Тылсым табиғаттың тосын тартулары мен апаттар сырлары адамзат баласы үшін ежелден жұмбақ. Тіпті, түбегейлі ғылыми ізденістердің өзі түпкілікті нәтиже бере қойған жоқ. Бүгінде әлемнің әр түкпірінде болып жатқан табиғи апаттардың дәл шығынын әлі ешкім есептеп үлгермеген де шығар.
Биыл мұндай тосын апаттардан Қазақстан да тыс қалмады. Еліміздің бірнеше аймағы тасқын судың зардабын тартып отыр. Ресми ақпараттардан білгеніміздей, тасқынның негізгі бөлігін еріген қар суы ғана құрамайды. Ресейдегі су қоймаларынан босатылған артық су біздің бірқатар облыс аумағына өтіп кеткен. Бүгінде еліміз жұмылып, апат салдарын жою жұмыстарын жалғастыруда.
Расында, биыл жауын-шашын айрықша мол түсті. Мұның өзі облысымыздағы су қоймаларына да қауіп тудыруы мүмкін ғой. Солардың ішінде Шардара су қоймасының салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Осы су қоймасының жағдайы туралы кезінде халық қалаулыларының бастамасымен Мәжілісте де мәселе қаралды. Жаратқан бетін аулақ қылсын, егер қойма бөгеті сыр берсе Шардара ауданының барлық ауылдарымен қатар Арыс қаласы мен Отырар ауданының кейбір елді мекендері де тасқын су астында қалуы мүмкін. Ал, Шардара қаласының «Пикет» және «Төменгі тоғай» шағынауданының тұрғындары тосын жағдай орын алып қалар ма деп алаңдайтындарын жасырмайды.
Алайда, алаңдауға негіз жоқ. «Қазсушар» МКК Шардара өндірістік бөлімшесінің басшысы Абай Мүтәлиевтің мәліметінше, қойманың сыйымдылығы 5 миллиард 200 миллион текше метрді құрайды. Қазір қоймада 4 миллиард 720 миллион текше метр су бар. Өткен жылы қоймаға 5 миллиард текше метр су жиналған. Биыл қоймаға су былтырғыдан аз келіпті. Өндірістік бірлестік мамандары су деңгейін сағат сайын бақылап отырады. Диспетчерлік пунктте қырағылық күшейтілген.
Шардара қоймасына су Тәжік- стан, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінен келеді. Рас, бұл мемлекеттер де судың өздерінен артылғанын ғана босатады. Сондай-ақ, олар тиісінше су қоймаларын салып алған. Егер жомарттықтары ұстап немесе басқадай бір жағдайлармен шамадан тыс су келіп жатса, оларды Арнасай, Қызылқұм каналы мен Сырдария өзеніне бұрып жіберуге мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ, Шардара су қоймасынан 160 шақырым төменде орналасқан Көксарай су қоймасы да артық суды қабылдай алады.
Шардара су қоймасына 2019 жылы реконструкция жүргізілген. «Гидроқұрылыс» компаниясы дамбаны күрделі жөндеуден өткізіп, қойманың су қабылдау мүмкіндігін арттырған. Қосымша қашыртқылар салынған. Бұдан бөлек, дарияның Сүткент ауылы маңынан өтетін тұсындағы дамбаны да биіктетіпті. Дария суының шамадан тыс келіп жатқаны байқалса, оларды жинайтын бос орындар, яғни шағын көл орындары бар.
Ал, Бөген су қоймасы 1967 жылы салынған. Оның сыйымдылығы 370 миллион текше метр. Қоймаға Бөген және Арыс өзендерінен су жиналады. Су қоймасы 67 мың гектар жерді нәрлендіруге қауқарлы. Ерте көктемде қоймаға 349,1 миллион текше метр су жиналған. Бүгінде қоймаға 45,6 миллион текше метр су келіп, 15 миллион текше метр су босатылып жатыр. «Тұран Су» МКК-не қарасты Бөген су қоймасының инженер-гидротехнигі Ермекбай Сәтенов алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Оның айтуынша, қоймаға қосымша 17 миллион текше метр су сыйдыруға болады.
Бөген су қоймасы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарайды. 2022 жылы қоймаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Бөгетке 2000 текше метр қойтас төселген. Нысандағы апатты жағдайдың алдын алу үшін 700 текше метр қойтас, 50 текше метр құм, 100 текше метр қиыршық тас, 10 тонна цемент және 1000 қап резервте тұр. Қоймадағы жағдайды анықтау үшін «Арал–Сырдария» бассейндік инспекциясы, «Тұран Су» МКК және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары бірлесіп, зерделеу жұмыстарын жүргізген. Десек те, су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек деп санайды сарапшылар. Бұл бағытта жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленген. Осы жобаға мемлекеттік сараптама қорытындысы маусым айында беріледі деп күтілуде.
Облысымызда сонымен қатар, Қапшағай, Жамбыл, Қосқорған, Майдантал, Ырмақ, Арыстанды, Торлан, Кеңсай–Қосқорған-2 су қоймалары бар. Төлеби ауданындағы сыйымдылығы 1 миллион текше метр су қоймасының жұмысы қайта жанданды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қоймалардағы жағдай тұрақты деп хабарлады. Сондай- ақ, департамент өңірдегі 915 шақырымды құрайтын каналдар мен арықтар, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың астындағы көпірлер механикалық тазалау жұмыстарынан өткенін алға тартады. Бұларға қосымша 276 метр қорғаныс бекеттері салынып, қойма дамбаларының 509 метрі нығайтылған. Су тапшылығын жою, егістік көлемін арттыру және апаттардың алдын алу мақсатында Бәйдібек би және Боралдай су қоймалары салынбақ.
Ендеше, облысымыздағы су қоймаларынан келер қауіп жоқ. Есесіне егіншілер мен диқандар биыл судан тарықпайды деген сүйінші хабарымыз бар.