшы, қызметкер сынды лауазыммен толыққан. Әйел адамдар бала тәрбиесімен айналысып қана қоймай, жеке кәсібін ашып, оны қарыштатып, дамытуға қауқарлы. Бүгінде ақ жаулықты аналардың да жетістікке жетіп, табысқа кенелуіне, сондай-ақ талай-талай асу алып, биік белесті бағындыруға білімі мен білігі жеткілікті. «ӘРЕКЕТ БІЗДЕН, БЕРЕКЕТ БІР АЛЛАДАН» Осындай жан-жақты болуды қалайтын нәзік жандының бірі - Мақтарал ауданының тұрғыны Жақыпова Ақбаян. Еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастаған кейіпкеріміз шет мемлекеттерді аралап, біліктілігі мен білімділігін жетілдіріпті. Бірнеше жыл бойы мол тәжірибе қорын жинап, жеке қоғамдық бірлестігін құрған. “Мақсатым-еліме пайдамды тигізіп, халықтың ақ алғысын алу”- дейді кейіпкеріміз. -Мансаптық қызметімді оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруден бастадым. Алайда, әрқашан кәсібімді ашу туралы ойлайтынмын. Ойлана келе, тұңғыш рет қазақ тілді тренингтерді жоба ретінде жазып, іске асырдым. Әр түрлі акцияларды, іс-шараларды ескі форматтағы жиналыстар, отырыстар түрінде емес, аудиторияның ерекшелігіне қарай, қызықты мотивациялық мәліметпен ұйымдастыру ісін ауылдық жерде қолға ала бастадым. Өйткені, ескі сарынмен жүру, жаңаға талпынбау бізді, ұлтымызды алға сүйремейтін стереотиптер екенін ұғындым. Ойлап көріңіз, негізсіз, қызыл сөзге құрылған ұзынсонар жиналыстар, уақытты бос өткізудің салдары қандай нәтижеге жетелейді?! Біздің ескірген форматтан құтылуға асыққанымызды билік те былайғы жұрт та жақсы түсінді. Бұған қолдау көрсеткендерді де, өзгерісті қажет етпей, қарсы шыққан жандарды да көрдім. Алғашқы үш жылда әлеуметтік жобаларды тек өз қаржымызға, кәсіпкер достарымның демеушілігіне сүйеніп іске асырдым. Ауылдардағы мектептердің, аудандағы колледж, лицей, басқа да оқу орындарының жастар кеңесімен бірігіп, жаңа форматтағы сайыстар, дебаттар, тренингтер өткіздік. Қазір сол жылдарды ерекше ризашылықпен, сағынышпен еске аламын. Кейде шаршайсың, қолдаушылар аз, шүпірлеген балапандардай кішкентай бес балам бар. Сондай сәттерде өзімді бір ғана оймен жігерлендіретінмін: мұның бәрі қоғам үшін, қазақ үшін, оның сәл де болса алға басуы, жақсара түсуі үшін қажет, ендеше, мен неге бұл істен бас тартамын? Мен істемесем, кім істейді? Біз жанбасақ, кім?- деген сансыз сұрақ санамды сансыратты. Мехнатты істе бір кісідей қолдау білдіріп, демеген, ерекше айтуға тиісті адам жан жарымды, өмірлік серігімді айта кеткім келеді. Сол кездері қолға алған ісімді аяқсыз қалдырмай, ертеңгі күнге үмітпен қарауыма жолдасымның қолдауы көп септігі тиді, сол үшін де оған алғысым шексіз. Ол мені үнемі: «Осы ізденістерің текке кетпейді, бір күні еңбегің жанады, сен – істің, жақсы бастамалардың адамысың, тек халықтың арасында жүрсең ғана, дамисың», – деп жігерлендіретін. Сонымен қатар, ауыл мен жергілікті жерлердегі оқу орындарын аралап, 14- 29 жас аралығындағы жастар арасында «Сана» жастар интеллектуалдық клубы жұмысын жүргіздік, «Көшбасшы» дебат алаңын, «Саналы ұрпақ – сапалы болашақ» тренинг-семинарларын, «Қаржылық ликбез», «Өркениет басы – білім», «Тәртіпті ер құл болмас» атты тренингтерді өткіздік. Әрине, тренердің өзі де бір деңгейде тоқтап қалмай, әрдайым ізденіп, өсіп-жетіле түсуі керек. Мен үшін бұл қашан да – маңызды іс. Бүгінгі таңда мен – жеке кәсіпкермін, бес баланың анасымын, қоғамның белсенді мүшесімін, заманауи, өркениетті елімнің өз позициясы, көзқарасы бар азаматшасымын. Балаларым өсіп, жаңа армандарға қол созған сайын, менің қоғамның дамуына, алға басуына өз үлесімді қоссам деген мақсатым да биіктеп бара жатқандай көрінеді. Алға қойған мақсаттарым, жоспарларым өте көп. Мықты идеологиясы жоқ елдің ертеңі бұлыңғыр, сондықтан үкіметтік емес ұйымдардың дамуы – қоғамның дамуы деп білемін,-деп ағынан жарылды Ақбаян Жақыпова. Кейіпкеріміз өз кәсібін ашуға жасқанып жүрген жандарды батылдыққа шақырады. -Қазіргі таңда ел тұрғындары несие алып, қарызға батпай-ақ, өз кәсіптерін бастауға қауқарлы. «Еңбек» бағдарламасы шеңберіндегі «Бизнес бастау» жобасы талай жанның шырағын жағып, біршама табысқа кенелтті. Мемлекет халық үшін мол мүмкіндікті қарастырып, шешімі бар мәселелерді бір жолға қойды.Тіпті, ауыл жастарына да қайтарымсыз қомақты қаражат ұсынып, еңбекқорлыққа жол ашты. Әрине, әрекеті бізден, берекеті Жаратушыдан екені белгілі. Әрекет етсе, адамның қолынан бәрі келеді ғой. Тек соны кейде пендешілікке салынып, естен шығарып жатамыз. Сол себепті, қателікке бой алдырмай, әрекет жасайық,-дейді кейіпкер. Иә, әйел - әлемді басқарады. Қай іске болмасын, нәзік жанды арулар араласса, гүлдің мұзды жарып шығары анық. Қырықжанды әйел - ошақтың берекесі мен шырақшысы. Ал кәсіп бастауға еш уақытта кеш емес. Еңбектің наны тәтті екенін естен шығармайық, қымбатты оқырман.